Қазақстандық теннисшілер Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов Барселона челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Өткен аптада Лиссабон жарысында жеңімпаз атанып, соның нәтижесінде әлемдік рейтингте 164-орынға көтерілген 24 жастағы Попко бастапқы кездесуін әлемнің 280-ракеткасы, франциялық Тристан Ламазинмен өткізді. Екі сет қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Енді Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін әлемдік рейтингте 352-сатыда тұрған франциялық Маттео Мартиномен шеберлік байқасады. Ал тағы бір қазақстандық, әлемнің 270-ракеткасы, 20 жастағы Тимофей Скатов алғашқы айналымда рейтингте өзінен бес саты төмен тұрған франциялық Мануэль Гинармен кездесті. Тартысты өткен матчта қазақстандық спортшы 3:6, 7:6 (7:4), 6:1 есебімен қарсыласынан басым түсті. Екінші айналымда Скатов әлемнің 116-ыншы, жарыстың 2-ракеткасы, словакиялық Алекс Молчанмен кортқа шығады. Еске сала кетейік, тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Дияс та Индиан-Уэллс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.Абылайхан ЖҰМАШ