"5 мектеп салуға болады". Президент резиденциясын ұстауға қанша қаржы қажет?
"5 мектеп салуға болады". Президент резиденциясын ұстауға қанша қаржы қажет?
Фото: Аkorda.kz
373
оқылды

Блогер Әлішер Елікбаев Youtube арнасында ҚР Президентінің резиденциясы - Ақорданың ішіне экскурсия жасап, ондағы ресми іс-шаралар өтетін алты негізгі залды таныстырды. Ақорда 36,7 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, едені мәрмәр, гранит тастарынан жасалған және түрлі аспалы шамдармен ерекше безендірілген. Бірақ бізді Президент сарайын ұстауға республика бюджетінен қанша қаржы бөлінетіні қызықтырды.

Президент әкімшілігінің ғимараты "ҚР Президенті іс басқармасының "ҚР Президентінің әкімшілігі мен үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарайды. Басқарма Президенттің резиденциясын ғана емес, Үкімет үйі, Министрліктер үйі (елдегі ең үлкен кеңсе ғимараты), Қаржы министрлігі, Тұңғыш Президент мұражайы, Орталық сайлау комиссиясының әкімшілік ғимаратының шаруашылық жұмыстарымен айналысады. Оған "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында 61,4 млрд теңге бөлінген. Gosreestr.kz сайтының 2019 жылғы дерегінше, Президент іс басқармасына 337 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген. Оның қатарында: мемлекеттік әкімшілік ғимараттардан бөлек, Нұр-Сұлтандағы көпқабатты үй, 30-дан астам жеке жер үй, "Алатау" қонақүйі және Бурабайдағы курорт аймағы. Соның ішіндегі Президент әкімшілігінің шығыны үшін республика бюджетінен 2020 жылы 6,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 6,9 млрд теңге бөлінген. Онда 400-ден астам адам жұмыс істейді.

2019 жыл

2020 жыл

2021 жыл

2022 жыл

Президент әкімшілігінің шығыны (тг)

5,8 млрд

6,5 млрд

6,9 млрд

6,9 млрд

Айта кетейік, Қазақстанда 1000 оқушыға арналған мектептің құрылысына орташа есеппен 1 млрд теңге кетеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент әкімшілігінің шығынының орнына жылына шамамен 4-5 мектеп салуға болатын еді.