Балалар үйінің жәрдемақысын жымқырған педагог сотталды
Балалар үйінің жәрдемақысын жымқырған педагог сотталды
©azattyq-ruhy.kz
386
оқылды

Алматыдағы балалар үйінің 67 млн теңге жәрдемақысын жымқырған педагог сотталды. Бұл жайында Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәлеметінше, Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «QAMQOR» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Алматы облысы білім басқармасының «№1 Алматы облыстық балалар үйі» КММ директоры мен қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп- тексеруді аяқтады. Тергеу барысында балалар үйінің әлеуметтік педагогы М. Мұстафина өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған 67 миллион теңге сомасындағы ақшалай жәрдемақыны жымқырғаны дәлелденді.

Сотталған Мұстафина әлеуметтік педагог және балалар үйінің басшысынан қамқоршының мүдделерін білдіруге сенімхаты бола отырып, тәрбиеленушілерге асыраушысынан айрылуы және мүгедектігі бойынша жәрдемақы ресімдеген. Сөйтіп оларға екінші деңгейдегі банктерден карточкалық шоттар ашқан. Тәрбиеленушілердің есеп айырысу шоттарына толық қол жеткізіп, мобильді банкинг арқылы балалар үйі тәрбиеленушілерінің есеп айырысу шоттарынан жеке карточкалық шотқа ақша аударымдарын жасаған. Сонда тәрбиеленушілердің банк карталарын пайдалана отырып, банкоматтардан кейбір қаражатты алған. Мұндай заңсыз қызметпен ол 2015 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың тамызына дейін айналысқан.

Өз кезегінде балалар үйінің директоры Ғ. Қондыбаева 2018 жылдың күзінде Мұстафинаның ұрлау фактілері туралы біліп, оны уәкілетті органдардан жасырып, оны қызметінен шеттетпей және балалар үйі тәрбиеленушілерінің шоттарына қол жеткізуін шектемеген. Сотталушылар өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта 10 миллион теңгеден астам шығын балалар үйі тәрбиеленушілерінің пайдасына өтелді. Сот 52,4 миллион теңге көлеміндегі қалған соманы жәбірленушілерге қайтаруды міндеттеді. Сот үкімімен М.Мұстафина ҚР ҚК 189-бабы (Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан және 10 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Г.Қондыбаева ҚР ҚК 371-бабы (салғырттық) бойынша кінәлі деп танылды. Мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, оған 2,7 миллион теңге сомасында айыппұл тағайындалды.