1. Клиенттер үшін сыйақы
Алаяқ компания көбіне клиент алып келгендерге қосымша ақы төлеуге уәде береді. Мұндай кезде олардың ұсынысынан бас тартып, басқаларды да құлақтандырыңыз.
2. Нарық деңгейінен бірнеше есе көп табыс табуға кепілдік береді
Әдетте, «инвесткомпаниялар» мол табысқа жайдан-жай кепілдік бере алмайды, ондай әрекетке заң жүзінде тыйым салынған. Демек, егер біреу "мол табысқа кенелетініңізге" кепілдік берсе, ол - алаяқ.
3. Лицензиясы болмайды
Компания ақшалай салымдарды халықтан жинайды немесе қор нарығына инвестициялауды ұсынады. Бірақ ол компанияда лицензиясы болмаса, байланысудың қажеті жоқ, ол - алаяқ. Мұндай ұйымдар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында болмағандықтан, сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді ешкім қорғай алмайды.
4. Артық жарна сұрайды. Жарнасының болуы: ресімдеуге, оқытуға, акциялар және т.б. үшін
Әдетте, алаяқтар қаржы пирамидасына мүше болу үшін құжат рәсімдеуге, оқытуға, акцияға жарна сұрайды. Себебі жарна - пирамиданы ұйымдастырушылардың негізгі табысы.
5. Меншігінде мүлік те, актив те болмайды
Әдетте, нәтиже жоспардағыдай болып шықпаған жағдайда компанияның меншігіндегі мүлік пен активтерді сатып, салынған ақшаны ішінара қайтаруға болады. Ал қаржы пирамидаларында мұндай активтер болмайды.
6. Өктем жарнама науқаны
Қаржы пирамидасының жарнамасы клиентті тез тартуға бағытталғандықтан, онда тек пайдалы тұсын көрсетуге тырысады.
7. Ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы
Пирамидаларда салымшылардан басқа клиент болмайды. Басқа бизнес-серіктестері туралы ақпаратты ешқашан жарияламайды.
Жалпы кез келген компанияға қаржы салмас бұрын көп ізденіңіз, мүмкіндігінше көп ақпарат алуға тырысыңыз. Басқалардың пікіріне құлақ асыңыз, бірақ кейде сол пікірді айтушы алаяқ компанияның өкілі болуы мүмкін, сондықтан кез келген адамға сенбеңіз. Барлық құжатын оқып шығыңыз. Компания нақты немен айналысатынын және ақшаңыздың қайда салынатынын сұрап біліңіз. Егер компания өкілі сылтау айтып, ақпарат беруден, құжаттарын көрсетуден бас тартса, ондайларға - жоламаңыз, басқаларға да күмәнді екенін ескертіңіз.
8. Төлемдер тек қолма-қол ақшамен қабылданады
Егер компания тек қолма-қол ақша қолданатын болса, бұл ұйымға сенбеуге барлық негіз бар. Солай алаяқтар қаржы айналымын бақылау органдарынан жасырынады.
9. Тек жеке кездесу кезінде кеңес беру
Жеке кездесуде клиенттің сеніміне кіріп, оны қаржы салуға сендіру үшін түрлі психологиялық әдіс пен амалды қолдану жеңіл болады.
10. «Келісімшартқа» ойланбай қол қоюды ұсынады
Кез келген ситуацияда келісімшартқа қол қоймай тұрып, үлгісін сұрап, онымен асықпай танысып шығыңыз. Кей ережесі түсініксіз болса, кәсіби маманмен кеңесіңіз. Қаржы салған жағдайда оның дәлелі ретінде қандай құжат берілетінін және оның заңды күші туралы біліп алыңыз.
Айта кетейік, eGov.kz дерегінше, қаржы пирамидасының қызметіне әлемнің 30-дан астам елінде тыйым салынған. Оның ішінде Аустрия, Ұлыбритания, Франция, Канада, Италия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері бар. Қазақстанда да қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 150-бабына сәйкес қаржы (инвестициялық) пирамидасы қызметін жасағаны, таратқаны және жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.