«Сергек» сені тани ма?
«Сергек» сені тани ма?
© коллаж: Елдар Қаба
400
оқылды

Елімізде адамды бет-әлпетіне қарап ажырататын камералар орнатылуы мүмкін. Бұл туралы әзірге «Алматы–2025» жобасында қарастырылған. Адамның келбетін танитын және биометриялық деректерді анықтайтын жүйені енгізу қылмыскерлерді іздестіруде таптырмас көмекші болмақ. Ендеше оларды арнайы жедел мақсатта қолданудың арты жаппай аңдуға айналып кетпей ме? Осы сұраққа жауап іздеп көрген едік.

Нақты шешім қабылданған жоқ

Жаңа технологияны енгізу мә­селесінің қарастырылып жат­қаны туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов хабарлаған болатын. Қазір бейнебақылау камерасының әртүрлі мүмкіндігі әлем елдерінде кеңінен қолданыста екенін атап өткен ол соның қатарында адамның түр-әлпетін тану функциясы мен биометриялық мәліметтерді анықтау да бар екенін алға тартты. «АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея секілді елдерде құқық қорғау жұмысына заманауи технологияны енгізу едәуір алға жылжып кеткен. Жаңа технологиялар қылмысты ізін суытпай ашумен қатар оның алдын алуға да мүмкіндік береді. Біз де осындай мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануымыз керек. Сонда жеделдігіміз артып, қылмыс­керлердің қайда жүргенін қысқа мерзімде анықтап, ұстауға әрекет жасайтын боламыз. Бұл мәселе әзірге талқылану үстінде. Сондықтан да нақты шешім қабылданған жоқ», – деді Сәкен Сәрсенов. Биылғы 9 айда елімізде бейнебақылау камераларының көмегімен 10 мыңға жуық қылмыстың беті ашылған екен. Одан бөлек, елімізде жол ережесін бұзу фактілерінің 44 пайызы бейнебақылау камерасы арқылы анықталатыны белгілі болып отыр. Енді осы қазіргі бар «Сергек» жүйесіне интеграцияланатын адамды тану жүйесі де алдағы 5 жылдықта қолданысқа енгізілмек.

Антропометрия – жаңа жүйе

Адамның бет-бейнесін нақты уақыт режимінде криминалдық мақсатта анықтай алатын ақпараттық жүйелердің заманауи мүмкіндіктерін пайдалану мәселесі бұған дейін де көптеген жиында сан рет талқыланған болатын. Сондай жиынның бірі былтыр ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында өткен еді. Тіпті, осы мақсатта 2019 жылы оқу орнының базасында ІІО қызметін криминалдық қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу орталығы құрылған болатын. Осы орталық онлайн форматта халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды. Оған ІІМ өкілдері, оқу орнының басшылығы мен қызметкерлері, Алматы, Қостанай академия­ларының ғалымдары, «Папилон» АҚ, «Сөйлеу технологиялары орталығы» АҚБ, ALMA TECH ЖШС, Kazdream Technologies ЖШС мамандары, Өзбекстан мен ресейлік қонақтар қатысты. «Цифрлық технологиялардың қарыштап дамығаны сондай, қазір бақылау нысанын алыс қашықтықта да, қозғалыс үстінде де анықтауға болады. Бұл құқықбұзушылықтарды тергеу және ашу барысында өте тиімді болып тұр. Бейнебақылау жүйелері қылмыстық сот өндірісіне дендей еніп, жедел-тактикалық міндеттерді орын­дауға қолайлы ахуал туғызады. Алыс қашықтықтан нысанды нақты уақыт режимінде қадағалап отыру немесе өтіп кеткен оқиғаларды қайта қарау, кадрларды қатырып қою мүмкіндігі мұндағы жұмыстарды жеңілдете түсті. «Стоп-кадр» арқылы күдіктіні анықтау да оңай. Бұл бүгінгі жетістіктердің басы ғана. Ендігі мақсат жасанды интеллект, ақылды технологиялар дәуіріне батыл қадам басып, бейнебақылаудың одан да зор мүмкіндіктерін пайдалану болу керек», – дейді ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бастығы, полиция полковнигі Ақынғали Дәрменов. Бұл жиында бағдарлама жасап шығарушы әрбір компания адамның бейнесі арқылы оның кім екенін автоматты түрде анықтап беретін өз өнімдерін көпшілікке таныстырды. Мәселен, «Папилон» АҚ-ның «Папилон Полифейс» жүйесі мобильді немесе стационарлы камералардан нақты уақыт режимінде түсетін видеолардан адамдарды тануға барынша бейімделген екен. «Сөйлеу технологиялары орталығы» АҚБ-тың «Визирь» бағдарламасы онлайн жағдайда да, оффлайн жағдайда да адамдардың бет-жүзін 99% дәл анықтай алады. Сонымен бірге видео-фото мұрағаттарда сақталған материалдармен де жұмыс істей береді. Ал Kazdream Technologies компаниясы бизнестік, мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарға машиналық оқытуды (нейрондық желілерді) енгізумен айналысады екен.

Тану ма, аңду ма?

Технологиялық прогрестің қазіргі қарқынымен бұл жүйенің интеграциясына таяу 5 жылдықта кездесетініміз анық. Әйтсе де, қоғамда мұндай жаңашылдыққа сақтықпен қарау әдебі басым болып тұр. Интернеттегі комментарийлер мен посттардың дені «бұл – цифрлық концлагер», «тоталдық қадағалау дәуірі басталды» деген сыңайда болып келеді. Таяқтың екі ұшы бар демекші, Үкіметтің тану құралы ретінде ұсынып отырған жүйесі аңду құрылғысына айналып кетпесе болғаны. «Мен қоғамдық орындар мен көшелерде бұл жүйені енгізуге әлі де ерте деп ойлаймын. Өйткені біздің полиция реформалау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Олар Конституция мен заңнамаларды басшылыққа алғаннан бұрын бастықтарының айтқанынан шыға алмайды. Сондықтан да осынау технологиялық жаңашылдықтар тікелей мақсаты бойынша ғана емес, аңду, тіпті қудалау құралы ретінде де қолданылып кетуі әбден мүмкін. Ал енгізген жағдайда да әзірге тек еліміздің шекарасын кесіп өту орындарында, біздің заң төре­лігінен қашып бара жатқан немесе елімізге қылмыстық пиғылмен келе жатқандарды ұстау үшін орнатуға болады. Халық пен қоғам полицияның жұмысын толықтай қада­ғалауына алмайынша, олардың жұмысы ашық жүргізілмейінше, қоғам алдында есеп беретін жағдайға жетпейінше кеңірек қолдануға болмайды», – дейді Facebook-тегі «ІІМ реформасын талап етеміз» тобын ұйымдастыру­шылардың бірі Ерлан Нұрпейісов. Осы ретте халықтың полицияға сенбейтін реті де бар. Өйткені ұялы телефондарды ЖСН арқылы жеке адам басына тіркеген кезде олардың ұрлығын тоқтата аламыз деп уәде берген ІІМ бұл тұста да технологиялық шешімдерді нәтижелі пайдалана алмады. Әйтсе де, бұл бастаманы қолдаушылар да жоқ емес. «Мұндай камераларды орнатқан дұрыс. Өйткені қазіргі жағдайда бар технологиялық мүмкіндік сапалық жағынан да, форматы жағынан да адамдарды идентификациялауға толықтай мүмкіндік бермейді. Мәселен, біреулер мүлкін ұрлап кеткен адамды табуға полицияға көмектесіп, сол маңайдағы камералардан видеосын тауып беріп жатады. Соның өзінде де полицияның пұшаймандық танытатынын естіп, көріп жүрміз. Ал жаппай аңдуға айналып кетпей ме дегенге келсек, Оскар Уальдтің «1981 жыл» кітабында осы жай суреттеледі. Бірақ, менің ойымша заңға бағынып жүрген адам үшін қорқатын ештеңе жоқ. Жеке өз басым жаппай бақылаудан қорықпаймын», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов. Негізінен, мұндай жүйе бүкіл әлемде бар екенін қарапайым мысалмен түсіндіріп беруге болады. Ол азаматтық мақсатта қолданады. Яғни, осы Facebook-тің өзі-ақ жасанды интеллект арқылы сіздің суретіңізді тауып әкеліп, өзіңізге ұсынатыны бар. Google-дің іздеу жүйесінде де сурет арқылы табу функциясы қолданушыларға көп көмек. Енді осыны ішкі істер саласына әкелудегі түйткіл сенімге ғана тіреліп тұрған сияқты.

Нұрлан ҚОСАЙ