Дүкен тонаған кіші полиция сержанты 10 жылға сотталды
Дүкен тонаған кіші полиция сержанты 10 жылға сотталды
©zhaikpress.kz
524
оқылды

Павлодар қаласының №2 соты Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің 23 жастағы кіші сержантына қатысты үкім шығарды.

Айыптаудың мәліметінше, қызметте жүргенде Макаров тапаншасымен қаруланған кіші сержант төрт қарақшылық шабуыл жасаған. Әр қылмыстың алдында киім үлгісін азаматтық киімге ауыстырып отырған. Тәртіп сақшысы тапаншамен қорқытып, ақшаны «Қазпошта» АҚ, қарыз беру ЖШС кассирлерінен, сондай-ақ екі дүкеннен алып кеткен.

Сотталушы сот отырысында бұл әрекетін ішінара мойындады, жәбірленушілер мен куәгерлер де жауап берді. Бұдан басқа, сот заттай дәлелдемелерді, оның ішінде оқиға орнынан алынған ақша мен ауыстырған киімді де ескерді.

Прокурор бұрынғы полиция қызметкерін тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер прокурормен келісті. Сотталушы үкімді жеңілдетуді сұрады. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігінің бұл санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

«Ант қабылдаған адамның қылмыс жасауын ауыр жағдай ретінде ескере отырып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды», – деп хабарлады Павлодар қаласының №2 сотында.

Және ол кіші полиция сержанты атағынан айырылған. Материалдық шығынды жас жігіттің ата-анасы толық өтеген.