Вакцина алмағандарға арналған сovid-ке қарсы дәрі туралы не белгілі?
Вакцина алмағандарға арналған сovid-ке қарсы дәрі туралы не белгілі?
Германияның Фрайбург қаласындағы Pfizer таблеткасын өндіру сәті. Фото: Pfizer
439
оқылды

Pfizer АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасынан Covid-19 вирусына қарсы дәріні өндіруге рұқсат сұрады. Компанияның хабарлауынша, дәрі вакцина алмаған адамдарды коронавирус жұқтырған жағдайда өлім қаупінен және ауруханаға ауыр хәлде түсуден сақтайды.

Paxlovid атауымен сатылатын дәрінің өндірісіне рұқсат берілсе, бірнеше апта ішінде АҚШ дәріханаларында қолжетімді болады. Компанияның хабарлауынша, дәріні үйге алдыруға да мүмкіндік қарастырылады.

Клиникалық зерттеудің қорытындысында дәрінің вакцина алмаған ерікті адамдардың ауруханаға түсу қаупін және өлім қатерін азайтқаны анықталған.

Дәрі егде жастағы адамдар үшін немесе Covid жұқтырса, ауыр өткеретін адамдарға ұсынылады.

Pfizer компаниясының өкілі Кит Лонглидің айтуынша, қазір бұл дәріні тек вакцина алмаған адамдар іше алады. Бірақ зерттеу нәтижесіне байланысты кейін басқаларға да рұқсат берілуі мүмкін. Дегенмен бұл дәріні кімдер ішетінін АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы шешеді.

Nytimes.com хабарлауынша, әзірге Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы Pfizer шығарған дәріге рұқсат берілетінін немесе берілмейтінін шешу үшін сарапшылар кеңесін жинаған жоқ.

Норма бойынша бес күнде Paxlovid таблеткасының отызын ішу керек. Сондықтан Pfizer препаратының қоры бастапқыда шектеулі болады. Компанияның мәліметінше, жыл соңына дейін 180 мың адамды емдеу үшін жеткілікті дәрі шығара алады. Ал келесі жылы маусымның аяғына дейін 21 миллион, жыл аяғына дейін 50 миллион емдеу курсын шығару үшін өндіріс көлемін арттырмақшы.

Аустралия мен Ұлыбритания қазірдің өзінде мұндай дәріге тыйым салды. Ал АҚШ зерттеулер мен дереккөз негізінде, келісім жасау арқылы 10 миллион емдеу курсын сатып алуға дайын екенін хабарлады.

Сонымен бірге Pfizer дәріні өндіруге, арзанға сатуға 95 елмен келісімге келгенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанда жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге және босанғанына 42 күн өткен әйелдерге Pfizer вакцинасы салына бастады. Біз бұған дейін бұл екпе туралы қандай дерек белгілі екенін, зерттеулер қорытындысы қандай болғанын және Pfizer екпесінің қаншалықты сенімді екенін жазған едік.