Электромобиль такси жобасы Алматы ауасын 5 пайызға тазартады деп болжанып отыр
Электромобиль такси жобасы Алматы ауасын 5 пайызға тазартады деп болжанып отыр
Сурет: taxovichkof.kz
312
оқылды

Такси қызметі қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов Алматы қаласындағы экологиялық проблемалардың алдын алуға көмектесетін Almaty taxi жобасын таныстырды. Бұл жоба әдеттегі көліктердің ауаны ластауын тоқтату үшін олардың орнына немесе бірге электромобильдерді қолдануды көздейді, – деп хабарлайды Informburo.kz басылымы. 

"Бүгінгі таңда Алматы мен Алматы облысында 14 448 такси жұмыс істейді. Олардың 10 980-і осыдан 10 жыл бұрын шыққан, яғни төртінші экологиялық санатқа жатады. Мысалы, күн сайын әрқайсысы 170 километрден жүретін болса, онда ауаға адам өмірі үшін қауіпті зиянды заттар бөледі. Осыдан 10 жыл бұрын жасалған 500 такси көлігін электромобильдермен алмастыру арқылы қала ауасын 5%-ға жақсартамыз. Сондай-ақ, осы бастама арқылы қалада электромобильдердің көбеюіне жағдай жасайтын едік", – деді Медет Құрманов.
Сондай-ақ, ол жыл сайын тұрғындар арасында такси қызметін пайдаланушылардың артып келе жатқанына тоқталды. Жалпы Қазақстан тұрғындары жыл сайын 195,2 млн рет такси қызметін пайдаланып, бұл мақсатқа 120,8 млрд теңге жұмсайды. Осы тапсырыстарды орындайтын такси қызметкерлерінің 90%-ы, яғни 52 мың жүргізуші заңсыз жұмыс істейді немесе бекітілген ережелерді ескермейді. Соның ішінде Алматы бойынша:
  • бір тәулікте – 100 000 тапсырыс;
  • орташа чек – 950 теңге;
  • нарықтың бір жылдық көлемі – 34 675 000 000.
  • жүргізушілер саны – 14 448 адам.
Нұр-Сұлтан бойынша:
  • бір тәулікте – 70 000 тапсырыс;
  • орташа чек – 1 050 теңге;
  • нарықтың бір жылдық көлемі – 26 827 500 000;
  • жүргізушілер саны – 11 178.
Шымкент бойынша:
  • бір тәулікте – 50 000 тапсырыс;
  • орташа чек – 750 теңге;
  • нарықтың бір жылдық көлемі – 13 687 500 000;
  • бұл тапсырысты орындайтын жүргізушілер саны – 5 703 адам.
Жалпы Қазақстан бойынша:
  • бір тәулікте – 535 000 тапсырыс;
  • орташа чек – 619 теңге;
  • нарықтың бір жылдық көлемі – 120 826 406 250;
  • жүргізушілер саны – 57 944 адам.
Осы орайда Медет Құрманов бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында қолға алынған Astana taxi жобасының қандай пайда әкелгенін әңгімеледі.
"Қазақстанда мың тұрғынның басына 3,2 көліктен келеді. Бұған дейін біз тура осындай Astana taxi жобасын іске асырдық. Жоба аясында келесілерге қол жеткіздік:
  • мүшелерге арнап ішкі ережелер мен ортақ стандарттар бекітілді;
  • таксилердің сыртын біркелкі етіп жасадық;
  • таксилерге арналған тұрақ жасап, оларға BUS LINE-мен жүру құқығын бердік;
  • әуежай мен теміржолдағы тапсырыстарға ортық тариф енгіздік;
  • сапасын тұрақты түрде бақылап отырмыз.
Осылардың арқасында тасымалдаушылар саны 5-тен 28-ге өсті. Заңсыз, ережелерді бұзып жұмыс істейтін жүргізушілер саны 45%-ға қысқарды. Жаңа 500 автомобиль сатып алдық", – деді қауымдастық төрағасы.
Сондай-ақ, Медет Құрманов Алматыдағы жағдайды әңгімеледі.
"Алматы қаласында такси жүргізушілеріне бір жылда 36 млн тапсырыс келіп түседі. Нарық көлемі 34 млрд теңгені құрайды. Тапсырыстардың 70%-ын – "Яндекс такси", 12%-ын – "Бордюр" жүргізушілері, 10%-ын – Indriver, 5%-ын – басқа ұялы сервистер, 3%-ын Maxim орындайды. Осылардың барлығына келіп түсетін тапсырысты 15 мың жүргізуші қабылдайды. Олардың 97%-ы – жекеменшік көлікте, 3%-ы – тасымалдаушылар автомобилінде. Мұнымен қатар, Алматы қаласындағы жүргізушілердің 97%-ы заңсыз жұмыс істеп отыр. Ортақ мемлекеттік ақпарат жүйесі де жоқ", – деді төраға.
Айтуынша, Almaty taxi жобасын жүзеге асыру 6 кезеңнен тұрады. Соның алтыншы кезеңінде төртінші экологиялық санатқа жататын, жасалғанына 15 жылдан асқан автомобильдердің жүруіне тыйым салынады.
"Алты кезеңнен сәтті өту арқылы ауаның тазаруына жағдай жасаймыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, 2022-2023 жылдары 1 000 көлікке электромобиль сатып алу үшін сертификат беру; жасалғанына 20 жылдан асқан көлігін тапсырған 500 азаматқа 1 500 000 теңге беру (500 көлік), жаңа электромобиль таксиін сатып алатындарға 4 000 000 теңге беру (300 көлік), ескі электромобиль таксиін сатып алу үшін 2 000 000 беру (200 көлікке) жоспарда бар. Электромобиль сатып алғысы келетіндерге 3% жеңілдік береміз. Осыларды жүзеге асыру арқасында алғашқы екі жылда заңсыз жұмыс істейтін такси қызметкерлерінің саны 50%-ға дейін қысқарады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ол әкімдікке 2 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді", – деді Медет Құрманов.
Сөз соңында ол, алдымен, 200 электромобиль таксиінің қызмет көрсетуі жоспарланып отырғанын және батареяларды утилизациялау мәселесінің шешіліп жатқанын айтты.