Алматыға серіктес қала керек пе?
Алматыға серіктес қала керек пе?
443
оқылды

Жақында Алматы маңында G4 City атты шағын серіктес қала салынатыны туралы хабар тарады. Хабар тарады дегені болмаса, ол – 2006 жылы бастау алған идея. Идея пісіп, жетіліп, бюджеттен ақша бөлініп, құрылыс жүргенше осынша уақыт өтті. Алайда көп мәселе әлі де жоспар күйінде қалып отыр. Жалпы, бұл қалашық не үшін салынып жатыр? Ол Алматыға түскен демографиялық, транспорттық «салмақты» жеңілдетуге ықпалын тигізе ме? Ертең қыруар қаражат жұмсалып, жоспар күйінде қалып қойған кезекті жобаның біріне айналмай ма?

Жалпы, серіктес қала қажет­ті­лік­тен туған бастама. Себебі ХІХ-ХХ ғасырларда Еуропа мен АҚШ-та ірі қалалар зауыт пен фаб­рикалар маңын­да ретсіз қа­лып­тасып, өсе берді. Бұл шаһар­лар­ды дұрыс жос­пар­лауға мүмкін­дік бермеді әрі са­н­итарлық талап­тар­ға сай болған жоқ. Қала хал­қы­ның саны күрт арт­­ты. Сондықтан ХХ ғасырдың бел ортасынан бас­тап мега­пол­ис­тер­дің маңынан се­­­ріктес қала­лар­ды салып, өндіріс орындарының жар­тысын сонда көшіріп, олардың соңынан тұр­ғын­дардың белгілі бір бө­лігін қо­ныс­тандыру жос­пар­лан­ды. Әрине, бұл жоспарды жүзеге асыру оңай бол­мады. Неге? Өйт­ке­ні жеке ком­паниялар оңайлық­пен қала­дағы зауыттарын, штаб-пәтерлерін қаладан жырақ жерге ауыс­тыруға аса мүдделі емес еді. Ма­мандары­нан айырылып, қо­сым­ша шығын­ға ұшырауы мүмкін. Оған қоса, серіктес қаланы мега­по­лиспен жол, теміржол арқылы байланыс­тыру, инженерлік желі тарту, жаңа үйлер, ғимараттар салу үлкен шы­ғын­ды талап етті. Алайда осы та­лап­тар орындалғанның өзін­де тұр­ғындар үйреншікті ірі ме­га­полистен шағын қалашыққа құл­шы­ныспен көшуі екіталай еді. Міне, аталған факторлар кейбір се­­ріктес қалалардың сәтсіз шы­ғуы­­на себеп болды. Дегенмен өзін­­ше бөлек қалаға айналғандары да бар­шылық.

Әлемде қалай?

Жаһанда серіктес қала болып қалыптасқан елді мекендер аз емес. Соның бірі – Куинстаун. Сингапур іргесіндегі қалашық. Серіктес қала деген мәртебесі болмаса, қазір халқы 95 мыңға жеткен бөлек мекен. Алайда соңғы кезде серіктес қаланың басым бөлігі зейнеткерлер. Мәскеу халқының саны да күрт өскен соң серіктес қала қажет болды. 1960 жылдары Зеленоград салына бас­тады. О баста қалашық фабрикалар орын тепкен тігіншілердің орта­лығына айналу керек болды. Бірақ кейінірек информатика және электроника шоғырланған қала жасағысы келді. 1991 жылы КСРО ыдыраған соң бұл жоспар іске аспады. Бүгінде Зеленоградта 237 мың адам тұрады. Қалаға компа­нияларды көшіру үшін оны ерекше экономикалық аймақ деп жа­риялады. Кезінде Испания астанасы Мад­ридтің маңында 7 серіктес қала салуды көздеген. Алайда Мадридтен 22 шақырым қашықта жайғасқан Трес-Кантос қана қалаға айналды. Трес-Кантостың дамуына осында орналасқан Мадридтің технологиялық паркі оң ықпал еткен. Кейінірек BP Solar, BDF Nivea, Siemens сияқты ірі компаниялар кеңселерін кө­шірді. Бүгінде Трес-Кантостың ха­лық саны 43 мыңға жеткен. Тағы 20 мың адам Мадридтен келіп іс­тейді. Алайда еуропалық серіктес қа­лаларға ұқсамайтын да қала-мо­дельдер бар. Cоның бірі – Делидің іргесіндегі Гургаон. 31 млн-ға жуық халқы бар үнді шаһарына «көмекші қала» керек болғаны анық. Сол үшін Гургаон салынды. Кейін онда General Electric, Coca-Cola, Pepsi, IBM, American Express, MicrosoD секілді алып компаниялар өз фи­лиалдарын ашқан. Жаңа жұмыс орындарына халық ағылған. Бүгінде Гургаон миллионер қалаға (1,2 млн халық) айналып, оның өзіне Манесар сынды серіктес қала керек болып қалды.

Серіктес қала қалай салынуы керек?

Бұл мегаполистердің тәжіри­белері нені көрсетті? Ірі шаһарлар ретсіз созылып, кеңейіп, тұрғын­дар саны геометриялық прогрес­сиямен өсе бермеуі үшін өндіріс орындарын алыстау жерге көшіру керек. Яғни, жұмыс орындарын іздеген қала халқының біраз бөлігі сонда қоныстанады. Ірі қала біраз «жеңілденіп» қалады. Дегенмен компаниялар өз өкілдіктерін, за­уыттарын қала сыртына көшіруге келісу үшін оларға жағдай жасау қажет. Ол қандай жағдай? Ең ал­дымен транспорттық байланыс. Се­ріктес қала мегаполистен тым ұзақ болмауы шарт әрі жұрт оңай жету үшін автомобиль, темір­жол­дармен байланысуы қажет. Одан кейін жылу, жарық, телефон, ұялы, интернет байланыс сынды ин­женерлік желілер тартылуы тиіс. Тұр­ғындарға ыңғайлы үйлер, ғи­мараттар, мектеп, емхана, бал­а­бақ­ша сынды инфрақұрылым да маңызды. Салықтық жеңілдіктерді де ескеру шарт. Онсыз инвестор­ларды қызықтыру мүмкін емес. Алматы Ал енді Алматы мен оның се­ріктес қаласының жағдайы қан­дай? Бүгінде Алматының өзінде 2 млн, маңындағы елді мекендерді қосса, 2,5 млн халық тұрады. Қа­лада 500 мың көлік тіркелген, тағы 250 мың көлік күнделікті облыс­тардан келеді. Әрине, мұның бар­лығы жол тығынын тудырады. Ішкі миграция да тоқтар емес, Ала­тау бөктеріне былтыр 72 мың адам көшіп келген. Яғни, халық­тың көптігі Алматыда тұрғын үй, азық-түлік, көлік секілді маңызды тауарлардың бағасын өсіреді, экология да жақсара қоймайды.

Жоба туралы не білеміз?

Сөз болған G4 City серіктес қа­лашығы Алматы–Қапшағай жо­лының бойында салынбақ. Атауы тегін емес, қалашық төрт G-дан құ­ралады. Gate City – іскерлік және қаржылық орталық, Golden City – білім, медицина, мәдениет ошақ­та­ры шоғырланған мекен, Growing City – халықаралық кө­лік-логис­ти­калық орталық және Green City – Қапшағай су қойма­сының бо­йындағы курортты аймақ болмақ. 2006 жылдан бері жобаның кон­цепциясы да, инвесторлары да сан рет өзгерді. Жұмыс басталды деп 7 рет хабарланған. Бірақ пә­лендей нәтиже болмады. 2008-2019 жылдар аралығында осы жобаның жоспарын сызуға,  басқа қажеттілі­г­іне 37 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Алайда әлі қала түгілі оның іргесі де қаланбаған. Енді жобаны сингапурлық Surbana Jurong компаниясы алды. Қазіргі жоспар бойынша қала 220 мың тұрғынға арнап салынбақ. Ал бастапқы кезеңінде 60 мыңдай халық тұруы мүмкін және құрылыс 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс. Әзірге бар мәлімет осы. Ал енді жағдайды талдап көр­сек. Жалпы, бұл жоба керек пе? Жа­ңадан қала салу қажет пе? Бәл­кім, Алматы маңайындағы Талғар, Қаскелең секілді жұрт үйренген, жайғасқан елді мекендерді дамыт­қан тиімді ме? Егер Талғар, Қаскелең елді ме­кендеріне инвестиция салынып, олар Алматының бір бөлігіне ай­налса, онда қала жай ғана созылып кете береді. Бұл қаланың бір ба­сынан екіншісіне жету мүмкіндігін қиындатады. Себебі қалаға кіре­бе­ріс тұстарда үнемі жол тығыны туын­дайды. Ал егер Қапшағай жақ­қа қала түссе, онда алматылық­тардың бір бөлігі сонда көшуі мүмкін, яғни Алматы халқы сәл де болса азаяды. Бірақ әлі де күмәнді тұстары жеткілікті. Неге?

Біраз сауалымыз бар...

Біріншіден, Қапшағай Алма­тыдан қашықтау жерде жайғасқан, 77 шақырым. Жоғарыда айтылған Трес-Кантос Мадридтен 22 шақы­рым жерде орналасқан. Яғни, алматылықтар 1 сағаттық жерге көшуге келісе ме? Екіншіден, Ал­маты – Қапшағай арасында за­манауи әрі жүйрік теміржол ва­гондары салынбаса, жол тығыны ушыға береді. Себебі G4 City қа­лашығына көшкендер бәрібір де Алматыға келіп-кетіп жүреді. Үшіншіден, жұмыс орындары. Егер серіктес қалаға компания­ларды көшірмесе, онда жұмыс орны да болмайды. Ол үшін G4 City-да салықтық жеңілдік сынды жағдай жасалауы тиіс. Дегенмен Алматының маңында «Алатау» арнайы экономикалық аймағы бар. Онда біз айтқан жеңілдіктер жасалған. Бірақ ол аймаққа үдере көшкен компанияларды бай­қа­мадық. Ендеше олар қалайша 77 шақырым қашықтағы Қапшағайға барады? Осы жағы күмәнділеу. Төртіншіден, бұл шағын қалашық – қаржылық және халықаралық көлік-логистикалық орталыққа айналады деген мақсаты күмән­ділеу. Банктер, биржа Алматының өзінде орналасқан. Олар Қапшағай жаққа көшеді дегенге сенім аз. Олар келмесе, қалашық қалай қаржы орталығы болуы мүмкін? Қазір ол маңайда тек казинолар ғана бар. Бесіншіден, қала атауы сәтті шыққан деуге келмес. Бәл­кім, G4 City уақытша атау болуы мүмкін. Бірақ әлемде негізінен серіктес қала жаңадан салынса да, өзінің жергілікті атауын береді. Ендеше бұл қаланы неге Қапшағай деп атай бермеді? Қорыта айтқанда, серіктес қа­ланы салу – мегаполистердің қа­жеттілігі. Елорда маңындағы Қосшы қаласы да бауырына 60 мың адамды сыйдырып, біраз жүкті мойнына алып отыр. Жұрт оған тез үйренді, себебі ол 20 ша­қырым жерде жайғасқан. Жету оңай және Қосшы табиғи тұрғыда өсті. Ал енді 11 жылда 37 млрд тең­гедей  бөлінсе де, қабырғасы да қаланбаған қала сәтті шыға ма? Елордадағы LRT секілді бюджет ақшасы молынан жұмсалып, со­ңы­нан қылмыстық істер қозғалып, жемқорлар байып, жұрт тақыр жерді сипап қалатын жобаға ай­налмай ма? Алматының бүгінгі өсіміне көз тастасақ, серіктес қала керек-ақ, дегенмен кейде біздің шенеуніктер утопиялық жобалар ұсынып, соңынан саусағы майла­нып жататын жаман әдеті бар...

Нұрмұхамед БАЙҒАРА