Елімізде дінге сенбейтіндердің құқығын қорғайтын заң пайда болады
Елімізде дінге сенбейтіндердің құқығын қорғайтын заң пайда болады
©sputnik.kz
346
оқылды

Қазақстанда заңға "дінге сенбейтіндердің құқықтары" деген анықтама енгізіледі. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді.

"Біз дінге сенетін ғана емес, сенбейтін адамдардың да құқығын қамтамасыз етуді көздейміз. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, заңға "дінге сенбейтіндердің құқықтары" деген анықтаманы енгізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, қазір бізде дінге сенетіндердің құқығы бар. Сол сияқты дінге сенбейтіндердің құқығы шектелмеу керек. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Конфессия мен діннен бұрын заңның үстемдігі жоғары. Заң барлығына ортақ және оны орындау міндет", – деді Нүкежанов қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстандағы діни ахуал тұрақты. Алдағы уақытта тағы бірқатар өзгерістер болады.

"Біздің комитетіміз дін саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Соның аясында діни бірлестіктерді тіркеуді жеңілдету және жалпы діни шараларды өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті Нүкежанов.

 2019 жылы Қазақстанда дінге сенбейтін адамдардың саны барлық халықтың 18 процентін құраған. Ал 75 проценті өздерін дінге сенетіндердің қатарына жатқызды. Бірақ діни әдет-ғұрыпты қатаң сақтамайды, діни бірлестіктерге де көп қатыса бермейді.