Заңды бұзған газ шаруашылығы нысандары
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, газ шаруашылығы нысандарында заңбұзушылықтар көбейген. Бұл аумақтық бөлімдермен жүргізілген тексерістердің нәтижесінде анықталған. Ведомствоның ресми дерегі бойынша, өткен жылы 61, ал биыл Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті аумақтық бөлімдерінің мемлекеттік инспекторлары газбен қамту нысандарына 30 мәрте тексеріс жүргізген. Оның нәтижесінде газ шаруашылығы нысандарында заңнама талаптарының 439 заңбұзушылық анықталған. Ал өткен жылғы қорытындыларға сәйкес 1 014 заңбұзушылық тіркелген. Заңды белден басып, өрескел бұзушылыққа жол бергені үшін 12 жеке тұлға мен 52 заңды тұлғаға қатысты 64 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған. Олар жалпы сомасы 5 миллион теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қоса, газбен қамту нысандарында 6 апат болып, салдарынан 2 жұмысшы түрлі деңгейдегі жарақат алған. «Өкінішке қарай, осы жылдың қаңтарынан 30 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында елімізде 54 газ қоспаларының дүмпуі мен 15 газ жарылысы мен газдан уланудың 6 оқиғасы тіркелді. Барлығы 76 адам зардап шекті. Оның ішінде 17 адам қаза тапқан», – делінген министрліктің ресми хабарламасында. Ал оған соңғы айлардағы қайғылы оқиғаларды қоссақ, жағдайдың аса қорқынышты екені айтпаса да түсінікті.Қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді
Ақмола облысында да газ қоспасы жарылыстарының зардабы үлкен. Тек соңғы бір жыл ішінде ғана облыс аумағында жеті бірдей газ жарылысы мен газ қоспасының дүмпуі оқиғалары тіркелген. Салдарынан ондаған адам жапа шегіп, мерт болған. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметтерге сенсек, газ жарылыстарының негізгі себептері тұрмыстық газ баллондарын қолдануда қарапайым қағидалардың сақталмауы себеп болыпты. Атап айтқанда, суық уақытта тұрмыстық газ баллонын шамадан тыс толтырып, жылытылатын орынға кіргізу, тығыздауыш сақинаны салмай, от тұтату сияқты әрекеттер қайғылы оқиғаларға себепкер болған. «Өрттің шығу себебі газ жарылысы болса, өрт сөндірушілерге біршама қиындық туындайды. Ғимараттардың қабырғалары мен шатыры құлап, адамдарды апаттан құтқару және өртті сөндіруге елеулі қиындықтар келтіреді. Үйінділердің астында қалған адамдарды табу да аса қиынға соғады. Департамент халық арасында газ құрылғыларын пайдалануда қауіпсіздікті сақтау бойынша алдын алу шараларын тұрақты түрде ұйымдастырады. Осы уақытқа дейін облыс аумағында төтенше жағдай қызметкерлері 168 130 ауланы аралап, 1 268 жиын ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында да кең көлемді түсіндіру шаралары жасалды», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.Көгілдір отынды Ресейден аламыз ба?
Өкінішке қарай, еліміздің солтүстігі мен шығысындағы Петропавл, Көк-шетау, Семей, Өскемен, Павлодар қалаларына әлі де болса табиғи көгілдір отын жеткен жоқ. «Сарырқа» газ құбырын тарту жобасымен аталған өңірлерге газ тарту күн тәртібінде тұр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір елдің 54,3 пайызы ғана газбен қамтылған. Яғни, шамамен 10,2 миллион адам табиғи газды пайдалануға қол жеткізген. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры жобасы аяқталса, бұрын көмірмен жылытылатын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларындағы 70 мыңға жуық үй, сондай-ақ Ақмола облысындағы 13 жоба бойынша 16 мыңға жуық адам газбен қамтылмақ», – дейді Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев. Министрліктің мәліметінше, солтүстік және шығыс облыстарды Ресей газымен қамту да қарастырылып жатыр. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін аталған өңірлерге «Газпром» және «Қазтрансгаз» арқылы газ тарту шығындары есептелмек. Бұдан кейін Ресей арқылы газ құбыры құрылысы да салынуы мүмкін. P.S. Газ жарылысының негізгі себептерінің бірі әлі күнге тұрмыстық газ баллондарының көпқабатты үйлерде де қолданылып келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Алайда газ тарту жобасының аяқталуы тағы бірнеше жылға созылатыны көпке мәлім. Бұдан бөлек, газ тарату нысандарындағы заңды белден басып, заңбұзушылықтардың еселеп артуы да қайғылы оқиғаларға себепкер болғаны және бар. Жедел арада тиісті шешімді қабылдап, көгілдір отынның қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, мәселе одан ары қарапайым халыққа ауыр тиетіні ақиқат. Бұл орайда тиісті министрлік пен Үкіметтің қарымды қарекеті қажет деген ойдамыз...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы