2003 жыл: даму даңғылында
2003 жыл: даму даңғылында
757
оқылды

Жаңа мыңжылдықтың ба­сы тәуелсіз Қазақстан үшін қа­лып­­тасу кезеңінен даму дә­уірі­не қадам басқан өркенді шақ бол­ды деп айтсақ, қателеспеспіз. Соның ішінде 2003 жылдың ерекше өз орны бар. Ел өмірінде де, халықаралық аренада да елеулі оқиғаларға бай бұл меже Елбасымыз алға қойған стратегиялық міндеттердің алғашқы баспалдағы болды.

Ауыр жылдардан арылтқан «Ауыл жылдары»

90-жылдары нарық сипатты жаңа формацияның ауыр жүгі ең әуелі ауылдарға салмақ болғаны белгілі. Өйткені мал мен жерді же­ке­шелендіру бастамасы тұралаған экономикаға «жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Кеңестік үлгідегі кеңшарлар мен ұжым­шарлар жаңа модельдің тегеуріні­нен титықтай түсті. Ауыл шаруа­шы­лығы саласының тозығы жет­кен материалдық-техникалық базасы өндіріп жұмыс істеп, мол өнім ала алмады. Депрессивті ауыл­дар көбейді. Тіпті, кейбір ауыл қаңырап бос қалды. Ауыл, аудан жолдары қырық жамау болып күрделі жөндеуді күтіп тұрды. 1990 жылы жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 34% болса, 2004 жылы бұл көрсеткіш 7,7% мөлшеріне дейін төмендеп кетті. Мұның барлығы ел басшы­лығын батыл қадамдарға баруға итермеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдан бастап алдағы үш жылды, яғни, 2003-2005 жылдарды «Ауылды қолдау жыл­дары» деп жариялады. Бұл кезде республика халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын еді. Еліміздегі экономикалық бел­сенді халықтың үштен бірі ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін. Бұл сол кезде 2 жарым мил­лионнан астам адамды құрады. Бұл бастамалар ауылға реформа алып келді. Әйтсе де, оның бастапқы ке­зеңiнде өнеркәсiп өнiмдерiне бағаның төмен болуы айтарлықтай қиындық тудырды. Сол жылдары мақта мен бидайдың бағасы едәуiр түсiп кеттi. Бiр кезде 140 доллар болған бидай сол жылдары 80 долларға дейін құлдырады. Бұл егiн өнiмдiлiгiнiң төмендеуiне әкел­дi. Дегенмен, экспортқа жө­нел­тілетін астық түрлерінен басқа ауылшаруашылық өнiмдерiн өсіру бәрібір тиiмсіз едi. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының болмауы, тұқымның жоқтығы, жанар-жағармай тапшылығы жағ­дайды шиеленiстiре түсті. Ауылды жұмыссыздық жайлады, бар жұ­мыс­тың өзінде айлық аз болған­дықтан, тұрғындардың көбі қалаға ағылды. Мал саны бiрден екi есеге кемiдi. Осы мәселелерді шешу үшін ауыл реформасы жекешелен­діруден басталды. Жаңа меншікте құрылған шаруа қожалықтарына мемлекеттен ұзақ мерзiмге несие­лер берiлдi. Үкiмет инфрақұры­лымды қалпына келтiруге көмек­тестi. Ауыл мен селоларды дамы­туға арналған аса маңызды азық-түлiк және ауылдық жерлердi да­мыту мемлекеттiк бағдарламалары қабылданды. Оған 2003-2004 жылдары 90 млрд. теңге бөлiндi. Осылайша, ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған тiкелей мемлекеттiк инвестициялар құйы­лып, ауылдардың әлеуметтiк, кө­лiктiк және инженерлiк инфра­құры­лымдары қалпына келтiріле бастады. Соның нәижесінде ауыл­дарға жан бітті. 2002-2004 жыл­дар аралығында ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы негiзгi капиталға түсетiн инвестицияның көлемi 600 мил­лион АҚШ долларына дейiн өсті. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге артық еді.
Сондай-ақ осы 2003 жылдың айтулы оқиғасы, ел тарихындағы маңызды құжат  -Жер кодексiнің қабылдануы. Одан бөлек, салық саласындағы бiрқатар заңдар өз күшiне енiп, патент немесе бiрың­ғай жер салығы негiзiнде бюджеттiк төлемдердiң жеңiлдетiлген жол­дары қалыптасты. Бұл ауыл ша­руашылығы бизнесiн жүргiзуге өте қолайлы жағдай туғызды. Осы­лайша, Ауыл жылдары оған дейінгі ауыр жылдардан арылтты.

«Әуелі экономика, сосын саясат» стратегиясы

Елбасының «әуелі экономика, сосын саясат» қағидаты күні бү­гінде де өз жемісін беріп келеді. Ал оның алғашқы нақты жүзеге аса бастағаны осы 2003 жыл еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті сәуір айындағы халқына кезекті Жолдауында саяси реформалардың бес негізгі басым бағыты мен эко­номикалық жаңашылдықтарды жария етті. Бұл бағдарлама бiрiн­шiден мемлекеттiк басқару жүйе­сiн жаңалап жетiлдiруді қарас­тырды. Мұндағы басты мiндеттер – мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң ара­жiгiн айқын ажыратуға, бюдже­т­аралық қатынастар жүйесiн же­тiлдiруге негізделді. Екiншi бағыт сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру туралы болды. Үшiншiден, саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайту қарастырылса, төртiншi қадам БАҚ туралы жаңа заң қабылдау ұсынылды. Бесiншiден, қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыру көзделді. Осы ретте Президент өлiм жазасын қолдануға мораторий жариялауды тапсырып, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, мате­риал­дық және заңнамалық шарт­тарын жасау қажетін баса айтты. Бұдан бөлек, алқабилер инсти­тутын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы Жолдауда алғаш рет сөз болды.
2003 жыл экономикалық өр­кендеумен, жалақының артып, ауылға ерекше назар аударылуы­мен, сондай-ақ, мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жа­саумен есте қалды. Мәселен, 2003 жылдың 1 маусымынан бас­тап ең төменгі зейнетақы мөлшері 5 500 теңге құрады. Еліміздің алтын-валюта активінің жалпы жиынтығы 6 млрд. 19 млн. долларға жетті. Бұл экономиканың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айғақ­тайды. Соған сәйкес, әлеуметтік ахуал да арта түсті. Мысалы, осы жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында елімізде алғаш рет аналарға бала тууына байланысты бірреттік жәрдемақы беріле бас­тады. Осы жолдың авторлары сол жәрдемақының игілігін көрген алғашқылардың бірі.

Дін татулығы дәріптелген жыл

Әрбір мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орны оның инвестициялық тартымдылығына, әріптестік әлеуетіне, экономи­калық өркендеуіне, ұлттық мүд­десіне мұрындық болар халық­аралық беделімен өлшенетіні бел­гілі. Сондықтан сыртқы сая­сатта да бұл жылы еліміздің халық­аралық жетістігі толайым табыс­тарға толы болды деуге болады. Әлемдік ықпалдастықта көпвек­торлы саясатты мығым ұстана біл­ген Қазақстан дипломатия­сының жемісті жұмысының нәти­жесінде еліміздің халықаралық имиджі арта түсті. Орталық Азияда Қазақстан көш басына шықты. Астана төрі халықаралық маңызды жиындардың алаңына айналды. Сондай жетістікті жиынның бірі – адамзат тарихында алғаш рет үш ірі дін өкілдері мен түрлі конфес­сиялардың татулыққа тал бесік болған қазақ топырағында басқосуы еді. Қыркүйек айында елор­дамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құ­рылтайы өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы­ның халықаралық қауым­дастық алдындағы беделінің арқа­сында оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекші­лері асқан құрметпен құп алды. Осылайша, түрлі дін мен конфес­сия өкілдері Қазақстанда бір дастарқан басына жиналып, сол кез­дегі ахуалға бағасын беріп, ба­зы­насын айтты. Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев жинал­ған­дарға арнаған құттықтау сөзін­де: «...Біз қарапайым, алайда сөзсіз бір ақиқатты түсінуге тиіспіз – бүгінгі дүниеде біздің бәріміз өзара тәуелдіміз. Және бұл өзара тәуел­ділік кез келген жайт пен тербелісті сезінетін шетін де сезімтал тетік болып табылады. Біздің ортақ үйіміз – бұл тек біздің еліміз емес, сонымен бірге тұтас Жер шары екені белгілі. Біздің бәріміз де өзіміздің балаларымыз, неме­ре­леріміз бен шөберелеріміздің бейбіт жағдайда, саламатты ортада, басқа халықтармен және басқа конфессиялармен келісімде, соғыс пен жоқтықты білместен өмір сүргенін қалаймыз. Біздің қыз­метіміз, біздің дұғамыз бен жана­шырлығымыз планетаның от шар­пыған нүктелерінде, түрлі жан­­жал аймағындағы миллион­даған адамдардың қасіреті тыйы­латын жарқын уақытты жақын­датуға жәрдемдеседі деп үмітте­не­мін. Өз сөзімді аяқтай келе мен біздің құрметті қонақтарға – де­ле­гациялардың басшылары мен өкілдеріне жұмысқа белсене қа­тысқаны үшін тағы да шынайы алғысымды айтқым келеді» деп әлемде бейбітшілікті сақтауға шақырды.
Құрылтай нәтижесінде дінба­сылары «бәріміздің Жаратушымыз бір, олай болса, өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап, бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әрбір дәстүрлі дін жетек­шісі өзі табынатын Жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп, дұға жасады. «Бәйтерек» монументінің ұшар басына бірге шығып, бейбіт өмір сүруге, сыйласып қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Үш жыл сайын қазақ елінде жиналып тұруға шешім қабылдаған дінбасыларының содан бергі 18 жылда 6 съезі өтті. Жыл сайын оған қатысушылар қатары да көбейіп келеді.
Нұрлан ҚОСАЙ