Жұт жұтатқан жұрт болдық...
Жұт жұтатқан жұрт болдық...
385
оқылды

«Малы қырылған Маңғыстау

Жалпы, соңғы жылдары Маңғыс­тау об­лысында құрғақшылық күшейіп, ол шаруа қожалықтарына қатты әсер етіп жатыр. Мысалы, былтыр өңірде 5 мың мал қырылса, осы жыл да ауыр тие бастады. Қардың аз, жаңбырдың жоқ болуы салдарынан көктемде төрт түлікке талғажау болар шөп шықпай қалды. Құдықтағы жерасты сулары да тартыла бастады. Соны пайдаланған алып­сатарлар өз жерлестеріне «жы­ғыл­ғанға жұдырық» болып, жемшөп бағасын шарықтатып жіберді. Статистика бойынша, қазір облыста орта есеппен 80 мыңнан астам түйе, 29 мың ірі қара, 123 мың жылқы, 600 мың қой-ешкі бар екен. Ал шаруалар алдағы уақытта оның өзіне күрт азайып кету қаупі төніп тұр деп дабыл қағып жатыр. Себебі соңғы 3-ақ айда қуаңшылықтан 1400 бас мал қырылып қалған еді. Тіпті, жаңа туған төлдің де көбі арам қатқан. Осылайша, жылқының 15, қойдың 14, ал түйенің 4 пайызы шығын болыпты. Оған тіркеуге алынбаған төрт түліктің өлім-жітімін қоссақ, көрсеткіш еселей түсуі мүмкін. Өйткені Қызылқұм мен Қарақұм қойнауындағы жайылымдық жерлердің суаттардан қашықтығы 20-25 шақырымға жуық. «Жағдай қиын. 2-3 жылда жауын-шашын болмағасын жердің малға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Үкіметтен де көмек шамалы. Шөптің 1 орамы 16 мың теңгеге дейін жетті. Кебектің 1 қабы 2 200-2 400 тұрады. Сатып алуға фермерлердің жағдайы келмейді. 3-4 жыл бұрын 700 теңге еді, қазір 2 есе қымбаттап отыр. Бүйте берсе, бағып отырған малдан айырылып қалатын түріміз бар», – дейді жергілікті шаруа қожалығының иесі Ырзабек Атшыбаев. Осы орайда өңірде жедел штаб құрылып, жемшөп дайындау мақсатында Ақтөбе облысының Алға, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Темір аудандары басшыларымен келісім жасасты. Олардан уақытша жер алып, 15 маусымнан бастап шөп таситын болды. Сондай-ақ өңір әкімдігі Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарымен де мал азығын жеткізу, жайылымдар мен шабындықтарды пайдалану жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Шілдеден бастап жыл соңына дейін өңірдегі 5 ауданға 2 200 тонна жемшөп сатып алмақ. Тағы бір ескерер жайт, биыл егін шаруашылығына бейімделген Маңғыстауда 900 гектар жер игеріліп жатыр. Бірақ жауын-шашыны жоқ, ауызсудың өзі тапшы жерде оның өнімділігі де күмәнді. Шаруалар қаладан тасып әкелетін тіршілік нәрінің бағасы қымбаттап кеткендіктен, күніне 12 текше метр суды ғана пайдалануға мәжбүр көрінеді. Ал ол дегеніңіз – малды уақытылы суаруға жетпейді. Жалпы, арқыраған өзен, мөлдіреген бұлағы жоқ маңғыстаулықтар бұрыннан тек құдық суымен күнелтеді. Ал малдары жауын суымен өсетін қара жусан, жыңғыл сияқты шөл даланың шөбін қорек етіп үйренген. Шаруалардың айтуынша, олар биыл құдық қазуға берілетін 50 пайыз субсидиядан да қағылған екен. Соны қайта қалпына келтірсе, жергілікті билік су тапшылығын шешу үшін құдық қазуға берілетін субсидияның тағы 30 пайызын мойнына алуға дайын. Дегенмен жер жағдайын жақсы білетін көнекөз қариялар «жерасты суларын дәл осылай пайдалана берсек, көп ұзамай оның да түбі көрінеді» деген уәжді алға тартып отыр. Одан бөлек, қолындағы азын-аулақ малы өлексеге айналған жұрт биліктен өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Ендігі кезекте осы түйткілдердің түйінін қалай шешу керегі Үкіметке сын. Өйткені қазақ билігі өткеннен сабақ алуды білсе, былтыр қуаңшылықтан осы Маңғыстау облысымен көршілес БҚО-да Қазталов, Ақжайық және Жаңақала аудандарының шаруалары да малға қысқы азық таппай тарыққан болатын. Жемшөпке жағдайы жетпегендері қамыс пен қоға шауып кеткен. Сонымен қатар 650 мыңдай қой-ешкі, 90 мыңға жуық жылқы, 170 мыңнан астам сиыр, 34 мыңдай түйесі бар Атырау облысы да қуаңшылық салдарынан малға жайылымдық жер таппай қалған-ды. Әсіресе, Жайық өзенін жайлаған Индер, Махамбет және Мақат аудандары қатты қиналды.

Сырдың суы «сирақтан» келмейді

Биыл Маңғыстаумен қатар қуаң­шылықтан қиналған аймақ Қызылорда облысының Арал ауданы болды. Қазір аудан бойынша 104 мыңнан астам уақ мал, 54,2 мың ірі қара, 43,5 мың жылқы және 32,4 мың бас түйе тіркелген. Олардың 175 мыңнан астамы жеке тұрғындардың, қалғаны шаруа қожалықтарының қолында. Соның 480-нен астамы жұтқа жұтылып кетті. Қыстан көтерем болып шыққан малдың көбі суаттар жанында өлген. Өйткені Сырдария өзеніндегі судың аз болуына байланысты Арал ауданындағы ірі су айдындары Лайкөл, Саркөл, Қамбаш көлдері тартылып, айналасы балшыққа айналған. Тіпті, Ақшатау мен Қамбаш көлдері жағалаудан 500-600 метр алшақтап кетіпті. Бұлттан тамшы тамбауы салдарынан қуарған қуаң далада қаталаған мал су ішемін деп келіп, сол ұйықтарға батып тынған. Жайылымдық жерлер де тұзданып, сорға айналып жатыр. «Бұл жерде халықтың да, малдың да жағдайы нашар. Су қайтып кетті, балықты да аулауға мүмкіншілік жоқ. Көлден иіс шығып кетті», – дейді Аманөткел ауылының тұрғыны Мақсұт Ералиев. жұт Амал жоқ, қуаңшылыққа ұрынған Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдары­ның шаруалары қолдағы малын түгел қырып алмау үшін сатып жіберуге кіріскен. Бағаларын қазіргі нарықтан төмен ұсынуға мәжбүр. «Аналығын сақтап қаламын деген мақсатта ерте туған құлынын 40-50 мың теңгеден сатып жатыр. Қайсыбір күні бір шаруа 20 бас жылқыны көлігіне тиеп шығады. Ол Аралдың төңірегіне келемін дегенше жалғыз айғырын жеткізіпті. Яғни, көтерем мал жолға да жарамай жатыр. Қазір халық құлынды байталын 200-250 мың теңгеден сатып жатыр. Оны сатып алатын адамдар 20-30 мың теңгенің жемшөбін апарып, үш-төрт күн ана жылқыны бағып, содан кейін жолға тиеп алып кетеді», – дейді облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп. Ал Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева: «2000 жылы шыққан «Сақтан­дыру қызметі туралы» заң бар. Аталған заңға сәйкес, барлық заңды және жеке тұл­ғалар өз меншігіндегі мүліктерді сақтан­дыруға құқылы. Арал ауданында малы шығын болған шаруалар осындай талап­тарға сай жұмыс істеген болса, олар сақ­тандыру компаниясынан өтемақы талап ете алады», – деп отыр. Тұрғындардың мал-мүлкі сақтан­дырылды ма, жоқ па, қайдам, әйтеуір қазір Арал ауданының әкімдігі тарапынан қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралып жатыр. «Аудандағы мал басына есептегенде 7 520 тонна шөп қажет етіп отырмыз. Ауданға шөп тасымалын ұйымдастыру үшін көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен және Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев. Осы орайда мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп сырттан көмек алуға қатысты да бір мәселені ескертті. «Өзге өңірлерден жем­шөп тасымалдау арқылы түйінді толық тарқата алмаймыз. Бұл бірсәттік мәселе емес. Оған жан-жақты қарауымыз қажет. Рас, облыстың көптеген ауданында малға қажетті жоңышқа өсіріледі. Дегенмен аталған шөппен өзімізді толық қамти аламыз ба? Облыста өндірілген жоңыш­қаның еліміздің өзге өңірлеріне қымбат бағаға сатылып жатқанын білеміз. Мы­салы, Жаңақорған, Шиелі аудандарының шаруалары шөпті көршілес Түркістан облысына сатып жатыр. Сырдария, Жала­ғаш, Қармақшы аудандарында өндірілген жоңышқаға еліміздің өзге аймақтарынан сұраныс зор. Десек те, олардан жеткізілген жоңышқа Арал және Қазалы аудан­дарын­дағы қаншама бас малды азықтандыруға жете ме? Бұл – үлкен мәселе», – деді ол. Енді Арал ауданындағы жайылымды суландыру жұмыстары басталғалы жатыр. «Болар іс болып, бояуы сіңгенін» күткен­дей, жергілікті билік ескі 49 су ұңғы­масының көзін ашпақ. Одан сарқылған Сырдария мен тартылған көл-сайлардың орны қайта тола қояр ма екен, ол жағы әзірге белгісіз.

Көршілерге кіріптармыз

Бір қызығы, елімізде қуаңшылық болу ықтималдығы ерте көктемде алдын ала болжанған екен. АШМ Өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, қауіптің алдын алу мақсатында биылғы ақпанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен оңтүстік өңірлерде бірнеше жиналыс өткен. Сол сәтте су шаруашылығы ұйымдарына биылғы суару кезеңіне дайындықты мамырға дейін аяқтау тапсырылыпты. Оған қоса, вегетация кезеңінде суару кестесін қатаң сақтау мен ауыл шаруа­шылығы өндірушілеріне суды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту бойынша тапсырма берілген. Су қоймаларына су жинау да, Президенттің суармалы жерлер көлемін 3 миллион текше метрге дейін ұлғайту туралы тапсырмаларын орындау да ескертілген. Бірақ соның бәрі сәтті жүзеге аспағанға ұқсайды. Тек биыл БҚО-дағы Жайық өзенінің суын қуаңшылық кезінде пайдалану үшін қуаты тәулігіне 1,2 миллион текше метр болатын су сору стансасының құрылысы басталмақ. Өңір әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Жайық өзенінің сол жағалауындағы аудандардың 350 мың гектарға дейінгі жайылым жерлерін суландыруға және Шалқар көлін қосымша сумен толтыруға мүмкіндік беретін 3 су каналын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі екен. Алайда онда да бір гәп бар. Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан–Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы бекітілгенмен, ол бір жыл ішінде шешілетін іс емес көрінеді. «Толық шешімін табу үшін екі елдің бірлескен іс-қимылы қажет», – дейді өңір басшысы. Сондай-ақ Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа тоқталған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те: «Негізі еліміздің су балансын қарасақ, 90-100 текше шақырым болады. Соның 50 пайыз­ға жуығы сырттан келеді. Орталық Азия, Ресей, Қытай бар. Сондықтан біз сырттағы көршілерімізге тәуелдіміз. Жалпы, Маң­ғыстау облысының су тапшылығы бұры­ннан жасырын емес, шөлейт дала», – деп көршілердің көңіліне қарап отыр. Бұл ретте министр Мырзағалиев Ду­шан­бе қаласында Тәжікстанның Энер­гетика және су ресурстары министрімен кездесіп, маусым-тамыз аралығында тәжіктің «Бахри Точик» су қоймасынан 315 миллион текше метр суды қосымша жіберу жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар оның орынбасары Серік Қожаниязов та қырғыз елінің бірнеше министрлік басшылығымен кездесіп, жыл сайын маусым-тамыз ай­лары аралығында «Тоқтағұл» су қой­масынан 330 миллион текше метрден қо­сымша су алып тұруға келісіп қайтты. «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» дегендей, осы келісімдерге сәйкес, Қазақстан биыл Қырғыз Республикасына 900 миллион кВт/сағ электр энергиясын жеткізуді міндетіне алды. Ал Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсететін болдық. Ол – бергі жағы, енді судың бізге толық жетуі үшін Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі өзбек тарапымен келіссөз жүргізе бастады. Мұрат Мөңкеұлының «Еділді тартып алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны – ойын­дағысы болғаны» деген жырына сүйенсек, қазір сол өз өзендерімізді игере алмай, осылайша көршілерге кіріптар болып отырмыз. «Судың да сұрауы бар» дегеніміз – осы!

Түйін:

Еске сала кетсек, 1995 жылдың 30 қаңтарында БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 маусымды «Дүниежүзілік қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні» ретінде атап өту туралы шешім шығарды. Себебі қуаңшылық пен шөлейттену әлемде жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерін 42 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшыратады екен. Дегенмен құм ортасындағы араб елдерінде шаруалар тұщы суда өсетін шөп тұқымдарын егіп, мал ұстайды. Еуропада жер аз, бірақ олар да мал өсірудің әртүрлі амалын ойластырған. Олардың қасында «мал баққан елміз» деп мақтанатын біз төрт түлікті қолдан қырып отырмыз. Әзірге мына Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында өлген малдардан ауру белгісі анықталмаған. Әйтсе де, кейін сол даладағы өлекселердің өзі түрлі дерттің ошағына айналуы мүмкін. Тірісінде ештеңе істей алмағанмен, өлген малды жою мәселесін қолға алу керек-ақ.

 

Еркеғали БЕЙСЕН