Біртановтың ісі: тергеу аяқталды
Біртановтың ісі: тергеу аяқталды
359
оқылды

Осымен 14 айға созылған іс те аяқталды. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қамауда отырғанына 9 ай болды. Сонымен, тергеу бітті, айыптаушы тарап іспен танысуда. Бір нәрсе анық: Бір­танов өзіне тағылған айыпты мойындап отыр­ған жоқ. Оның айтуынша, бұрынғы орын­басары Олжас Әбішев те осындай пікірде.

Істің басы – ақпараттық жүйе

Естеріңізде болса, былтыр маусым айында қызметінен босатылған бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қараша айының басында қамауға алынды деген хабар шыққан болатын. Сол кездегі Қаржы мониторингі комитетінің Экономи­калық тергеу қызметі экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергей бастаған еді. Сот Біртановты қамауда ұстау бұлтартпау шарасына санкция беріп, 3 қарашада ұсталды деген оның 7 қарашада үй қамағында отырғаны белгілі болды. Содан бері 9 ай бойы жалғасқан тергеудің соңғы үш айында үйқамақ мерзімі үш рет ұзартылды. Соның алғашқысында, яғни сәуір айының 21-і күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты экс-министрге үйқамақ мерзімін ұзарта отырып, оның асырауында бес адам барын, оның үшеуі жас бала мен қарт ана екенін ескеріп, өмірге қажетті іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін, соның ішінде жұмыс істеу үшін үйден сағат 08.00-ден 19.00-ге дейін шығуға рұқсат берді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Біртановтың коммерциялық құрылым­да жұмыс істеп жүргені мәлім болды. Тергеу барысында хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен «Денсаулық сақтау сала­сының ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және біріздендіру платформасы» атты автоматтандырылған ақпараттық жүйені 17,8 млн АҚШ долларға жасап беру туралы келісімшарт жасасқан. Ол жүйе 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 17 емдеу мекемесінде пилоттық пайдаланудан өтіп барып, республика бойынша енгізілуі керек болған екен. Тергеу бары­сында «аталған платформа пайдаланылып жатқан жоқ», «Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланбаған», «бұл пандемия кезінде денсаулық сақтау органдарының жұмысына теріс әсер етті» деген қорытынды шығарылады. Енді бүгінде оларға, яғни Біртанов пен Әбішевке жарамсыз ақпараттандыру платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылуда. Бүгінде платформа жұмыс істеп тұрған жоқ және оны медициналық мекемелердің пайдаланып жатпағаны дәлелдермен расталған. Орындалмаған жұмыстың құны 4,1 млн АҚШ долларын немесе 1,5 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек, Елжан Біртанов санитариялық авиацияның әуекемесін 2020 жылғы маусымда жеке мақсаты үшін өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Іс неге ұзаққа созылды?

Қаншама реттен тергеу құпиясы десек те, бастапқыда Біртановқа тағылған айып көп сияқты еді. Гу-гу әңгіме сол уақыттағы «СК-Фармацияның» ісін де, сапасыз қорғаныс құралдарын да, вице-министр Әбішевтің де ісін экс-министрге теліген. Жалпы сома бастапқыда 500 миллион теңге болатын. Кейін осылардың бәрінен тек ақпараттық платформа мен санавиация туралы деректер қалды. Тергеу қорытындысында залал сомасы 1,5 млрд теңгені құрап отыр. Істің мұншама ұзаққа созылғаны – мұндағы көптеген нұсқаларды ашуда жатқан сияқты. Әйтсе де, Біртановтың қорғаушылары тергеудің ғана емес, соттың да жұмысынан көптеген шикілік көріп отыр.
«Тергеушілер сотқа үй қамағын созуға қатысты бірде-бір заңды негіз тауып келтіре алмады. Ал сот болса ҚПК-нің 23-бабын бұза отырып, өзіне айыптау тарапының міндетін алып, қамау уақытын созу туралы қаулыда кодекстегі тергеу органы қолданатын негізді пайдаланды, бұл туралы тергеу де, прокуратура да соттан сұрамаған болатын. Сондай-ақ тергеу судьясы А.Бабатов менің қорғауымдағы Біртановтың күдігін негіздейтін жайтты тергеу судьялары бұған дейін-ақ тексеріп қойған деп көрсетеді. Бірақ Біртановқа ілінген  ҚК-ның 361-бабындағы өкілеттігін асыра пайдалану туралы жалғыз күдік тек 2021 жылғы 2 шілде күні пайда болды, ал соңғы тергеу соты 2021 жылғы 14 маусымда өтіп кетті. Ендеше ол қанша тырысса да ол кезде жоқ күдіктің қаншалықты негізді екенін тексере алмас еді. Осыған байланысты қорғаушылар судья үйқамақ мерзімін созған кезде объективті болған жоқ және алдын ала мүдделі болған деп санайды. Біртанов ашық және үзілді-кесілді түрде: «Менің кінәм жоқ. Ешқандай оқиға да, қылмыс құрамы да жоқ» деп мәлімдейді», – дейді адвокат Дмитрий Куряченко.

Біртанов қашып кете ме?

Тергеу аяқталған заматтағы соңғы сот отырысын­да үйқамақ уақытын тағы да созу туралы кезекті мә­селе қарастырылған еді. Онда мемлекеттік айып­тау тарапы қамауда ұстау тәртібін күшейту туралы өтінішпен шыққан болатын. Прокурор Санат Талқанбаев Біртановқа отбасы мүшелерінен басқа барлық адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салу керегін айтты.
«Күдікті соттың тыйымы бар екенін біле тұра, бірнеше рет заңға қайшы әрекетке барғанын, оның ауыр коррупциялық қылмыспен айыпталып отыр­ғанын ескере отырып, үйқамақ мерзімін іспен танысу уақыты аяқталғанға дейін, яғни 2021 жылғы 14 қыркүйегіне дейін созуыңызды сұраймын», – деді ол.
Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушының айтуын­ша, Біртановтың бұлтартпау шарасын өзгертуге, алып тастауға қатысты тергеу органдары тарапынан ешқандай негіз анықталмаған. Өйткені ол ауыр қыл­мыстық іс жасап отыр. Сондықтан да қылмыстық қудалау органдары тарапынан бұл іс бойынша Біртановтың сот пен тергеуден бой тасалап жасырынуы мүмкін екені туралы топшылауға негіз көп. Әйтсе де, Нұр-Сұлтан қаласының маман­дандырылған ауданаралық тергеу соты айыптаушы тараптың үйқамақ тәртібін күшейту туралы өтінішін қабылдамады, ал бұлтартпау шарасының мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты.

Нұрлан ҚОСАЙ