Қазір қазақ қоғамындағы Әртістерді әріптестері де айыптады
Бұл дау «Астарлы ақиқат» бағдарламасында жалғасып, оны көрген жұрт жалпы өнер адамдарының ондай жарнамаларға қатысуына заңмен тыйым салу керегін меңзеді. Олардың айтуынша, лотерея ойынын өткізгендердің ішінде Қайрат Нұртас, Бүркіт, Мәдина Сәдуақасова, Нұрлан Еспанов, Айгүл Иманбаева, Сиви Махмуди, Бағлан Әбдірайымов, Қарақат Әбілдиналар да болған. Бұл аталғандардан бұрын да әншілердің қанша көлік пен пәтер ойнатқанынан желідегі жұрт жаңылып қалғанға ұқсайды. Оған қоса, былтырғы карантин кезінде «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарының жұмысын жарнамалаған әнші, спортшы, блогер, вайнерлер де сондай шырғалаңға түсіп қалған болатын. Сол сәтте полиция «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-ның Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облыстарындағы директорларын екі-ақ тәулікте ұстаған-ды. Ал олардың жұмысын жарнамалаған бірнеше өнер иесі әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жасап, өздерінің де алданып қалғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, ағайынды Асылхан және Артур Төлеповтер, әнші Айқын Төлепберген және вайнер Мейіржан Төребаев халықтан кешірім сұрады. Ал олардың қатарындағы Қуат Хамитов ешқандай пікір білдірген жоқ. Одан бұрын әнші Ақбота Керімбекова да өзі өткізбек болған ұтыс ойынына қатысты даулы оқиғаға жауап бермеген болатын. «Нервымды да, басымды да ауыртқым келмейді. Түймедей нәрсені түйедей етесіңдер. Менің инвестицияға қатысым жоқ. Оны халыққа қайта-қайта айтып, қайта-қайта жексұрын болып біттім ғой. Болар іс болды» деп сөзін қысқа қайырды ол. Бұл ретте әнші Меруерт Түсіпбаева халықты жарнама арқылы қаржы жұмсауға үгіттеген әріптестерін «кешірім сұрап, жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек» деп есептейді. Заңның дұрыс жұмыс істемеуін алға тартқан ол, Мәдениет және спорт министрінің де лотерея туралы мінберден бірауыз сөз айтып қоя салғанына қапалы. Сондай-ақ «Жігіттер» квартетінің мүшесі Ердос Қанаев әріптестеріне лотерея, ұтыс ойнатудың исламда харам екенін айтып, одан алыстауға шақырды. «Құрметті әншілер, ақындар, вайнерлер, лотерея ойнатып келген, әлі күнге ойнатып жүрген, болашақта ойнатайын деп ниет етіп жүрген әпке-бауыр, әріптестер! Арам дүние деп айтылмас үшін ішіне «қайырымдылық» деп қосып қоясыздар. Ол қанша қайырымдылық болса да адал емес. Шариғатта «құмар ойын» деген бар. Бұл лотерея сол құмар ойындарға жатады. Ал оны Алла харамға шығарған. Айналайындар-ау, Алланың харам еткен дүниесін халалға шығарып, әуре болмай-ақ қойыңыздаршы!» деп жанашырлық танытты ол.Жарнаманың жазасын қатаңдатпақ
Тақырыпқа тұздық ретінде маман пікірін білмек болып біз белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанға хабарластық. «Бұл жерде жарнама жасаушы әнші ме, вайнер ме, желідегі жазылушысы аз ба, көп пе, оның барлығы ешқандай рөл ойнамайды. Бір-ақ категория бар: олар жарнамалаған жалған дүниені кім ұйымдастырса, сол ғана жауап беруі керек. Өнер адамдарының халықты алдауға тікелей қатысы жоқ болса, жауапкершіліктен босайды. Менің білуімше, ұйымдастырушылар танымал адамдармен ақшасына келісімшарт жасасып, «мынаны жарнамалап бер» дейді, бітті. Мысалы, сіз телеарнадан күнде түрлі сусындардың жарнамасын көресіз. Сонда «керемет пайдалы, осыны ішсең, бақытты болып кетесің» десе, «одан бақытты болып кете алмадым» деп кейін жарнамаға шыққан адамды сотқа бере алмайсыз ғой. Сондықтан жарнамаға алдануды қылмыстық іспен байланыстыру еш қисынға келмейді. Егер оны вайнер, әнші өзі ұйымдастырып, ақшасы тікелей өз қалтасына түссе, онда түсінікті. Оларды сотқа беруге болады», – дейді ол. Дегенмен таяуда ғана Мәжіліс депутаттары құқық қорғау органдарына қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Мәжілісмен Юрий Лидің айтуынша, 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында Қылмыстық кодекстің 217-бабы («Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару») бойынша 287 заңбұзушылық тіркелген. Шығын 8,3 миллиард теңгеге жуық болыпты. «Жақында ғана қоғамда резонанс тудырған «Мудараба Кэпитал» ЖШС, Astex.kz ЖШС, ACD technology ЖШС оқиғаларын еске алайық. Олар бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бәрінде де заңсыз бизнесті жарнамалауға вайнерлер, блогерлер, басқа да танымал адамдар тартылған. Ал қазір әртістердің өздері де қаржы пирамидаларының құрбаны болғанын айтып ақталуда», – деді ол Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында. Оның пікірінше, қарапайым халық қатты сенетін танымал азаматтар жарнамаға қатыспаса, материалдық шығын мен заңсыз бизнеске тартылған адамдардың саны әлдеқайда аз болар еді. Сондай-ақ қазір қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін тек әкімшілік айыппұл қарастырылғанын алға тартқан депутат жазаны қатаңдату керектігін де ескертті. «Бас прокуратура базасында құқық қорғау органдары, сот және депутаттық корпус өкілдерінен жұмыс тобын құрып, сот-тергеу және әкімшілік-құқықтық практиканы жіті зерделеп, танымал адамдардың қаржы пирамидаларын жарнамалаудағы рөлін анықтап, олардың жарнамаға қатысуы мен қоғам үшін салдарының арасында байланыс бар-жоғын анықтау керек. Осыдан кейін тиісті заңдарға қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет деп санаймыз», – деді Юрий Ли. Еске сала кетсек, бізде 2016 жылы қабылданған «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң бар. Былтыр Мәжіліс депутаттары сол заңға өзгертулер мен түзетулер енгізуді қарастырған. Енді, міне «Айламен тапқан мал арам» екенін ескерген заң шығарушы орган өкілдері Парламент партасында бір жыл жатып қалған құжаттың қайтадан «шаңын үрлеп» отыр. Нәтижесін күтейік...Еркеғали БЕЙСЕН