Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі ойындар аяқталды. Сайдың тасындай іріктелген 16 команда келесі кезеңге өтті. Кей құрамалардың плей-оффқа шығуына Е және F тобындағы матчтар әсер етті. Алдымен соларға тоқталайық.
Е тобында өнер көрсететін Словакия Испания құрамасынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл кездесуде Энрике командасын тану мүмкін болмады. Шабуылды шабуылға ұластыра берді. Бірақ қақпашы Мартин Дубравка словакиялықтарды құтқарып, тіпті пенальтиді қайтарды. Мората 11 метрлік айып добын сәтсіз орындады. Бірақ 30-минутта голкипер өз қақпасына гол соғып алды. Кейін испаниялықтар тағы үш гол соқты. Соңында словакиялық футболшы Куцка өз қақпасына гол соғып алды. Осы жеңісінің арқасында Испания топта екінші орынға көтеріліп, плэй-офф кезеңіне тікелей жолдама алды. Ал Словакия турнирмен қош айтысты.
Швеция мен Польша арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Бұл ойында бес гол соғылды. Эмиль Форсберг екі гол соққан соң, шведтер жеңіске еш қиындықсыз жетеді деп ойлағанбыз. Бірақ олай бола қоймады. Роберт Левандовский Форсбергтің екі голына қос голмен жауап қатты. Дегенмен сәттілік те, жеңіс те Швеция жағында болды. Ойынның қосымша уақытында Классон жеңісті голдың авторы атанды. Осылайша, Швеция топтық кезеңнен бірінші орынмен шықты, ал польшалықтар турнирмен қоштасты.
F тобындағы Германия мен Венгрия арасындағы ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Венгрия топтық кезеңдегі кезекті үздік ойындарының бірін өткізді. Олар 1/8 финалға шыққан жоқ, бірақ «өлім тобында» екі ұпай еншіледі. Бұл ойында алдымен Адам Шалаи Венгрияны есепте алға шығарды. Кездесудің екінші бөлігінде Германия есепті теңестіргенімен, көп ұзамай Андрас Шофер есепті 2:1-ге жеткізіп, немістерді әбігерге салды. 83 минутта Горетцка соққан гол Германия құрамасына тең есеп сыйлады. Осы бір ұпайдың өзі Германияның плэй-офф кезеңіне шығуына жеткілікті болды.
Еуродағы топтық кезеңнің соңғы ойынын Португалия мен Франция түйіндеді. Қорытынды есеп – 2:2. Ойындағы төрт голдың үшеуі пенальтиден соғылды. Қос құрама сапынан Криштиану Роналду мен Карим Бензема дубль жасады. F тобынан португалиялықтар үшінші, француздар бірінші орынмен шықты.
Біз осы орайда Еуропа чемпионатының әр ойынын үзбей көріп жүрген футбол жанкүйерлері Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанарбек Әшімжан мен «Nur Otan» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірін білген болатынбыз.
Жанарбек
ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты:
– Биылғы Еуропа чемпионаты пандемияға қарамастан жоғары деңгейде өтіп жатыр. Оны футболсүйер жанкүйерлер де жақсы біледі. 11 елдің стадионында әр ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Бұл турнирде екі құрамаға жанкүйермін. Бірі – Бельгия, екіншісі – Украина. Украинаның ойындарын бала күнімнен көріп келемін. Ертеректе Динамо Киевке жанкүйер болатынмын. Сол командадағы ойыншылардың суреттерін жинақтап, әр ойынын үзбей көретінмін. Кейін Шевченко арқылы Украинаның ойындарын да көре бастадым. Сондықтан маған бұл құрама ыстық. Ал Бельгия сөзсіз бұл чемпионаттағы басты фавориттердің бірі. Әрі бұл құраманың ойыны маған ұнайды.
Түнде Португалия мен Францияның ойынын қарадым. Ертесіне Украинаның плей-офф кезеңіне жолдама алғанын көріп қуандым. Олар Австриямен ойында өз деңгейлерін толық көрсете алған жоқ. Бірақ соған қарамастан Украинаның жолы болып, топтан үшінші орынмен шығып отыр. Егер олар топтан екінші орынмен шықса Италияға түсетін еді. Бұл жағынан алғанда команданың жолы жеңіл болды. Енді 29 күні өтетін Украина мен Швецияның ойынын асыға күтемін. Сол күні Шевченконың құрамасына жеңіс тілеймін. Егер шведтерден өте алса Украинаның 1/8-ге дейін баруға мүмкіндігі бар.
Мені бұл турнирде Горан Пандевтің командасы таңғалдырды. Бұл құраманың деңгейі кейінгі жылдармен салыстырғанда біршама өскен. Біздің құраманы да 4:0 есебімен жеңуі жайдан-жай емес. Биылғы Еуропа чемпионатының жаңалығы осы Солтүстік Македония болды деп ойлаймын. «Спорт дейтін бір сиқыр» деп Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз айтқандай әр жарыстың өз қызығы, ерекшелігі бар. Биылғы Еуропа чемпионаты 11 шілдеде аяқталады. Сол кезде шын мықтыны білетін боламыз. Мен қос құраманың тілеуін тілеймін.
Айдос
САРЫМ,
Мәжіліс депутаты:
– Футболдан Еуропа чемпионатын асыға күткеніміз рас. Қазір қолдан келгенше барлық ойынды үзбей көріп жүрмін. Мен негізі 30 жылдай Испания құрамасының жанкүйерімін. «Қызыл фуриялықтар» сапында небір үздік футболшылар да талай чемпионаттарда атой салды. Бірақ биылдыққа асқан үмітім жоқ. Себебі Испания құрамасында күрделі, буынауысар кезең. Үш ойынның екеуінде тең түсіп, шешуші үшінші кездесуде жеңіске жетіп, топтан шығып отыр. Жастардың шамасы қай шамаға жететінін болжау қиын.
Биылғы Еуропа чемпионатын Португалия, Италия немесе Англия командаларының бірі алса қуанар едім. Сонымен қатар Украина құрамасының топтан әупірімдеп шыққанына ерекше қуандым. Шевченконың командасы да бұл турнирде тәп-тәуір өнер көрсетті.
Енді олар Швециямен ойнайды. Украина мен Швецияның әлеуеті бір-біріне тең келетін сияқты. Көп нәрсені психология немесе бақ шешіп кетуі ықтимал. Сенсация демей-ақ қоялық, бірақ Италия құрамасының ойын өрнегінің мүлдем өзгергеніне таңғалдым. Англия құрамасының ойыны, әсіресе қорғаныс шебі ұнады. Венгрия құрамасы да көптің мақтауына ілікті, талай жылдар бойы екінші, үшінші қатарда қалған құрама болатын. Жалпы, Еурода топтық кезеңге өткен барлық команда да мықты, әрқайсысының келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар. Ең бастысы, бізді, футболсүйер қауымды алда қызықты ойындар күтіп тұр.
Абылайхан ЖҰМАШ