Үкімет несие алмақшы: Қазақстан-"Сбер" меморандумы жарияланды
Үкімет несие алмақшы: Қазақстан-"Сбер" меморандумы жарияланды
Коллаж: Жұмабек Айқынұлы
393
оқылды

Қазақстан Үкіметі мен ресейлік Сбербанк қол қойған меморандумның толық мәтіні жарияланды. Меморандумның қаржылық және заңдық міндеттемесі жоқ және алдын ала шарт емес екені жазылған. Бірақ, күшіне енуі үшін тараптар жеке шарт пен келісім жасасуы керек.

Меморандумның толық атауы "Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және "Data-Driven Government" тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы" деп аталады.

Құжатта Қазақстан Үкіметі цифрлық трансформацияға және цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүдделі екені жазылған. Сонымен бірге СБЕР компаниялар тобына әріптес ретінде "BTS Digital" ЖШС компаниясы таңдалған.

"Цифрлық платформалық шешімдерді құруға арналған технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар СБЕР компаниялар тобы стратегиялық әріптес ретінде қазақстандық бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші – "BTS Digital" ЖШС ("СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесі") анықталды", - делінген құжатта.

Айта кетейік, "BTS Digital" ЖШС - ERG тобының еншілес компаниясы. ERG-де Қазақстан Үкіметінің 40% үлесі бар. BTS Digital компаниясы қазақстандықтарға Aitu экожүйесі арқылы танымал. Экожүйе қоғам өміріне, бизнес жүргізуге және мемлекеттік басқаруға арналған жобаларды ұсынады. Меморандум аясында Қазақстан Үкіметі 2022 жылдың бірінші тоқсанында GovTech цифрлық платформасын енгізу үшін негізгі параметрлерді әзірлеп, GovTech платформасының мақсатты архитектурасын, соның ішінде техникалық тапсырманы әзірлейді.

Несие алмақшы

Мемлекеттің кепілдігімен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ "Сбербанктен" ЖАҚ несие алмақшы. Құжатта несиені "Қарыз туралы келісім" деп атаған. Несиенің қанша пайызбен берілетіні көрсетілмеген.

"Несие "Сбербанк" ЖАҚ тарапына барлық қажетті құжаттар уақтылы ұсынылған жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 500 миллион АҚШ долларына дейінгі мөлшерінде беріледі", - делінген меморандумда.

Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрлық платформаға ауысуға 500 млн. доллар көлемінде қаржы жұмсалатынын хабарлады.

"Бөлінетін 500 миллионның барлығы СБЕР-ге жұмсалмайды. Меморандум – келісімшарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен – 500 млн.", - деген еді министр.

Меморандум іске асуы үшін тараптар 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қол қоюы керек. Еске сала кетейік, 3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басқармасының төрағасы Герман Греф ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес ресейлік компания Қазақстанның мемлекеттік секторын цифрландыру жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысады. Бұған дейін Сбербанктің 50%-дан астам акциясы Ресей үкіметі бақылайтын Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі екені жазылды.