Арқада күн әлдеқашан суып, жұрттың көбі бүрсең қаға бастағанына біршама уақыт болды. Дегенмен Ақмола облысының орталығы Көкшетауда үйлерінде жылудың жоғын айтып шағымданған халықтың қарасы көп.
Әлеуметтік желілерде де мұңын билікке жеткізе алмай, зар илеген жұрттың жазбасынан көз сүрінеді. «Түнде киімшең жатып, қос-қостан көрпе жамыламыз, балалар ауырып жатыр» деген тұрғындар жергілікті биліктің табалдырығын тоздырған. Шаһар әкімдігі күні кеше қаланың барлық аумағына жылудың берілгенін мәлімдеді. Алайда күні бүгінге дейін бірнеше шағынаудан тұрғындары үйлерінің азынап тұрғанын айтады...Жылусыз отырған жұртшылық көп...
Қалада жылу маусымы басталар шақта мұндай жағдай жылда қайталанады. Жылу құбырлары ауыстырылып үлгермей, қазандықтардың жөндеу жұмыстары бітпей тұрғындарды шарасыз күйге түсіреді. Биылғы жылыту маусымы Көкшетауда 22 қыркүйекте басталған. Алайда арада екі апта уақыт өткенімен, қаладағы жылудың «жыры» таусылар емес. «Сарыарқа шағынауданында тұрамын. Үйдің іші қатты суық. Балалар күркілдеп, қызуы көтеріліп, ауырып жатыр. Жылудың әлі берілмей жатқанына алаңдаймыз. Түнде қос-қостап көрпе жамылып, киімшең ұйықтауға мәжбүрміз. Қашанғы дірдектеп күн кешпекпіз? Әбден қиналып кеттік...», – дейді қала тұрғыны Назгүл Шарбаева.Қалаға толығымен жылу берілді
Тұрғындардың жазбасына қарасақ, қаланың Жайлау, Сарыарқа, Боровской, Центральный сияқты бірнеше шағынауданда көптеген тұрғын үйлер жылусыз отыр. Алайда шаһарды жылумен қамтитын «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорны қаланы түгелдей жылумен қамтығанын айтып отыр. «Бүгінде қаладағы барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен көпқабатты 912 тұрғын үй мен орталықтандырылған жылуға қосылған жекеменшік сектордың бәріне жылу берілді. Біз жылуды тұрғын үйлерге дейін жеткізіп береміз. Одан әрі пәтер иелері кооперативтері (КСК) тұрғын үйлерді жылу беруге толықтай әзірлеуі тиіс. Жылу беру маусымында бірқатар қиындық болғанымен, олардың бәрі түзетіліп, жылу берілді. Қазір көмір мен мазут қоры жеткілікті», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Руслан Макишев. Облыс орталығына жылу екі магистраль құбыры арқылы беріледі. Біріншісі қаланың басым бөлігін, яғни 70 пайызға жуығын жылумен қамтыса, екінші торап қалған 30 пайызына жылу береді.Жылу құбырына неге жіңішке темір құбыр салынды?
Дәл осы екінші жылу торабының айналасында да соңғы күндері дау толастамай тұр. Қала тұрғындарының бірі осы құбырлардың жанында бейнеролик түсіріп, онда қолданылуы тиіс болған «мыңдықтардың» орнына 700-дік темір құбырлардың орнатылып жатқанын айтып, билікті сынға алған. Оның айтуынша, салынып жатқан жылу жіберілетін негізгі құбырдың диаметрі кері берілетін (обратка) құбырдан әлдеқайда төмен, әрі темір құбыр сыртынан мүлдем қапталмай салынған. «Әкімдікте осыған дейін ауыстырылатын жылу құбырының орнына «мыңдық» құбырдың салынатыны айтылған. Алайда оның уәде етілгендей 1 000 емес, диаметрі 700-дік кішкентай темір құбыр салынып жатыр. Әрі сырты мүлдем қапталмаған. Ол екі-үш жылдың ішінде ғана шіріп кетпей ме? Сіздер нені жылытпақсыздар? Пәтерлерді ме, әлде жерді ме? Бұларыңыз не сұмдық? Келер жылдары қарапайым халықтың ақшасынан қайта құбыр алып тағы жерге көмбексіздер ме?», – дейді қала тұрғыны Мәлік Ахметқалиев.Қапталмаған темір құбыр салуға мәжбүр болдық – әкімдік
Ал қалалық әкімдік құбырларды ауыстыру және жөндеу кезінде кіші диаметрлі құбырды орнатуға мәжбүр болғанын айтып ақталды. Оның айтуынша, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін мердігер компания олқылықтың орнын толтырып, құбырды өз қаражатына ауыстырып береді. «Біз мұндай қадам жасауға мәжбүр болдық. Өйткені олай етпесек қалаға жылу беру үшін әлі 20 күндей күтуге тура келеді. 700-дік құбырды №2 қосымша жылу торабымен қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін уақытша орнаттық. Жоба бойынша диаметрі 1 200 мм оқшаулағышы бар құбыр орнатылуы тиіс болған. Құбырды орнату кезінде сыртқы қалыбы жылжып кетті. Сондықтан диаметрі 700-дік құбырды орнатып, қалаға жылу бердік. Бұл құбыр уақытша орнатылып отыр. Келер көктемде шамамен мамыр айында құбырды мердігер компания өз есебінен ауыстыратын болады. Бұл үйлерді жылу температурасының төмендеуіне еш әсер етпейді. Ал жылу берілмей жатқан үйлерге келсек, қазір тұрғындардың өтініші бойынша қала әкімдігі, тұрғын үй инспекциясы мен «Көкшетау Жылу» комиссиялық түрде үйлерді тексеріп, ақау болса түзетуге кірісті», – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров. Қысқасы жылу берушілер мен әкімдік өкілдері ақталып, сылтау айтумен әуре, ал тұрғындар бүрсеңдеп жүр.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы