Санжардың үйі қараусыз қалған ба?
Санжардың үйі қараусыз қалған ба?
©А.Ахметқазы
457
оқылды

Бұл туралы тарихшы Алмас Жүнісбай Facebook парақшасында жазды.

Тарихшы: «Алматыда Санжар Асфендиаровтың үйі бар. Түрік консулдығының меншігінде. Бұл үйдің қазіргі күйі нашар, күрделі жөндеу және реставрация жұмыстарын талап етіп тұр. Бұл үй Алматы қаласының тарихи нысандар тізіміне кіргенімен, түрік консулдығының жерінде тұрған соң, қалалық әкімдіктің онымен шаруасы жоқ. Ол үйде Санжармен бірге Хәлел Досмұхамедұлы да тұрды емес пе? Оның дәлелі ретінде үйдің қабырғасына бір емес, үш бірдей ескерткіш-тақта орнатылған. Олардың бірде-біреуі көрінбейді. Себебі, консулдық өз жерін биіктігі 2 метрден асатын қоршаумен қоршап тастаған» дейді. Тарихшының айтуынша, бұл үйде тұрып, Санжар Асфендиаров қазақ жерінде тұңғыш университет құрып, 3 жыл оның ректоры болған. Осы үйде тұрып, Санжар қазақ топырағында тұңғыш медициналық университет құрып, оны бір жылдан астам уақыт басқарған. «Осы үйде тұрып, Санжар Асфендиаров денсаулық сақтау халық комиссары ретінде 1931-1933 жылдардағы сұрапыл ашаршылық пен індеттерге қарсы күрес жүргізді. Осы үйде тұрып, Санжар Қазақ өлкетану бюросына жетекшілік етті. Осы үйде тұрып, Санжар биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқан Ұлттық ғылым академиясының іргетасын КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы ретінде қалап, оның басқарушыларының бірі болды. Осы үйде тұрып, Санжар Асфендиаров қазақ тарихы бойынша өз іргелі ғылыми еңбектерін жазды. Осы үйде тұрып, Санжар Ағарту халық комиссарының орынбасары ретінде университеттер мен кітапхана ісіне жауапты болып, олардың дамуына үлес қосты. Осы үйде тұрып, Санжар Қазақстанда 1930 жылдардың басында бой көтерген бірнеше ғылыми-зерттеу мекемелерінің құрылуына атсалысты. Оның үстіне Санжар қазақтан шыққан алғашқы профессор, Мәскеуде шығыстану бағытындағы екі бірдей ғылыми институтты басқарып, Мәскеу университетінде Шығыс тарихы бойынша дәріс берді. Санжарды білмейміз, танымаймыз десеңдер, онда оның шәкірті болып, ізін қуып, қазақтың танымал ғалымдарына айналған Қажым Жұмалиев, Орымбек Жәутіков, Мұхаметжан Қаратаев, Дәмен Дінасыловтардың ұстазы туралы қалдырған естеліктерін оқып көріңіз. Абай туралы алғаш диссертация қорғаған академик Қажым Жұмалиевті әдебиеттану саласына алып келген де осы Санжар болатын. Ал енді, Алматыда Санжардың үйі бар да, музейі жоқ. Сонда Санжардың қазаққа сіңірген еңбегі аз ба? Бір музей ашып беруге бұл жоғарыда атап өткен еңбегі жектіліксіз бе? Үйі қирап, тозып жатқанына қалай шыдауға болады?» деп жазады.