Грант иегерлерінің тізімі 15 тамызға дейін жарияланбақ
Грант иегерлерінің тізімі 15 тамызға дейін жарияланбақ
©https://den-der.kz
478
оқылды

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелерін қай уақытта жариялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Олардың мәліметінше, жақында білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы өткен. Комиссия отырысына Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев төрағалық еткен.

"Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қарайды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер, "Қазақстан студенттері Альянсы", Отандастар қорының өкілдері кірді. Одан кейін талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалатын болады", - делінген баспасөз хабарламасында.

Осыған сәйкес, биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілген. Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5 мыңға артып отыр. Яғни, өткен жылы білім беру гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңға дейін артқан. Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген. "Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелерін 15 тамызға дейін жариялау жоспарланып отыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.