Бір мысқалы кем алтын...
Бір мысқалы кем алтын...
712
оқылды
Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы жаһан­дық бәсекеге бес cпортшысын апарды. Алайда феде­рация­дағылар ресми түрде таға­йын­далмаған бас бапкерді әлемдік додаға жіберуді жөн санамапты. Жарыстың алғашқы күні сын­ға түскен 29 жастағы Арли Чонтей 55 келі салмақта топ жарды. Қазақ­стандық зілтемірші жал­пы 260 келіні (118+142) еңсерді. Кү­міс таиландтық, қола болгариялық спортшыға бұйыр­ды. Жүлде­гер­лердің өнеріне баға берген шетелдік спорт мамандары Ташкенттегі жарысқа ауыр атлетикадан лидер елдер Қытай мен Солтүстік Корея атлеттерінің қатыспағанын, олар келгенде жүлде бөлісі мүлде бөлек болатынын айтып қалды. Бұдан ұққаны­мыз, Чонтейдің Өзбекстандағы көрсеткен нәти­же­сі мақтауға лайық емес. Неге десеңіз, бұл салмақта 2019 жылы өт­кен әлем чемпионатында сол­түс­тік­кореялық Ом Чун Чол 294 келімен алтын алған. Отандасымыз Игор Сон 265 келімен күміс медаль иеленген. Чонтей сол кез­де 263 келімен бесінші орыннан көрінді. Ал Ташкентте 260 келімен чемпион атанып отыр. Қалай десек те, бұл жолы Чонтейдің әлем чемпионатындағы алтыны бәлкім былыққа батқан ауыр атлетика федерациясы үшін мақтанғанға жақсы шығар. Алайда бір спортшымыздан қапияда көз жазып, басқа атлеттер «бапкерлер тапқан табысымызды бөлісуге мәжбүрлейді» деп жатқан тұста құрамадағы легионерлердің бірі Арлидің алтыны жанкүйердің назарына да іліге қоймас. Оның үстіне, министр Ақтоты Райым­құлова­ның қатысуымен тағайын­далған бас бапкер Дәурен Бек­мұхан­бетовті Қазақстан ауыр атлетика федерациясы әлі жаттық­тырушылыққа ресми түрде бекітпегені үлкен күмән туғызады. Ресми жауап та жоқ. Соның салдарынан ол жарысқа спортшыларды бастап бара алмады. Қан­шама допинг, былық пен айыптау­лардан кейін ұлттық құрамамен бірге Алексей Нидің Ташкентте жүргенін көпшілік түсіне алмауда. Себебі Линдердің өлімінен соң ауыр атлеттер Сергей Седовпен қатар Алексей Ниді қоса айып­таған еді. Бірақ Седов пен атлеттерді Токиоға апарған Бақыт Ахметов құрамадан аластатылды да, Ни қалып қойды. Спорт журналисі Айдос Рым­құл құрамада ауызбіршіліктің бол­мауына Алексей Нидің тікелей қатысы бар деп есептейді.
– Құрамадағы бар былыққа Нидің қатысы барын атлеттер бір­­неше рет айтқан. Соған қара­мас­­тан ол әлі құрамада жүр. Ол әлемдік жарысқа өзінің адамдарын әкелуден шаршамайды. Шын­туайтына келгенде, Арли Чон­тей әлсіз спортшы. Олимпиа­дадан соң мықтылар келмеген чемпионатта алтын алып кетті. Ол бізге көзбайлау болмауы тиіс. «Отчет» үшін жақсы шығар біздің шенеуніктерге, бірақ әлсіздер арасында өткен чемпионатты, Қытай жоқ чемпионатты өз басым қабылдай алмаймын. Одан кейін жақында өткен ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен, әлемде жүлде алады деген спорт­шылардың басым көпшілігінің құрамаға кірмей қалғаны маған әлі де жұмбақ. Ни кетпей, қазақ ауыр атлетикасы көгермейді, – деді ол.
Бізбен әңгіме барысында Алма­тыдағы Шыңырақ ық­шамауданындағы республикалық спорт мектеп-интернатының аға жаттықтырушысы Дәурен Әділ­ғазин Қазақстан ұлттық құрама­сына әлі күнге дейін бас бапкердің неліктен тағайын­далмай жатқан себебін былайша түсіндірді:
– Осыдан бір ай бұрын Тал­дықорған қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Кейін үлкен жиналыс болды. Ол жерде барлық бапкерлердің басы қосылды. Көп нәрсе талқы­ланды. Бұрынғы жаттықтыру­шылардың іс-әрекеттері, спорт­шы­лардың арыз-шағымы туралы бойынша мәселелер қозғалды. Құрама бапкері қызметіне таға­йын­дауға дауысқа салған кезде 17 облыстың аға жаттықтыру­шы­сының 14-і Дәуренді бұл орынға лайық деп санады. Сол кезде ми­нистрдің мақұлдауымен шешім қабылданған. Бірақ кейін еш­қандай бұйрық шыққан жоқ. Федерациядағылар Дәуреннің бас бапкер болуына қарсы. Сондық­тан Ташкентке де жіберген жоқ. Ресми түрде жұмысына кіріспеді. Енді әлем чемпионаты аяқталған соң қайтадан 24 желтоқсан күні үлкен жиын өтеді деп жатыр. Бас бапкерді федерациядағылар өз­дері сайламақ. Қызығы, өзге ай­мақ­тардағы бапкерлердің, басқа­лардың сөзі ешкімді қызықтырып отырған жоқ, – дейді аға жаттық­тыру­шы.
Қорыта айтқанда, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы құ­рама бапкеріне қатысты шешімді өздері қабылдамақшы. Оған өзге аймақтардағы жаттықтырушылар мен спортшылардың наразылық танытпасына кім кепіл?!  Ұзақ жылдар бойы теперіш көрген ауыр атлеттердің шыдамы әбден таусылды. Онсыз да құрама айналысында бұдан өзге түсініксіз жағ­­дай өте көп. Жуырда ауыр ат­летикадан 2017 жылғы Азия чем­пионы Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық істің де тоқтатылғаны хабарланды. Әзір­ге қылмыстық істің не себеп­ті жабылғаны белгісіз. Танымал спортшының анасы да, інісі де бұл бассыздықпен соңына дейін күресуге бел буып отыр. Сон­дық­тан ауыр атлетикадағы спортшы­лардың наразылығы тағы жал­ғасатын сыңайлы. Айтпақшы, Ташкенттегі әлем чемпионаты 17 желтоқсанда аяқ­талады. Содан соң елімізде 24 жел­тоқсанда үлкен басқосу өт­пек­ші. Онда ауыр атлетиканың бас бапкері тағайындалады-мыс. Сол кезде құрама тізгінін кімге сеніп тапсыратыны белгілі болады.