Шекарадағы карантин: транзитке ғана жол ашық
Шекарадағы карантин: транзитке ғана жол ашық
328
оқылды

«Көршіңіз байып жатса қуаныңыз, Үзіп-жырып бір­деңе бер­месе де, Қолын жайып ештеңе сұра­май­ды» деген жыр жол­дарында айтылғандай, Қытай қоң­сымыздың соңғы 10 жыл­дықтағы экономикалық сер­пініне тамсана да, үміттене де қарағанымыз рас. Ол қуанышымыз осы уақытқа дейін ақ­тал­ды да. «Мұ­хит­қа жол жоқ» елміз деп қапаланғанда, мұ­хит жолы­ның апаратын межесі нарық болса, сол «нарық мұхи­ты» іргемізге келіп толқыды емес пе? Бірақ дариялы ай­дында тайфун, торнадо секілді құбылыстардың болатыны сияқты, биыл шекарада тауар тасушы көлік­тер нөпірінің қаңтарылып қалғаны қазақстандық биз­неске «желкеніне жел күткен кеме екенін» се­зін­дірді. Бірақ жол неге транзитке ғана ашық?

Жыл бойы күшейе түскен тыйым

Былтыр басталған шекарадағы қаңтарылу мәселесіне биыл ғана на­зар аударылып отырған себебі, ондағы тыйымның күшейе түс­ке­нін­де. Естеріңізде болса, 22 қыр­күйек күні Мәжіліс депутаты Дания Еспаева пленарлық отырыста Қы­таймен шекарада контейнерлердің тұрып қалуына байланысты биз­нестің Т170 млрд шығынға батып отырғанын мәлімдеген болатын. Сол кезде ол бұл тұста көрші ел та­ра­пынан алалау барын айтқан еді. Өйт­кені қытайлықтардың COVID-19 шараларымен байланысты деп тү­сіндірген бұл тыйымы қызық бол­ған­да Қазақстанға ғана қатысты. Ал тран­­зиттік жүктер ағылып өтіп жатыр. Бұл мәселе Президенттің де назарын аударып, 25 қыркүйекте ол Үкіметке тиісті тапсырма берген еді. Бірақ жағдай одан сайын күр­делене түспесе, түзеле қойған жоқ. Мәселеге тікелей өзі араласқан Үкі­мет басшысы Асқар Мамин 12 қазан күні Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянға шекарадағы жағдайды айтып хат жазады. Ал 21 қазан күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі премьер-министрінің орын­басары Хань Чжэн осы мәселе жөнінде телефон арқылы сөйлесті. Премьер-Министрдің бірінші орын­басары барлық жүк тиелген ва­гондарды Қытай тарапы қабыл­дауға дайын екенін мақұлданғанын атап өтті. Сондай-ақ теміржол кө­лігі саласындағы халықаралық ке­лісімдер аясында тасымалдау жос­парын мақұлдаған тарап жүкті өз аумағына қабылдауға міндетті еке­нін еске салды. Телефонмен сөй­лесу соңында тараптар екі ел арасындағы Ынтымақтастық ко­ми­тетінің отырысын өткізу мүмкін­дігін талқылады. Естеріңізге сала кетейік, Комитеттің Х отырысы биыл Қазақстанда өтуі тиіс. Ол он­лайн түрде өтеді деп жоспарланған. Осы әңгімеден кейін шекарадағы кідіріске жан біте бастаған сияқты. Қытай тарапынан қазақстандық импортерлерге арналған кесте-үлгі келген. Онда жүк тасымалдаушылар контейнерлерінің нөмірін, жөнел­ту-жеткізу пункттерін көрсетуі тиіс екен. Бүгінде қос тарап осы құжат бойынша жүк қатынастарын рет­теуге көшкен. Оның қанша уақыт алатыны әзірге белгісіз.

Беделге де, қаржыға да шығын

Бұл мәселе бір жылдан бері жалғасып келеді дейтін себебіміз, 2020 жылдың тамыз-қыркүйек ай­ларынан бастап «Атамекен» ҰКП-ға отандық экспортерлер атынан шекарада теміржол бойынша да, автомобиль жолы бойынша да кедергілердің пайда болғаны жө­нінде көптеген шағым түскен екен. Бұл мәселе палата ішінде, ИИДМ алаңында, тағы да басқа деңгейде талқыланған. Бірақ соншалықты шешімін таба қоймаған. Жүктер шекарадан өтіп жатыр, бірақ өте баяу, 2-5 ай кідіріп зорға өтуде.
«Ал 2021 жылдың ортасынан бастап экспортерлерге қосыла, енді импортерлерден де өте үлкен көлемде шағым түсе бастады. Оның себебі – қытайлық контрагенттердің ақпараты бойынша, ондағы темір­жол тасымалындағылар қазақ­стан­дық жүк тасушыларға контейнер беруден бас тартып, оны еуропалық бағытқа кететін транзит жүкке бер­генді қолай көргені. Өйткені бұл олар үшін экономикалық жағынан тиімді. Осылайша, Қытай тарапы теміржол тасымалы бойынша өз­деріне алған белгілі бір міндет­те­мелерді бұзып отыр. Одан кейін де бұл туралы ҚТЖ көрші елдегі әріп­тестермен талқылағанымен, тасы­мал проблемасының түбегейлі шешіліп кете қоймағанын көріп отырмыз. Бұл біздің экспортерлер үшін де, импортерлер үшін де қар­жылай жағынан да, имидж жағынан да үлкен шығын», – дейді «Ата­мекен» ҰКП Логистика және та­сымал департаменті директорының орынбасары Дархан Мұратханов.
Одан бөлек, Қытайдағы тауар­тасушылар жағдайдың қазақ­стан­дықтарға байланысты емес екеніне қарамастан, біздің бизнесмендерден тауарларының қоймада сақтау ақысын төлеуді талап етіп отырған көрінеді. Салалық қауымдастықтың мәліметі бойынша, тұрып қалу салдарынан құр вагон иелерінің өзі тәулігіне 60 миллион теңге жоғал­тып отыр екен. Ал автокөлік тасы­малында фрахт құны бірнеше рет өсіп кеткен. Бұл шығын автоматты түрде жүктің құнына қосылатыны сөзсіз.

Тапшылық қымбатшылыққа әкеледі

Кейбір мәліметтер бойынша, бүгінде шекарада Қытайға бағыт алған 8 мыңнан астам жүк тиелген вагон қаңтарылып тұр. Мәселен, бір «Достық – Алашанькоу» шекара бекетінде Қазақстаннан Қытайға өтетін пойыздар саны тәулігіне 16-дан 5-6-ға дейін төмендеген. Сон­дай-ақ шекарада 7 мыңға жуық автокөлік кезекте тұр.
«Көліктердің шекарада қаңта­рылып тұруы ең бірінші кезекте та­уарлардың тапшылығына алып келді. Әуелі тұтыну тауарларының. Одан соң өндіріске керекті бөл­шек­тер және тағы да басқаларының. Мәселен, қазір жаңа автокөліктер тапшы. Тек бізде емес, Ресейде де, Өзбекстанда да, Еуропа елдерінде де солай. Өйткені жаңа бөлшектер жетіспейді. Салдарынан қолда­ныс­тағы машиналар қымбаттап кетті. Мұның барлығы пандемиямен тікелей байланысты. Өйткені түрлі тыйымдардың салдарынан өндіріс құлдырап кетті, тасымал тоқтады. Бірақ сұраныс азайған жоқ, кері­сінше көбейді. Енді пандемия біт­кен соң, сұраныс күрт артты да, ұсы­ныс берушілер таңдаудың көп­тігінен қымбат нарық іздеп кетті. Бұл – бір жағы карантин кезіндегі «қолдан сусыған пайданы» өндіріп алу ниетінен туындаған қарапайым нарық заңы. Олар Қазақстанның аз нарығын менсінбей, Еуропаның бай нарығынан қарпып қалуға ұмты­лып жатыр. Екінші жағынан оларда бүгінде контейнерлер тап­шылығы орын алып отыр. Сон­дық­тан бар контейнерді соларға жұм­сауда», – дейді белгілі экономист Сапарбай Жобаев.
Маманның айтуынша, тап­шы­лықтың соңы қымбатшылыққа ұласып отыр. Қазіргі азық-түлікке және басқа да тауарларға бағаның шарықтап кетуі – соның бір көрі­нісі. Мемлекет өз тарапынан жағ­дайды реттеуге қажет барлық шараларды қолға алуда. Сондықтан да жарты жылдан бері жалғасып келе жатқан шекарадағы көлік кептелісін тездетіп шешу қажет.

«Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей»

Болмысынан қырық құбылмалы Қытай көршіміз шекараны себепсіз жапқанда, алғаш қай жерде қате жібердік деген екіұдай күйде қал­ғанымыз рас. «Олардың өздерінің ішкі саясатында текетірестер болып жатырған көрінеді», «ұлттық ме­рекесіне дайындалып, шекараны жапқан екен», «еліміздің астана­сын­да өткен бір жиында дін туралы ой айтылып, Қытайдағы мұсыл­ман­дарды қудалауға сын айтылып­ты, олар соған өкпелеп қалыпты-мыс» деген болжамдар айтылды. Бізге ренжитіндей бұл жерде жағдай тек Қазақстанға қатысты болса бір жөн. Ресейде де Забайкальск-Манчжурия шекара бекетінде сон­дай жағдай болып тұр. Ендігі қадам мәселені сан-саққа жүгіртпей, құ­дайы көршімізбен келісімге келіп, логистика проблемасын ұзаққа созбай шешкеніміз.
«Ел ішінде бұл жағдайға саяси сипат беріп, «шалқайғанға шалқай» демекші, Қытайдың транзит жолын жауып тастау керек деген пікірлер айтылуда. Ол дұрыс емес. Ерегеспен ештеңе шешілмейді. Әрине, жауап берудің қандай да бір жолы болу керек. Бірақ біз «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жағдайды тығырықтан алып шығу керек. Ол ты­йым салу емес, шектеу түрінде бол­са, тіпті жақсы. Өйткені біз ха­лықаралық уағдаластықтардың бар­лығын орындап отырмыз. Жос­парды бұзған емеспіз. «Нұрлы жол» мен «Бір жол, бір белдеу» бағдар­ла­малары аясында ресми мәлімде­мелер жасалуы тиіс. Тіпті, ондай мә­лімдемелерді биыл жыл соңына де­йін Қазақстанда өтетін Ынты­мақ­тастық комитетінің Х оты­ры­сында  естіп қалуымыз мүмкін», – дейді саясаттанушы Қазбек Май­гельдинов.
Сөз соңында цифрларға кезек берсек, биылғы қаңтар-шілде айла­рында Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы тауар айналым $9,8 млрд құра­ған екен. Бұл былтыр­ғы­дан 7,4%-ға артық. Тасымалдың 55,8%-ын $5,5 млрд-тық экспорт құраған. Бұл сәй­кес кезеңнен 5,6%-ға кем. Импорт бойынша Қазақстан $4,3 млрд-тың тауарын алдырыпты. Бұл көрсеткіш былтырғы жеті айдан 29,8%-ға артық. Еліміздің та­уар айналымы құрылы­мында Ас­пан асты елі жалпы көрсет­кіштің 18,2%-ын құрайды. Соның ішінде экспорттың 17%-ы және им­порт­тың 20%-ы тиесілі. Бұл finprom.kz ақпараттық ресурсының мәлі­мет­тері Енді одан бергі цифрлар жыл соңына дейін анықталып қалар. Бұл жағдай тіптен созылып кет­кенде, карантиннің болжауы жоқ екеніне көзіміз жетті. Бұл панде­мия­ның ең алғашқы және соңғы то­сынсыйы емес сияқты. Әлемдегі екінші эко­но­мика саналатын Аж­даһа елдің «ашы­ғудан соңғы құнығу» екенін түсіндік. Әлемдік эконо­ми­када шамшырақ болып жанған Қы­тай экономи­ка­сының бүгінгі си­па­тына қарап, «Шам жарығы түбіне түспейді» дегеннен басқа лаж жоқ...

Нұрлан ҚОСАЙ