Бірыңғай операторлар мәртебесінен айырылмақ
Бірыңғай операторлар мәртебесінен айырылмақ
569
оқылды

Елімізде бірыңғай операторлардың саны қысқармақ. Мәселен, Ұлттық тестілеу орталығы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, «Астана ЕРЦ» сынды тағы да басқа 25-ке жуық компания оператор статусынан айырылмақ. Мұндай заң жобасы бүгінде Парламентте қаралып жа­тыр. Әуелгіде оларға бұл мәртебе мемлекеттік сатып алу заңын айналып өту үшін берілген деген пікір бар. Сонымен, бұл тізімге қандай компаниялар ілігіп отыр?

47 млрд теңгелік нарыққа жол ашылмақ

Қазақстанда әр салада үйлес­тіру міндеттері жүктелген 51 опе­ратор бар екен. Олардың 47-сі мем­лекеттің қатысуымен құрыл­ған. Енді олар мемлекеттік моно­полия субъектілеріне қолданы­латын құқықтық шектеу режимінде жұмыс істейтін болады. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне бә­секелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сында қарастырылған. Бірақ нақ­ты қызмет түрін жүзеге асыратын бірегей құқығы бар операторлар саны көрсетілген бұл тізім бірінші кезекте қысқартуға ұшырамақ. Осылайша, 2025 жылға дейін елімізде 25-ке жуық компания мем­лекеттік сатып алу операторы деген тізімнен шығарылады. Қазірдің өзінде 11 операторға қа­тысты тү­­бегейлі шешім қабылда­нып, оның 4-еуі жойылған. Яки, мәртебесінен айырылып, еш­қан­дай артық­шы­лықсыз, мемлекеттік органдардың ведомстволық ба­ғынысты ұйым­дарына қалдырыл­ды. Ал 5-еуінің тағдыры биыл ішін­де шешілмек. Шамасы, олар жекешелендірілуі мүмкін. Қалған екеуінің жұмысы оңтай­ланды­рылатын болады. Антимоно­по­листердің пікірінше, мұндай ша­ралар қаржы бөлу каналдарын тазартып, шағын және орта бизнес өкілдері үшін тауарлар мен қызмет нарығындағы шамамен 47 млрд теңгеге жол ашпақ.

Арнайы және айрықша құқық

Сонымен, биыл тағдыры ше­ші­ліп жатқан алғашқы 11 компания енді мемлекеттік сатып алу бойынша бірыңғай оператор саналмайды. Олар – Мемлекеттік қызмет персоналдарын басқару бойынша ұлттық орталық, «Электр энергиясы және қуаты нарығының қазақстандық операторы», Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, Kazakhstan Project Preparation Fund, Мұнай мен газдың ақпа­рат­тық-сараптамалық орталығы, Республикалық электронды ден­саулық сақтау орталығы, «Астана ЕРЦ», Қызылорда облысының өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамытудың қазақстандық орталығы, «Қаз­Мұ­найГаз-Аэро» және Ұлттық тесті­леу орталығы.

Операторлар сондай-ақ ар­найы құқыққа және айрықша құқыққа ие квазимемлекеттік кә­сіпорындар болып бөлінеді. Егер айрықша құқық несімен ерекше­ленеді дейтін болсақ, бұл елімізде мұндай қызметпен тек осы ком­пания айналысатынын білдіреді.

«Шындығында, бұл тетік мем­лекеттік сатып алулар заңының нормаларын айналып өту үшін енгізілген деп санаймыз. Әзірге 18 оператордың қызметі мемлекеттік реттеуді талап етпейді. Өйткені олар әлеуметтік қызметтерді жү­зеге асырады, яки бизнеске ешқан­дай ықпалы жоқ. Олар «Болашақ», «Қазақтуризм» сияқ­ты және тағы да басқа осындай орталықтар. Біз оларға тиіспейміз. Олар сол қал­пында қалады. Ал 24 операторға қатаң антимонопо­лиялық реттеу­ді қамтамасыз ету ұсынылып отыр. Олардың 16-сы мемлекеттік кә­сіпорындар болса, төртеуіне же­кеменшіктің қатысы бар. Мәсе­лен, олар «Қазақтеле­ком», Satty Zhuldyz, «Оператор РОП» және тағы басқалар», – деді Бәсеке­лес­тікті қорғау және дамы­ту агент­ті­гі­нің төрағасы Серік Жұманғарин. Операторлар сондай-ақ ар­найы құқыққа және айрықша құқыққа ие квазимемлекеттік кә­сіпорындар болып бөлінеді. Егер айрықша құқық несімен ерекше­ленеді дейтін болсақ, бұл елімізде мұндай қызметпен тек осы ком­пания айналысатынын білдіреді. Мәселен, «Қаз­Транс­Газ», «Ин­тер­газ Орталық Азия», «Қазақстан Ғарыш Сапары» және тағы бас­қалар. Олар мемлекеттік монопо­лия үлгісінде және соған ұқсас амалдармен мемлекеттік реттеуге алы­нады. Яғни, бағалары толықтай рет­теледі, негізгі қыз­метінен басқа қызметтерді ат­қаруға, өзге ком­панияларға қа­тысуға тыйым са­лынады, кон­курс­тық іріктеу мен жариялылық талап етіледі. Ал ар­найы құқық де­геніміз, ол – мұндай қызметті бас­қалар да көрсете алатынын білдіреді. Мысалы, «Қа­зақте­ле­ком», «Қазпошта» және та­ғы бас­қалар. Жалпы, еліміздегі бірыңғай операторлардың басым бөлігі IT, көлік, байланыс және қар­жы саласында қызмет атқарады.

Ұлттық жоба монополияға қарсы

Бүгінде Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне бәсекелестікті дамыту мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының өзі 11 бағытты қам­тиды. Олардың ішінде бірыңғай операторлардың қызметін шек­теуден бөлек, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шараларына барлығына тең қолжетімділік туғызу, антимонополиялық ком­плеанс институтын жетілдіру, се­німді тұлға институтын енгізу және тағы да басқалары бар. Заң жо­басын әзірлеу кезінде 230 ұсыныс қаралған. Нәтижесінде, он заңға алпыс өзгеріс енгізілмек. Сондай-ақ, онда Бәсекелестікті дамыту жө­ніндегі Ұлттық жобаның жеке­леген іс-шараларын жүзеге асыру да қарастырылған. Бұл құжат ел экономикасындағы монопо­лия­мен қарсы күрес мақсатында биыл жасалып шыққан болатын. Өйт­кені антимонополистердің пікірін­ше, базалық салаларда нарықтық билік пен монополизацияның шо­ғырлануы сындарлы шекке жетіп отыр. Мәселен, үш ірі ойын­шының нарықтағы үлесі орташа алғанда 80%-дан асып кеткен. Осындай үстемдік жағдайын пай­даланып, Қазақстандағы олиго­полия бағаны көтеруге барын салып жатыр. Былтыр құрылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қалыптасқан жағдайдың себебін де, салдарын да жою үшін жасап шығарған бұл Ұлттық жоба үш бағыттан тұрады. Олар – бі­рінші, негізгі қуат көздеріне, ай­та­лық, көлік және байланыс желі­леріне, соның ішінде теміржол, кабельдік канализация, шыны-талшықты байланыс желілеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Оларға қолжетімділіктің шектеулі болуы жаңадан бизнес ашуда немесе бар бизнестің ау­қымын кеңейтуде үлкен қиындық тудырып отыр. Мәселен, теміржол саласында бұл нарықтың 99%-ына «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компа­ниясы ие. Сондықтан да былтыр­дан бастап екі жүк тасымалдаушы жекеменшік компания пилоттық режимде іске қосылған. Келесі жылдан бастап мұндағы кесте кон­курстық негізде саудаға шы­ға­рылатын болады. Жоба бойынша жекеменшік жүк тасымалдаушы компаниялардың үлесін 30%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Екінші бағыт – баға құраудағы бұрыс саясат. Мәселен, Кәсіп­керлік кодексінің 116-бабында бағаны реттеудің 14 түрі қарас­тырылған. Агенттік сарапшылары, мемлекеттік баға құрау көп ретте объективті негізге сүйенеді, бірақ кей ретте инновацияның, бәсе­келестіктің дамуын баяулатып жатады деп санайды. Үшінші бағыт – ішінара таңдай отыра қолдау көрсетуге немесе фа­воритизмге қарсы күрес. Бұл бүгінгі айтып отырғанымыздай, арнайы немесе айрықша құқыққа ие болған бірыңғай операторлар, яки жеке­меншік монополистер, ауызекі тіл­де айтқанда, «нарықтың чем­пиондары» практикасын шектеу. Сонымен қатар ұлттық жобада бәсекелес емес сатып алуларды қысқарту, халықаралық тәжі­ри­бені есепке ала отырып, бел­сен­дірілген бәсекелестік саясатын жүзеге асы­ру, нормативтік-құқық­тық актілер жобаларының бәсеке­лестікке әсе­р­ін бағалау, Open Banking тұжы­рымдамасын енгізу жоспар­ланған.

Нұрлан ҚОСАЙ