Павлодарда күйеуі өртеп жіберген әйел көз жұмды
Павлодарда күйеуі өртеп жіберген әйел көз жұмды
©www.inform.kz
314
оқылды

Денесінің 50 пайызын күйік шалған әйелдің жағдайы бірнеше күн бұрын күрт нашарлап кеткен. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Розовка ауылының тұрғыны ауруханада көз жұмған. Бұған дейін дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтқан болатын.

- Науқастың жағдайы соңғы күндері нашарлап кетті. Осыған байланысты ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған еді. Өкінішке қарай, әйел бүгін қайтыс болды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

34 жастағы әйелді ішімдікке тойып алған күйеуі өртеген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыптылар оқыс оқиғаға дейін өзара ұрысқан. Кейін әйелі мас күйінде көлік тізгіндемек болған күйеуіне рұқсат бермеген. Ол тоңазытқышта тұрған спиртті алып, әйеліне шашып, оттықпен от қойған. Өртенгеніне қарамастан әйел күйеуінің үстінен арыз жазудан бас тартқан.
Алайда құқық қорғау органдары денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін сотқа дейінгі тергеуді бастады. Болған жағдайға қарамастан, отбасының көршілері ерлі-зайыптылардың тату болғанын айтады. Олардың ортақ үш баласы бар. Қазір олар атасы мен әжесінің қолында.