Егемендік алғалы бері ел игілігі үшін жүзеге асырылған бастамалар аз емес. Соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Қазақстанның дамуы үшін қажет мамандарды шетелде оқыту идеясын Елбасы Н.Назарбаев ұсынып, 1993 жылы бағдарламаны іске қосты. Бүгінде 11 мыңнан астам түлегі бар «Болашақ» стипендиясы ел жастарының арасында танымал. Себебі сынақтан сәтті өткен жас өрендер бюджет есебінен құны бірнеше мың доллар тұратын шетелдік білімді сіңіруге мүмкіндік алады. Аталған бағдарламаның бүгінгі нәтижелерін білу үшін Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозовамен сұхбаттасқан едік.
– Айнұр Бағдатқызы, «Болашақ» бағдарламасы отандық адами капитал әлеуетін арттыруда үлесін қосып келе жатқаны белгілі. Ал стипендианттар шетелде алған білімін Қазақстанда қолдана алу тиімділігіне сараптама жүргіздіңіздер ме? Себебі мемлекеттердің білім, ғылым, экономикадағы стандарттары әртүрлі ғой. – Сұрағыңызға рақмет. Әрине, жүргіздік. Өткен жылғы қарашада «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің ел экономикасына қосқан үлесін тереңірек зерттеу үшін Bolashaq Impact Report-1 атты зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижелері бойынша, жұмыс берушілердің 90%-ы бағдарлама түлектерінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалап, сонымен қатар түлектердің көшбасшылық, адамгершілік және коммуникативтік қасиеттерін ерекше атап өтті. Қараңыз, бүгінде 11 мыңға жуық түлектің 52%-ы орта және топ-менеджерге дейін өскен. Оның ішінде 10%-ы – өз кәсіпорындарының негізін қалаушы басқарушылар. Түлектер денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқару, инновацияларды енгізу және бизнес процестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді ілгерілетуде тер төгіп, қоғамдық бастамалардың басында жүр. Зерттеуге сәйкес, тек 2019 жылдың ішінде 545 дәрігер түлегіміз 213 мың күрделілігі әртүрлі операция жасады, ал педагог-оқытушы түлектеріміз 145 мың мектеп оқушысы мен студентін оқытты. Профессор атағы бар 150 түлек мыңнан астам ғылыми мақаласын әлемнің алдыңғы қатардағы ғылыми басылымдарында жариялады. Өнер саласындағы санаулы түлек 5 мың концерт ұйымдастырды, сонымен қатар 100 мыңнан аса жоғары сыныптағы мектеп оқушысына тәлімгер болды. – Бүгінде кейбір «Болашақ» түлектерінің үйді 5 жылға кепілге қойып, елден шықпай жұмыс істеуі ұзақтау. 5 жылдық меже 4 жыл докторантура оқығандарға да, 1 жыл магистратура оқығандарға да қойылатын бірдей талап. Бюджеттік шығын әртүрлі болса да, талап неге ортақ дейді. Бұл сауалға қалай жауап берер едіңіз? – Бұл сауал да жиі қойылып жүр. Алайда заң талабы бар. Сараптамаға сай 5 жыл деген шетелде алған білімнің ел игілігіне жаратылу тұрғысынан орташа есеппен алғандағы ең тиімді мерзім. 5 жыл мерзімді қысқартам деушілерге өңірлерге барып, еңбек ету мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан қарастырылған. – «Болашақ» бағдарламасы арқылы таңдалатын мемлекеттер мен университеттер тізімі жыл сайын өзгереді. Оқу орындары, елдер қандай талаптарға сай келуі тиіс? – Сұрағыңыз орынды. Бұл мәселені де Білім және ғылым министрлігі жаңа іріктеу талаптарына сәйкес бекітті. 2021 жылы үміткерлерге ыңғайлы болу үшін аталған тізім алғаш рет 3 жылдық кезеңге, яғни 2021-2023 жылдарға әзірленді. Мұндай шешімге бару да үлкен еңбекті қажет еткенін атап өтуім керек әрі тұрақты тізім үміткерлердің алдын ала оқитын оқу орны мен мамандықтарын, баратын елін жоспарлап алуына тиімді болары сөзсіз. Ал оқу орындары мен мемлекеттерге келсек, үш жетекші халықаралық академиялық рейтингтің (QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings) үздік 250 жоғарғы оқу орындарының қатарынан табылғандары ғана «Болашақ» бағдарламасына ілінеді. Осы талапқа сай, 2021-2023 жылдары ұсынылған ЖОО тізіміне 27 елдің 207 университеті кірген. – Бүгінде «Болашақтағы» арнайы санаттарды алып тастады. Санаттар о баста белгілі мамандық иелерінің стипендияға ие болуына жағдай жасау үшін енгізілген еді. Оларды алып тастау бастапқы ізгі идеяның жүзеге асуын тоқтатып тастаған жоқ па? – Шынында да, бұл жылы үміткерлердің барлық квоталық жеңілдетілген санаты алып тасталынды. Барлық үміткерге «Болашақ» талаптарына сай өз бетімен түскен болу шартын (ауылдық елді мекен үміткерлерін қоспағанда) алға тартудың басты мақсаты – конкурстық іріктеу барысында үміткерлерге тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің құқықтық негізін жасау. Аталған шара Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша ауылдағы жастарды қолдау және оларды әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға ынталандыру үшін қабылданды. Тек аталған санат бойынша үміткер конкурстық іріктеуден сәтті өткен жағдайда Қазақстан аумағында 6 айға дейін алдын ала тілдік даярлықтан өтеді және кепілдік нысаны жылжымайтын мүлікті ұсынудан босатылады. Бұдан басқа, «Болашақ» стипендиясы шеңберінде тағылымдаманың ғалымдар, педагог қызметкерлер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, инженерлік-техникалық қызметкерлер, мемлекеттік қызметшілер және мәдениет және спорт қызметкерлері деген алты санаты бекітілді. «Ғалымдар» санаты Президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Бұл тағылымдаманың алты санаты да кепілдік нысаны жылжымайтын мүліктен босатылған. – «Болашақ» түлектері кейбір кезде елге оралған соң алған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүріп қалады. Себебі ондай сирек мамандықтарға еңбек нарығымызда вакансия табыла бермейді. Содан түлектер кейде табылған жұмысқа келісе кетеді. Бұл жұмсалған бюджет ақшасының тиімсіз жұмсалуы деп ойламайсыз ба? Осы себепті стипендия бөлінетін мамандықтар тізімі қалай анықталады? Еңбек нарығының алдағы 2-3 жылдағы сұранысы ескеріле ме? – Түлектер деп қалдыңыз, біздің зерттеуімізге қарағанда, жалпы 8 202 түлек келісімшарттық міндеттемелерін орындап, 3 064 түлек шарттық міндеттемелері бойынша еңбек қызметін атқарып жатыр. Сонымен қатар мониторингтегі 3 064 түлектің 3 047-і алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, өз міндеттемелерін орындауда. Тек 17-сі ғана (0,5%) жұмысқа орналасу сатысында. Осыған орай түлектердің алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы кезінде қиындық туындап жатқан жоқ деуге болады. – Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Ел егемендігінің ең басты жетістігі деп нені айтар едіңіз? – Азаттықтың 30 жылдығында өз тағдырымызды өзіміз шешетін елге айналдық. Саяси тәуелсіздікпен бірге бізге сана тәуелсіздігі келді. Сонау қиын-қыстау заман – 1993 жылдың өзінде-ақ Елбасымыз «Болашақ» бағдарламасын құрып, сол арқылы қазір 11 мыңнан аса түлек елдің игілігіне қызмет істеп жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның адами капиталды дамытудағы ең сәтті де мықты стартабы «Болашақ» десем, еш артық емес. Ол бағдарламаның әрі қарай да жемісті болуы үшін аянбай еңбек ете береміз. Бұл да біздің тәуелсіздікке қосқан үлесіміз болып қала бермек. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН