Сайлау – адамның ажырамас құқығы
Сайлау – адамның ажырамас құқығы
747
оқылды

Қазақстан – сайлау жү­йесінің өзіндік саяси-құ­қық­тық тарихы бар мемлекет. Соның ішінде тәуелсіздік алған соңғы 30 жылда елі­міздің саяси өмірі тартысты додаларға толы болды. Бү­гінде елімізде 20-дан астам мемлекеттік маңызды сай­лау науқаны өткен екен. Бұл еліміздегі саяси конъюк­­тураны халықаралық озық стандарттарға тән сипат­пен дамытуға ұмтылыстар­дың пәрменді екенін көр­сетеді.

Басқару институты – халық билігінің өкілі

Тәуелсіздік алған соң жас Қазақстан мемлекетінің алдында халықаралық стандартқа сай сайлау өткізу талабы тұрды. Демократиялық құндылықтарды басшылыққа ала­тын бұл институт үш негізгі құқықты басшылыққа алатын. Олар: елді бас­қаруға қатысу құқы, сайлау (да­уыс беру) және сайлану (кандидат болу) құқы, мемлекеттік қызметке тең қолжетімділік құқы. Жалпыға бірдей адам құқығы декларация­сында халықтың ерік-жігері үкімет­тік биліктің негізі болуы тиіс екені айтылған. Қазақстан үшін де халық­аралық қауымдастыққа кірігуі үшін осы жаңашылдықтарды қабылдауы қажет болды. Бұл талаптар бірден Қазақстанның 1995 жылғы Консти­туциясында айқындалды. Яғни, мем­лекеттік билікті ұйымдастыру­дың негізгі қағидаты ретінде – ерікті сайлау жолы таңдалып алынса, мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық. Осы Ата Заңның 33-бабы­мен еліміздің 18 жасқа толған аза­мат­тарына тегiне, әлеуметтiк, лауа­зымдық және мү­лiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көз­қарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез кел­ген өзге де жағдаяттарға қарамастан, мемле­кеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сай­лауға және оларға сайлануға, сон­дай-ақ республикалық референ­думға қа­тысу құқығына кепілдік берілді. Бұл процедураларға тек қана сот iс-әре­кетке қабілетсiз деп та­ныған, сон­дай-ақ сот үкiмiмен бас бостанд­ы­ғынан айыру орындарында отырған азаматтардың қатысуға құқы жоқ. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанып келеді. Елімізде Мемлекет басшы­сын сайлау және Қазақстан Пар­ла­ментін, сондай-ақ жергілікті өкілді орган­дарды құру ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы дек­ларациясына (1948 ж.), Халық­ара­лық азаматтық және саяси құ­қық­тар туралы пактіге (1966 ж.), Еуро­па­лық адам құқығы мен негізгі бос­тан­дықты қорғау туралы конвен­циясына (№1 Хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демо­кратиялық сайлаудың жалпыға та­нымал прин­циптеріне сәйкес ашық­тық және жариялылық жағдайында өтеді. Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабыл­данған «Қазақстан Республика­сын­дағы сайлау туралы» конституциялық заңда реттелген. Конституцияның және аталған заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді ор­гандар депутаттарын, сондай-ақ Қа­зақстан Республикасының жергі­лікті органдарының мүшелерін сай­лау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi. Қазақстан Президенті бес жыл мерзімге сайланады. Республика Президенті болып тумысынан рес­публика азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы 15 жыл тұратын республика аза­маты сайлана алады. Сенаттан және Мәжіліс секілді екі палатадан тұратын ел Парламенті – билік институтының заң шығару­шы бір тармағы. Оған ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жат­қан кез келген Қазақстанның аза­ма­ты депутат бола алады. Сенат 49 де­­путаттан тұрады. Қоғамның ұлт­тық-мәдени және өзге де елеулі мүд­делерінің қамтамасыз ету қажет­тілігі ескеріліп, Сенаттың 15 депу­татын Мемлекет басшысы тағайын­дайтын болып белгіленген. Ал қал­ған 34 депутат әр облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан екі адамнан сайланады. Мәжіліс 107 депутаттан тұрады. Олардың 98-і Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер бойынша тепе-теңдік сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мұндай жүйе биылдан бастап қолданысқа енгізі­ліп отыр. Тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Жасы 25-ке толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Бұған дейін Мәжіліс депутаттарын сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өткізілетін. Яғни, 67 депутат бір мандаттық сайлау ок­ру­гі бойынша сайланып, ал 10-ы – саяси партиялардың тізімі бойынша сайланатын.

Заң түзелді, сайлаушы сен де түзел

Әрине, жас мемлекеттің қалып­тасу, даму тарихында демократиялық құндылықтарды басшылыққа ала отырып өткізілген сайлау науқан­дары мінсіз деп айтудан аулақпыз. Өйткені дүниежүзінде әбден жетіл­дірілген сайлау жүйесі әлі де болса қалыптасып болған жоқ. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзінде де әрбір сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табылады. Сондықтан да «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң үнемі жетіл­діріліп, заманауи әлемнің реалий­леріне сәйкес түзетіліп отырады. Мәселен, 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған бұл заңға содан бері 14 рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшыраған екен. Жалпы алғанда, 792-ден астам түзету енген. Осы­лайша, еліміздің сайлау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты қалыптастырған сайлау құқығының негізгі қағидаттарына сай, Қазақстан Конституциясына негізделген сайлау жүйесін құруға мүмкіндік береді. «Сайлау туралы» заңға неғұрлым тұжырымдамалық өзгерістер 2004, 2007, 2009, 2011 және 2013 жылдары енгізіліпті. Солардың негізгілерін атап өтер болсақ, 2004 жылы бала­масыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталып, сайлау комиссия­ларын қалыптастырудың жаңа қағи­даты – саяси партиялардың ұсынуы­мен жергілікті өкілді органдарды сайлау бастамасы енгізілді. Сай­лаушылардың тізімін құру қағидаты өзгеріп, олар тізімге тұрғылықты жеріндегі тіркеуге сәйкес енгізілді. Кан­дидаттардың БАҚ-қа тең қолже­тімділігіне кепілдіктер беріліп, отан­дық және халықаралық байқау­шы­лардың құқықтары едәуір кеңейді. Ал Конституцияға 2007 жылғы ма­мырда енгізілген өзгерістерге бай­ланысты «Сайлау туралы» заңда Пар­ламент Мәжілісін қалыптасты­рудың жаңа тәртібі белгіленді. Сон­дай-ақ саяси партиялардың сайлау комиссияларының жұмы­сына қа­тысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Атап айтқанда, сайлау комиссиясының құрамында өкілдері жоқ саяси пар­тиялар сайлау науқанын дайындау және өткізу кезеңінде сайлау комис­сиясына өзінің өкілін жіберуге құқылы болды. Республиканың сайлау заңнамасына 2009 жылы енгізілген маңызды өзгерістің бірі – екінші партия заңда белгіленген 7%-дық кедергіні еңсермеген жағ­дайда да, кемінде екі саяси партия­ның қатысуымен Парламент Мә­жілісін құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктің енгізілуі. Аталған тетіктің енгізілуіне себеп – 2007 жылы өткізілген Парламент Мә­жілісінің депутаттарын сайлауда дауыс беру нәтижелері бойынша қалған барлық партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық кедергіні еңсермегендіктен, барлық мандаттар бір партияға тиесілі боп қалған еді. 2011 жылғы толықтырулар респу­б­лика Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізу мәселелерін қамтыды. Соның ішінде кезектен тыс Президент сайлауын Президент тағайындау жайы егжей-тегжейлі көрсетілді. Бұл ретте сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комис­сия­сы анықтайды. 2013 жылғы толық­тырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сай­ланған депутаттар өкілеттіктерінің конс­титуциялық мерзімін есептеуге қатысты болды. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісі де жақсаратыны сөзсіз. Сайлаушылардың және басқа да сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті артады. Осы уақытқа дейін үздіксіз даму үстінде болған Сайлау реформасының ма­ңызды бағыты, сайлау комиссия­ла­рының дербес біртұтас жүйесінің конституциялық-құқықтық негізін қалыптастыру болды.

Қоғам мүддесінің катализаторы

Демократиялық сайлау – бұл бә­секелі, мерзімді және өкілдік сай­лау. Оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау додаға түрлі партиялардың және кандидат­тардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, саяси көзқа­растарын паш ету үшін және сай­лаушыларға балама кандидаттар ұсыну үшін қажетті мүмкіндіктердің барлығын пайдалана алады. Қазақ­станның заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топта­ры­ның өкілдігін қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станда қос референдумды қоса ал­ғанда 21 сайлау науқаны өткен екен. Осы уақытқа дейін елімізде ел аза­маттары екі референдумға, Прези­дентті сайлау жөніндегі алты нау­қанға, жеті рет Парламент Мәжілісін (төменгі палата), алты рет биліктің жергілікті өкілді органдарын (мәс­лихаттарды) сайлауға қатысты. Сонымен қатар 2009 жылдан бастап сайлаушылар жылына екі рет мәс­лихаттардың шығып қалған депу­таттарының орнына сайлауға қаты­сады. Соңғы он жыл біздің еліміз үшін электораттық оқиғаларға толы кезеңнің бірі болды. 2011 жыл мен 2015 жылғы сәуірде және 2019 жылы маусымда Мемлекет басшысын сай­лау, 2012, 2016, 2018, 2021 жылдары Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдардың (мәслихат­тар­дың) депутаттарын сайлау болды. 2013 және 2021 жылдары 4 мыңға жуық әкімшілік-аумақтық бірлікте жер­гілікті әкімшіліктердің басшы­ларын (әкімдерді) сайлау, ал 2014, 2018 және 2020 жылдары Сенат де­путаттарын сайлау өтті. Қазақстанда сайлау институты уақыт талабына қарай дамып келеді. Жергілікті шынайы жағдайға, элек­тораттың дауыс беру мәдениетіне сәйкес болса, мұндағы талаптарды сақтауға Қазақстан қашан да мүд­делі. Ол талаптың бір парасы – ел­дегі ауызбірлікке, ұлттар татулығы мен қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу. Өміршең идеяларға құ­рылмаған популистік парадиг­ма­лардың салтанат құрмағаны, саяси күштер мен топтардың теке-тіре­сіне алып келетін алғышарт­тарды өзекті етпеу. Сондықтан да мем­ле­кет осы жылдар бойы сайлау инс­титутын қалыптастыруда оны мүд­делердің тартыс құралына айналып кетпеуін бірінші кезекте қадаға­лады. Саяси-экономикалық мо­дельдегі, қоғам­дық-әлеуметтік жаң­ғырулардағы сабақтастықтың шорт үзілмеуі басты назарда болды. Сайлау – адам құқының апогейі десек, Қазақстан ол биікке уақыт­тың сын-қатеріне сай жауап бере отырып, адамзат да­муының класси­калық үлгісін сақтай отыра көтер­і­ліп келеді. Ендеше құ­қықтық мем­лекеттің даму жолында сайлау инс­титуты қоғам мүддесінің ката­ли­заторы болып қала бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ