Ауданның болашақ әкімі – тұрғындардың жақыны
Ауданның болашақ әкімі – тұрғындардың жақыны
301
оқылды
Сайланған әкімге қарағанда, тағайындалған әкімдердің жемқор­лыққа жақын тұратыны байқалады. 2020 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 10 аудан және қала әкімі сотталды. 2018 жылы 23 әкім коррупцияға қолын былғағаны үшін бас бостандығынан айырылған-тын. Биыл тікелей халық сайлаған ауыл әкімдерінің әзірге бірде-бірі жем­қорлығы үшін темір торға қамалмады. Осының өзі әкімдерді сай­лауға қатысты жақсы бір дәйектеме болса керек.

Қанша әкімді халық сайлауы мүмкін?

Ел Президентінің былтырғы Жол­да­уындағы тапсырмасына сәйкес, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет биылғы 25 шілдеде 730 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей жергілікті тұрғындар сайлады. Содан бері өкілеттік мерзімі аяқталған немесе әртүрлі себеппен қызметінен босап қалған өзге де әкімдердің орнына тікелей сайлаулар өтті. Нәтижесінде, жыл аяқталғанша халық сайлаған ауыл-кент әкімдерінің саны 1 мыңға жуықтауы ықтимал. Тұтастай алғанда, 2021-2025 жылдар аралығында осы тәсілмен жалпы саны 2 345 аудандық маңызы бар шаһар, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері қайта сайланатын болады. Дегенмен өңірлердің дамуына жауап беретін басты меморган – Ұлттық эко­номика министрлігі анықтағандай, тұр­ғындар сайланған әкімнің көп іс тындыра алатынына сенбейді. Себебі ол бәрібір біраз мәселеде жоғары тұрған аудан және қала әкіміне тәуелді. Ал бұлар – та­ға­йын­далатын әкімдер. Тиісінше, тұрғын­дарға емес, облыс әкіміне қарайлайды, бұқа­раның емес, жоғарғы басшының айтқанын басты орынға қояды. Сондықтан сарап­шылар мен саясаттанушылар бұл кесірлі тәуелділіктен құтылу үшін аудан-қала әкімдерін сайлайтын кез жеткенін айта бастады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2024  жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие бола­тынын мәлімдеді. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігі Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Сайлау туралы» консти­туциялық заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа консти­ту­циялық заң жобасын әзірлеп жатыр. Қолда бар дерекке жүгінсек, Қазақ­станда 163 ауылдық аудан, 16 қалалық аудан және 37 облыстық маңыздағы қала бар екен. Егер олардың бәрін халық сайласа, елімізде сайланбайтын тек 14 облыстың және 3 мегаполистің әкімі ғана қалады. Қазір аудандар мен облыстық маңызды қалалардың әкімдерін –Президенті Әкімшілігі Басшысының және жергілікті мәслихат депутаттарының келісімін ала отырып, облыс әкімі тағайындайды.

Жаңа бастаманың мерзім-межесі белгілі

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, конституциялық заң қа­былданғаннан кейін 1 жыл ішінде пи­лот­тық режимде бірқатар аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау енгізіледі. Ол пилоттық жобаға нақты қандай аудан-қала ілігетіні заң өмірге жолдама алған соң жария етілмек. 2-ші және 3-ші жылдары пилоттық режимде жүргізілген тікелей сайлаудың қорытындысына талдау жүргізіледі. Сайланған әкімдердің мінез-құлқы, нақты істері, бұл саяси бастаманың ел қауіп­сіздігіне, аудан-қаланың дамуына оң және теріс әсерлері таразыланады. Әйтпесе, елімізде нақты бір ауданда диаспоралар­дың шоғырланып тұратыны, Кеңес ке­зінен этноанклавтар түзілгені мәлім. Тіпті, Ұлттық экономика министрлігінің заң жобасына консультативтік құжатында «аудан-қала әкімдерін жергілікті халық­тың ұлттық және отбасылық тиесілігіне қарай сайлауы мүмкін» екеніне назар аудартылған. Егер бәрі жақсы болса, ел тұрақты­лығына, қоғамдық келісімге сайлаудан еш зиян-залал келмесе, 4-ші жылы барлық аудан-қалада тікелей сайлауды енгізу жөнінде заңнамаға түзетулер енгізіледі. Ал 5-ші жылы елдегі бүкіл аудан-қала әкімінің тікелей сайлауы өткізілмек. «Сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы туралы халыққа үнемі есеп береді. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы біліктілік талабына сәйкес, 25 жастан кіші емес Қазақстан азаматы әкім болып сайлана алады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар мен өзін-өзі ұсы­нушылар да қатыса алады», – дейді бас экономист Әсет Ерғалиев. Айтпақшы, ауыл-аймақтағы әртүрлі кедергі кесірінен әрі заңнамадағы та­лаптарға сай іріктеу нәтижесінде додаға жергілікті жұртшылық құптамайтын кілең «жат үміткерлер» ғана жіберілуі мүмкін. Онда «тікелей халық сайлауы» дегені көз­бояу болып шықпай ма? Осы орайда жарыс жолына шыққан кандидаттарға мықты «бәсекелес» пайда болады: ол – сайлау бюллетеньдеріндегі «Барлығына қарсы» деген баған. Яғни, аудан-қаладағы сайлаушылардың көбі дәл осы бағанға белгі соқса, жанжал туып, кандидаттар тегіс жарыс жолынан шығарылуы мүмкін. Жаңа заң жобасында аудан-қала әкімінің өкілеттігін тоқтату тетіктері қарастырылуы тиіс. Мысалы, егер кан­дидат партия атынан аламанға түсіп жеңсе, алайда ізінше сол партиядағы мүшелігінен өз еркімен тоқтатса немесе партия қа­тарынан шығарылса, онда әкімдік орын­тағынан да айырылып қалуы ықтимал. Бұған қоса, жергілікті қоғамдастықтың жиналысы немесе мәслихат депутаттары сенімсіздік білдірсе, мемқызмет туралы заңға сәйкес өзге де негіздеме болған жағдайда сайланған әкім отставкаға кетуі ғажап емес. Халықтың сайлауы әкімді тәртіптік не қылмыстық жазадан босатпайды.

Бұрынғы сынақ неге сәтсіз болды?

Ел Президентінің аудан әкімдерін сайлау жөніндегі бастамасы халықтан қолдау табуы тиіс. Мысалы, Ақмола облысындағы Ерейментау ауданының тұрғындары бұрын әкім шақ келтірмейтін: басшылар аз ғана уақыт басқарып, тұрақтамай, кетіп қала берді. Кейбірі мемлекет қаражатын талан-тараж еткені үшін ұсталып кетті. Салдарынан кейінгі 20 жыл ішінде онда 9 аудан әкімі ауысыпты. Ерейментаулықтардың билік құры­лым­дарына білдірген шағымында айтылғандай, тағайындалған әкімдердің бәрі жергілікті жердің тумасы болмаған. Олар Ақмола облысындағы ең ірі ауданға «кірмелердің» десант ретінде түсіріле бергеніне нара­зылық білдірді. «Өзіміздің азаматтардың арасында да лайықты, білікті басшылар бар! Соны ескермей, ауданның ерек­шеліктерін, жергілікті қоғамдастықтың менталитетін, қажеттіліктерін білмей­тіндерді жібереді» десті жергілікті қоғам белсенділері. Масқарасы сол, онда 2019 жылы аудан әкімінің лауазымы үш ай бойы бос тұрған. Ақыры 2019 жылғы 9 сәуірде Ақмола облысы жаңа әкімі Ермек Маржықпаевтың өкімімен Ерейментау ауданының әкімі болып, Абай Әлжанов тағайындалды. Ерейментау ауданының Торғай ауылында туған, яғни жергілікті тұрғын саналатын Абай Еламанұлы содан бері осы ауданның басшысы ретінде табан аудармай еңбек етіп келеді. Атап өтер жайт, аудан әкімін сайлау бұдан бұрын сынақ түрінде өткізілген. Осы салаға талдамалық зерттеу жүргізген Экономикалық зерттеулер инсти­туты­­ның байламынша, ол эксперименттер өзін-өзі ақтамапты. Мәселен, 2005 жылы аудан әкімдерінің сынақтық сайлауы 4 ауданда – Алматы облысының Ескелді ауданында, ШҚО-ның Көкпекті ауда­нында, БҚО-ның Жаңақала ауданында өтті. Ізінше 2006 жылы 49 аудан мен 10 облыстық маңызды қала әкімдерінің жа­нама сайлауы өтті. «Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкіміне кандидаттарды ұсыну құқығы облыс әкіміне берілді. Ол кемінде екі кандидат ұсынуы тиіс болды. Сай­лаудың қорытындысын бағалай отырып, әкімдер қызметінің ашықтығы мен тиім­ділігін арттыруға сол бойы қол жеткі­зілмегенін атап өтуге болады. Сайланған әкім  халыққа емес, жоғары тұрған әкімге есеп беретін болып қала берді», – делінген ЭЗИ талдамасында. Сондықтан билік бұл экспериментті ары қарай жалғастырудан бас тартқан. Оның орнына 2007 жылы Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес, аудан-қала әкімдерін облыс әкімінің тағайындау тетігі сақталды, бірақ енді одан кандидатураға аудан-қала мәслихаты депутаттарының келісімін алу талап етілді. Қазір аудандар мен облыстық ма­ңыздағы қалалардың әкімдері саяси қызметшіге жатады. Сайланса, «сайланған саяси қызметшіге» айналуы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, аудан-қала әкімдерін сай­лауды енгізу «халық үніне құлақ асатын» мемлекеттің дамуына, жергілікті билік органдарына бұқараның сенімін арттыруға ықпал етеді. «Осының арқасында халық өз әкімін сайлауға белсене қатысады, олардың аза­маттық қоғамды дамытуға және шешімдер қабылдауға қатысуы артады. Сайлау прак­тикасы тиімді болады, өйткені әкімдер аумақтың проблемалары жайында негі­зінен жақсы хабардар жергілікті тұрғындар арасынан сайланады», – деп тұжырымдады ведомство. Заң жобасы аудан-қалалар әкімдерін тікелей сайлау туралы нормаларды заң­намалық тұрғыдан бекітпек. Партияларға аудан-қала әкімдеріне кандидатуралар ұсыну құқығы беріледі. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынуға рұқсат етіледі. Халық ұсынған үміткер кандидат ретінде тіркелуі үшін сайлаушылардың қолын жинауға тиіс. Ұқсас тәртіп Президенттікке, Парла­мент депутаттығына және ауыл әкіміне кандидаттарға қатысты да белгіленген. Аудан-қала әкімдерінің сайлауын Орталық сайлау комиссиясы емес, аумақтық сайлау комис­сиялары ұйымдастырады.