Ақылы түрмелер керек пе?
Ақылы түрмелер керек пе?
366
оқылды

«Сүрінбейтін тұяқ жоқ...». Жаза басып, жаңылғандарды тоғытып жатқан темір тордың арғы жағындағы жағдайдың қандай екенін екінің бірі біледі. Көне барақтар, ескі жиһаздар және ұнжырғаңды басатын сұрықсыз бояу. Ендеше мұндай ахуал адамды түзеп шығарады деп айту қиын. Осы ретте «елімізде ақылы, жекеменшік түрмелер керек пе?» деген мәселенің көтерілгеніне көп болған еді.

Жекеменшік төрт түрме

Бұл мәселе соңғы рет 2015 жылы сөз болыпты. Сол кезде елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде 4 түзеу мекемесі салынатыны туралы хабарланған болатын. Олар Петропавл, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында салынады деп хабарланған еді. Тіпті, жер телімдері бөлініп, құжаттары әзірленген. Бірақ құрылыс жұмыстары басталмаған екен. Бір түрменің құрылысына 18 млрд теңге шамасында қаржы кетуі мүмкін делінген. Содан бергі уақытта бұл мәселе тоқтап қалды. Болмағанда бұл күндері елімізде әрі жайлы, әрі қауіпсіз төрт түзеу мекемесі жұмыс істеп тұрғандай екен. Сол кездегі бастамашыл топтың айтуынша, мемлекетке масыл болмай, тіпті табыс та әкелмек. «Мұндай түрмелердегі тәртіп пен қа­уіпсіздікті мемлекет қамтамасыз етуі керек. Оны жекеменшікке беруге бол­майды. Әйтеуір, Еуропада солай. Одан соң құрылыс материалдарынан үнемдеп қа­жеті жоқ. Сондай-ақ табиғи түрдегі жа­рық­тандыру мен желдету жүйелерін ке­ңінен қарастыру қажет. Мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік аясында салынатын болғандықтан, мұндай мекемелер міндетті түрде табыс әкелуі қажет. Өйткені ин­вестор салған ақшасын қайтарып алуы керек қой. Ал ол үшін концессионер не­месе меншік иесі бір мезгілде әрі бизнес­мен, әрі құрылысшы, әрі басқарушы болуы қажет», – деген еді сол кезде Еуропа және Латын Америка елдерінде түрме салудан 25 жылдық өтілі бар француздық Vinci Constructions Grand Project компа­ниясының Қазақстандағы филиалының басшысы Тимур Джабуа. Шетелдік маманның айтуынша, жаза­сын өтеушілерді жұмыспен қамтудың екі мақсаты болады екен. Бірі – еңбекпен түзеу. Мәселен, Еуропада сотталушы­лардың күш-қуатын дұрыс бағытқа жұм­сап, уақытын тиімді пайдаланып, табыс табуға тәрбиелеуге баса назар аударады. Ал екінші мақсаты – мекемеге табыс әке­лу. Америкада және көптеген басқа ел­дерде жазасын өтеушілерге тек жұмыс күші ретінде қарайды. Олардың еңбекке қабілеттілерін міндетті түрде жұмысқа салады. Бұл екі әдістің де екеуі де нәтиже береді екен. Джабуаның ойынша, түрмені салғаннан кейін де мемлекет меншік иесін оны күтіп ұстау және жарақтандыру проб­лемасымен жалғыз қалдырып кетпеуі тиіс. Қандай жағдайда да сәйкес министрліктер бұл жұмыстарды қаржы бөліп болса да көмектесіп, үйлестіріп отыруы керек.

Ғимарат қоры өте ескі

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде түзеу мекемелерін, уақытша ұстау изоля­торларын, қоныс колонияларын қосқанда 82 ҚАЖ мекемесі бар. Оларда барлығы 32 мыңнан астам қамауда екен. Соның ішінде 25 мыңы жазасын өтеушілер болса, 6,5 мыңы тергеуде жүрген арестанттар. Елі­мізде 6 әйелдер колониясы бар. Онда 2 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Сонымен бірге түрме контингенті ара­сында жасы 18-ге толмаған 52 жасөспі­рім, 60-74 жас аралығындағы 655 қария, 712 мүмкіндігі шектеулі жан, 1 232 шетел аза­маты және 149 азаматтығы жоқ тұлғалар бар. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, осы 25 мыңнан астам жазасын өтеушілер­ді ұстап тұру үшін бюджет­тен жылына 38 миллиард теңге бөлінеді екен. Бұл деге­ні­міз – бір сотталушыға айына 125 мың теңге кетеді деген сөз. Әрине, ел қазынасы үшін аз ақша емес. Сондықтан да бұл мәселені халықаралық тәжірибеге сүйеніп шешу үшін түзеу мекемелеріндегі жұмыс­пен қамту мәселесі күн тәртібінде бірінші ке­зекке шығарылды. Бұл бағытта рефор­ма­лар жасалып, осы уақытқа дейін моно­полист болып келген «Еңбек» РМК ығыс­тырылып, режимдік мекемеге сырттан азаматтық кәсіпкерлерді тартуға, жазасын өтеуші­лердің өздеріне кәсіп ашуға рұқсат бе­рілген болатын. Содан бері мұндағы өн­ді­ріс екпіні аз ғана жанданғанымен, түрлі материалдық-техникалық, өндіріс­тік-экономикалық қиындық онсыз да күр­делі жағдайда жұмыс істеп жатқан кәсіп­­керліктің адымын аштырмады. Мем­лекет түзеу мекемелеріндегі өндіріс орын­да­рынан ауыз толтырарлықтай табыс таба алмады. Жазасын өтеушілердің еңбек­ақысы өздерінің мұқтаждығына, мойнын­дағы талап-қарызын өтеуден аспады. Сондықтан да әр жазасын өтеушіге жұмсалатын шығын өндіріліп жатқан жоқ. Оның үстіне, еліміздегі сексеннен ас­там түзеу мекемесінің басым бөлігінің ғимарат қоры өте ескі. Соңғы отыз жылда олардың жаңара қойғаны бірен-саран. Осы реттен келгенде еліміздегі түзеу мекемелерінің дені сталиндік тота­лита­ризмнен қалған мұра деуге болады. Түгелге жуығы барақ түріндегі тұрғынжайлар. Ал камералық типке қарағанда казармалық үлгідегі ұстауда ішкі тәртіпті қадағалау бір­шама қиындық тудыратыны белгілі. Осы және басқа да көптеген проблема күн тәртібіне жаңадан халықаралық мо­дульге сәйкес ақылы түрмелер салу қаже­тін шығарды. Бұл туралы еліміздегі пікір­лер екіге айырылды.

Қолдайтындар мен қарсылар

Осы тығырықтан шығуды қолдайтын­дардың басты дәйегі – ҚАЖ саласының материалдық-техникалық базасының жұтаңдығы. Ең қиын шаруа адам тәрбиелеу десек, әуелі пенитенциарлық жүйенің жағ­дайын жасау қажет. Солардың бірі белгілі адвокат Әнуар Түгел бұл бастаманы әу бастан-ақ қолдайтынын жеткізді.

Елімізде түзеу мекемелерін, уақытша ұстау изоля­торларын, қоныс колонияларын қосқанда 82 ҚАЖ мекемесі бар. Оларда барлығы 32 мыңнан астам қамауда екен... Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, осы 25 мыңнан астам жазасын өтеушілерді ұстап тұру үшін бюджет­тен жылына 38 миллиард теңге бөлінеді екен.

«Қазіргі қылмыстық-атқару жүйесін­дегі мекемелердің ескілігі сондай, олар жазаларды орындаудың Қазақстан өз мой­нына алған міндеттемелердің стандарт­тарына, хаттамаларына сәйкес келмейді. Сондықтан да олар белгілі бір дәрежеде адам құқығын бұзып отыр. Бізге жаза өтеу­дің камералық және тағы да басқа түр­леріне көшіп, жазасын өтеушілерді ұстау жағдайын жақсарта түсу қажет. Бұл туралы әлдеқашан айтылғанымен, мемлекет бұл тұрғыда қатты асығып отырған жоқ. Сондықтан да оны жекеменшікке берген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені олар бұл тұрғыда өте икемді, уақыт талаптарына ден қоя отырып, жедел шешімдер қабылдай алады. Меніңше сұрақты «керек пе, керек емес пе?» деп қойғаннан гөрі мұндағы ұйымдастыру мәселесін ойлану керек. Режимдік қауіпсіздік, жұмыспен қамту, медициналық көмек, өндірістік аймақ – осылардың барлығы қалай жүзеге асады, кім жүзеге асырады және кім қаржы­ландырады? Менің ойымша, тапсырыс беруші – мемлекет қаржыландыруы тиіс. Кейіннен ішкі қадағалау, тамақтандыру, денсаулық сақтау, тәрбие жұмыстары қызметтерін де жеке компанияға беруге болады», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Адам құқығын қорғау жөнін­дегі ғылыми-зерттеу институтының ди­рек­торы, заң ғылымдарының кандидаты Әнуар Құрманбайұлы. Жалпы, қылмыстық-атқару саласын модернизациялау ең алғаш Елбасының 2015 жылы 20 мамырда қабылданған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарла­масында қарастырыла бастаған болатын. Онда бас бостандығынан айыру орында­рынан босап шыққан жазасын өтеушілерді әлеуметтік сауықтырудың тиімді тетіктерін құру, пробация органдарын осы іске араластыру мәселелері көтерілді. Кейбір мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене оты­рып пенитенциарлық жүйеге жекеменшік қаражатты тарту жайы сөз болды. Еуро­палық стандарттарға негізделген, жайлы әрі жоғары технологиялық ақылы түрме­лер туралы да осы кезден айтыла бастаған еді. Ал қарсы тараптың үні одан бұрын шықты. «Бұл тұрғыда біз түрме дегеніміз адам­дардың қайғы-қасіреті ұйып қалған орта екенін ұмыт қалдырған сияқтымыз. Сондықтан да оны жекешелендіру мүмкін емес. Бұл олардың психологиялық азабын одан сайын ауырлата түседі. Белгілі аме­рикалық ғалым және жазалау саясатының ымырасыз сынаушысы Ховард Зер айт­қандай, мемлекет шешімдер қабылдаудағы монополистік рөлінен айырылмауы керек. Жазаларды орындау – көпшіліктің мүддесін дәріптеуші, қоғамдық тәртіптің бөлшегі. Сондықтан оны жекеменшікке беруге болмайды. Бұл жазасын өтеуші­лердің бостандығын одан сайын шектеуге, еңбегін қанауға алып келуі мүмкін. Бұл туралы сонау 2010 жылдан бері айтып келеміз. «Жекеменшік түрмелер: мемле­кеттік жазалау саясатындағы тығырық» деген ғылыми мақалада сынап жазғанбыз. Сол кезде Израильдің бес жылдан кейін осы тәжірибеден бас тартқаны туралы да айттық. Түрмелер жекеменшікке айналса, коммерциялық құпия, қызметтік құпия деген желеумен қоғам тарапынан, құқық қорғаушылар тарапынан ондағы про­цестерді қадағалау қиын болып кетеді. Бұл еліміз жүргізіп отырған гуманизация саясатына қарсы. Жазасын өтеушілерді ресоциализациялау күрделене түспек», – дейді ішкі істер органдарының қызме­тіндегі мәселелер бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі, ШҚО мәслихатының депутаты, заң ғылымдарының докторы Қуат Рахымбердин.

Нұрлан ҚОСАЙ