Ақмола облысында Ресейде есепте тұрған автокөлікпен жол апатына ұшырап, салдарынан бір отбасының үш бірдей мүшесі қаза таптырған жүргізушіге бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Осы жылдың сәуірінде Атбасар-Көкшетау трассасының 177 шақырымында Атбасар ауданының Борисовка селосының маңында ресейлік мемлекеттік нөмірде тіркелген «Богдан-2110» автокөлігін тізгіндеген жүргізуші басып озу үшін қарсы беттегі жолға шығып кеткен. Салдарынан үш бірдей көлік соқтығысқан. Оқиға орнында алған ауыр жарақаттардан Volkswagen Passat көлігінде отырған бір отбасының үш бірдей мүшесі көз жұмған. Ал «Gaz 330252-0244» көлігінің жолаушысының денсаулығына орташа залал келген. Іс материалдары сотқа жөнелтілген.
«Атбасар аудандық сотының үкімімен «Богдан 2110» автокөлігінің жүргізушісі Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағымен «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан айыра отырып 5 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесілді», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.