Небәрі 29 жасында жасындай жарқ етіп сөнген сәуле талантты ақын, сазгер Сәдіқожа Мошанұлының Ұйғыр ауданы Кетпен ауылындағы мәдениет үйіне есімі берілді.
Мәдени іс-шараға Алматы мен астанадан қазақ өнерін құрметтейтін зиялы қауым мен жерлестері келіп қатысты. Бір ғасырдан аса уақыт өтсе де халықтың сүйікті әніне айналған «Сары бидайдың» авторының рухына тағзым етті.
Аз ғана ғұмыр кешсе де артына өшпес мұра қалдырған Сәдіқожаның жұрт әнін жақсы білсе де жеке өмірі мен ғұмыр кешкен ортасы жайлы көп біле бермейді. Міне, осы олқылықтың орнын бүгін алғаш сахналанған «Сары бидай» поэтикалық сазды драмасының премьерасы толтырды десек те болады. Шығарма авторы - белгілі ақын, драматург Бахыт Беделхан. Драмада әйгілі шығарма жай ғана лиризмге толы ән емес, тарихи, тағдырлы туынды екенін көпшілікке танытты.
Айта кетейік, аталған мәдениет ошағына Мошанұлының есімін беру мәселесі осыдан екі жыл бұрын өткен өнер иесінің 100 жылдық мерейтойы кезінде көтерілген болатын.