«Бөрте» Еуропаның төрт бірдей театрында сахналанатын болады
«Бөрте» Еуропаның төрт бірдей театрында сахналанатын болады
361
оқылды

Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында «Заманауи театр өнеріндегі инновациялық-мультимедиалық ізденістер» тақырыбында Халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Түркістан музыкалық драма театрында премьерасы өткен Д. Исабековтың «Бөрте» қойылымының шығармашылық жетістігі, мультимедиялық жаңашылдығы мен шетелдік мамандардың қолданған тәжірибесі талданды. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Халыққа жолдауында аталған «Креативті индустрияны» театр саласы бойынша дамыту үшін үздік мультимедиялық спектакльдер шығару, мультимедия-сценограф мамандарын сапалы дайындау мен мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылды. Бөрте Конференцияға профессор-ғалымдар, өнертанушылар, облыс театрларының басшылары, театр мамандары, оқытушылар, докторанттар, магистранттар, студенттер қатысты. «Бөрте» спектаклін қоюға Италиядағы Генуя ұлттық театрының директоры, белгілі режиссер, актер әрі композитор Давиде Ливерморе, екінші режиссер ретінде Америкада, Германияда өз қолтаңбасын қалыптастырған италиялық Карло Шаккалуга мен сценограф Анна Варалдо шақырылған. «Біз эксперименттік бағыттағы тұңғыш театр ретінде сырттан режиссер шақыру арқылы технологиялық тәжірибе алмасып,  театрдағы жас актерлерімізге, режиссерлерге шеберлігінің шыңдалуына мүмкіндік жасағымыз келді. Режиссерлер көптеген технологиялар схемасын ұсынғанымен, оларды бір ғана спектакльде қаржылық тұрғыдан игере алмадық. Жыл соңына дейін озық техникалық және креатив шешімдерге негізделген тың қойылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылатын болады», – деді Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова. Қойылымға қажетті декорациялардың барлығын жергілікті ұжым өз қолымен әзірлеген екен. Театр басшысының айтуынша, ХІ-ХІІ ғасырлардағы көптеген музыкалық аспаптар болмағандықтан, спектакльге арнап эксклюзивті музыка жазған Хамит Шанғалиев инструменттердің дыбыстарын тауып, аспаптарды пластикалық трубалардан келтіріп жасаған. Конференция барысында спектакль турасында сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. 2018 жылы Т.Қ.Жүргенов ат.ҚазҰӨА ректорының у.м.а. Шәріпбек Әмірбековтың бастамасымен «Мультимедиялық сценография» мамандығы ашылған болатын. Осыған орай, «Сценография» кафедрасының меңгерушісі Сәнгүл Камалқызы «Бөртеде» мультимедиялық сценография элементтері жаhандану заманында сәтті қолданылғанын айтып, алдағы уақытта Түркістан музыкалық драма театры мен Карло Шаккалугамен ынтымақтастық орнатып, шетелдік тағылымдамалар мен онлайн және офлайн форматтарында мастер-класстар өткізуге ниет білдірді. Өнер академиясының басшылығы Түркістан театрының шақыртуымен бірнеше мамандарды арнайы спектакльдің премьерасын тамашалауға жіберген болатын. Спектакль жайлы өзінің пікірімен «Өнертану» факультетінің деканы Меруерт Жақсылықова бөлісті: «Ең алдымен техникалық тұрғыдан таза қойылым болғанын атап өткім келеді. Қазақстанда жаңа технологияларды өз орнымен қолдану әлі де ақсап тұр. Екіншіден, қойылым шынайылығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен ерекшеленеді. Бөртедегі сұлулықты көріп көзің сүрінеді. Мақтанышпен шетелге шығаратын қойылым деп айтар едім», – дейді Меруерт Болатқанқызы. Алдағы уақытта «Бөрте» Еуропаның төрт бірдей театрында сахналанатын болады.