Мәйіттер ауысып кеткен: өз әкесінің орнына басқаны жерлей жаздады
Мәйіттер ауысып кеткен: өз әкесінің орнына басқаны жерлей жаздады
©sputnik
484
оқылды

Елордада көпсалалы медицина орталығындағы қателіктің кесірінен қайғыда жүрген балалары өз әкесінің орнына басқа біреуді жерлей жаздады. Медицина мекемесінің қызметкерлері марқұмның мәйітін басқа біреумен шатастырып, Таразға ұшақпен салып жіберген.

«Ашсақ, басқа бір адам. Інісі болған, сол көрді. Екі баласы көрді. Мен көрдім, ол емес. Бейнесі біраз ұқсайды. Ал енді қалғаны қайда десек, олар айтпайды. «Жоқ, осы» дейді. Өзіне әкеп, бұрынғы суретпен салыстырдық, міне, мына адам, мынандай болатын дедік. Анада мең бар, мынада мең жоқ дегеннен кейін бұлар қипылықтай бастады», - деді марқұмның туысы Кәкен Жантайұлы.

«КТК» телеарнасының мәліметінше, кеше таңертең Таразға кетіп қалған марқұмның денесі түс ауа ұшақпен елордаға қайта жеткізілді. Әкелген бойы балалары мен туыстары әуежайдан көлікке салып жерлеуге алып кетті. Айтуларынша, жетпіс жастағы кісі екі апта бойы коронавируспен ауырып, ақыры беті бері қарамай о дүниеге аттанған.

Дәрігерлердің сөзінше, екі мәйіт инфекциялық ауруханадан жеткізілген. Кешкісін екі мәйіттің бірінің баласы келіп, 63 жастағы әкесін танып, Таразға әкететін болған. Сол тәртіппен ертеңінде азанмен мәйіт Таразға жіберілген.

Алайда, Таразда жерленуі тиіс болған марқұмның баласы жағдайды басқаша түсіндірді. Айтуынша, ол өзі барып, әкесінің денесі қайсы екенін көрсетіп кеткен. Дәрігерлердің шатастыруынан әкесінің мәйіті уақтылы жеткізілмеген. Енді ол  дәрігерлерді салғырттығы үшін сотқа бермек.

«Зертханашы мәйіттің бетін ашып көрсетіп баласынан: «Сіздің әкеңіз бе?» деп сұраған. Ол: «Иә, менің әкем» деген. Одан кейін екеуі рәсім қызметіне бірге келген. Сөйтіп, мәйітті мырыш табытқа салып әкеткен. Кейін екінші мәйітке баласы туыстарымен келген. Олар ашып қараған кезде мәйіт бөтен болып шыққан. Сол екеуінің орны ауысып кеткен», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы медицина орталығы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтыбай Оразбеков.

Кінәсін мойындаған медицина қызметкерлері марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрап, шатасқан мәйітті Тараздан қайтарып әкелу шығынын да өздері төлейтін болды.