«Қазақтелеком»: оператордан да зор миссия
«Қазақтелеком»: оператордан да зор миссия
593
оқылды
Талшықты-оптикалық желі. Sharing. SmartCity. 5G байланыс. BigData. «Бұлт­ты» технологиялар. Бұл мақтану үшін айтылатын сәнді сөздер емес, мақта­ныш­пен айтылатын мәнді терминдер. Бүгінгі заманауи коммуникациялар техноло­гиясының еліміз байрақ байлаған бір-бір биігі. Тәуелсіздіктің 30 жылында «Қа­зақ­телеком» АҚ-ның шыққан асқар шыңы. Жаңа жаһандық та­лап­тармен даму даңғылына бет бұрған ұлттық телеком­муни­ка­ция операторы цифрлық трансформацияда өзіндік сара жолын сала алды. Ендеше мерейтойлы датада ақпарат және байланыс саласындағы межелі жетістіктерді бір саралап шықсақ.

«Оптика» – цифрлық трансформация көпірі

Кеңес Одағының телекоммуникация байланысындағы мұрасы – телеграфтық желілер мен аналогтік спутниктік байланыс болса, оның өзінде де бұл инфрақұрылым еліміздің аумағын толық қамтымаған еді. Тә­уелсіздік алған беттен-ақ ақпараттар ағыны қарқыны қатты өзендей заманға күмп берген Қазақстан үшін жаңа ортада бірінші кезектегі міндет – ескі қайықпен қалт-құлт еткен адамдай ақпарат айдынына батып кетпеу болды. Оның үстіне, еліміздегі қай саланың да даму қуаты телекомму­ни­кация секторымен тығыз байланысты еді. Қазақстан географиялық жер көлемі мен урбанистік шоғырлану сипаты жағынан елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан мемлекет болғандықтан, мұндағы телеком­муникациялар желісі негізінен трассалық сипатқа ие. Сондықтан халқының жарты­сы­на жуығы (45%) ауылда тұратын әрбір тұрғынға байланыс игілігін жеткізу қыруар қаражатты қажет ететін ауқымды іс болатын. Оның аясында ескі желілер мен жүйелерді жаңғырту жұмыстары мен жаңа техноло­гия­ларды енгізу бастамасы қатар жүрді. Соның алғашқысы – жаңа үлгідегі талшықты-оптикалық желілер тарту жұмыстары. Осы­лайша, «оптиканы» пайдалану – байланыс жылдамдығын арттырудың бірден-бір жолы болды. Еліміздің телекомму­ни­кация байла­нысы өзінің жаңа бір тарихи белесіне қадам басты. Талшықты-опти­калық байланыс – цифрлық трансформация көпіріне айналды. «2017 жылы 12 желтоқсанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қа­былданды. Онда басты бағыттардың бірі ре­тінде «ауыл мен қала арасындағы цифр­лық теңсіздікті жою» міндеті айқын көрсе­тілді. Соның аясында бұрын-соңды интер­неті болмаған 4,8 млн адам тұратын 1 200 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу көзделуде. Мұндағы негізгі жұмыстар 2018-2020 жылдар аралығында жүріп, біздің компанияның жинақтаған тәжірибесі мен инфрақұрылымының арқа­сында 1 200 ауылдың 828-не «оптика» тар­тылды. Шақырымдар тілімен айтар болсақ, бұл – қарастырылып отырған жалпы 20 мың шақырымның 15 мыңы, яғни Қазақстан мен Жаңа Зеландияның арасындай қашықтық. Елді мекендерді ғана емес, экономика мен қоғамдық байланыстардың дәнекері. Айта кетер маңызды жайт – ауылдарға интернет тартуға арналған бұл жобаға ел бюджетінен бір тиын да жұмсалған жоқ. Мұндағы жұ­мыстарды оптиканы тартқан компания өз қаражатынан 31,1 млрд теңге шығарып, «Қазақстан Даму банкінен» 13 жылға 26,7 млрд теңге несиеге алып жүзеге асыруда», – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. Екі жыл үздіксіз жүрген бұл жұмыстар кезінде небір қызықты оқиғалар да болған екен. Еліміздің әр өңірінің өзіне тән табиғи, географиялық ерекшеліктеріне сәйкес жер қазу, желі тарту жұмыстары барысында тау-тасты, ну орманды, егістік алқапты, өзен-көлдерді көктей өткен трассалық бағыттарда мамандарға түрлі әдіс қолдануға тура келіпті. Сондағы бірінші көзделген мақсат қоршаған ортаға зиян келтірмеу болыпты. Мәселен, Түркістан облысының ең ірі, әрі халқы тығыз қоныстанған Келес ауданында мердігерлер 140 шақырымдық талшықты-оптикалық желіні тарту үшін бастапқы жобаны өзгертуге мәжбүр болған. Келес өзенінің өзіне тірелгенде, арнасы кең, жағалауы биік жарқабақ боп келетін су бассейнінің астынан желі тарту ыңғайсыз болғандықтан, оны әуемен тартуға шешім қабылданған. Ол үшін Ораз ата елді меке­нінде 22 темірбетонды бағаналар орнаты­лып, 1 шақырым талшықты-оптикалық желі осы бағаналар бойымен тартылады. Ал Шығыс Қазақстан өңіріндегі Үбі өзенінде, керісінше жағасы жайдақ, табаны таяз тұсынан К-700 ауыр техникасы су астынан траншея қазып, екінші көлік оптикалық же­ліні салып, артынша көміп отырған. Өзен табанында ірі тастар кезігіп, жұмысты едә­уір қиындатқанымен, жобаны мамандар кешіктірмей тапсырды. Осылайша, әлемдік телекоммуникацияның асыл үлгісіне және ажырамас бөлшегіне айналған талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстарының бірін­ші негізгі кезеңі абыроймен аяқталды. Әлі де жалғасып жатқан бұл жұмыстарды «Қа­зақ­телекомның» соңғы жылдары іске қос­қан аса маңызды әрі ірі жобаларының бірегейі деуге болады.

«Sharing – 250+» – игілікті бөлісу

Цифрлық трансформацияның көпіріне арналған талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылға интернет әкеліп қана қоймай, жаңадан ірі жобаларды қолға алуға мүм­кіндік берді. Соның бірі – ауыл тұрғын­да­рының 93,5%-ын мобильді интернетпен қамтамасыз етуге арналған «Sharing - 250+(плюс)» жобасы. Оның аясында хал­қының саны 250 адамнан асатын ауылдарда әртүрлі ұялы байланыс операторларының базалық стансалары орнатыла бастамақ. «Шындығына келгенде, оптикалық желі тартылмай бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес еді. Өйткені ұялы байланыс опера­тор­лары өз стансаларын кез келген жерде тұр­ғыза алмайды. Оған себеп елді мекендер тым алшақ орналасқандықтан, «оптика» инфра­құрылымындағы тіректі нүктелерсіз станса тұрғызу мүмкін емес. Ал мұндай ті­ректі нүктелердің арқасында тағы да 2 мың­нан астам ауылды кеңжолақты интернетпен, ұялы байланыспен қамтуға мүмкіндік бар. Жобаның схемасы қарапайым: сигнал ка­бель арқылы ауылға жеткізіледі, осы нүк­те­ден мобильді байланыс компаниялары іліп алып, радиосигнал арқылы жақын ауыл­дар­ға кеңжолақты интернетті жеткізеді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. Қазақтелеком Осы тұста ұлттық оператор «Қазақтеле­ком» өзінің негізгі миссиясы – дәнекерлік рөлімен де жарқырай көрінді. Былайға нарықта бір-бірін бәсекелес ретінде қарас­тыратын ұялы байланыс компаниялары цифрлық теңсіздікті жою және шалғай ауыл­дарды сапалы мобильді интернетпен қамта­масыз ету мақсатында ортақ мүдде аясында топтасып, күш біріктіруге, яғни Sharing тетігі арқылы олар бір-бірінің базалық стансаларын пайдалануға келісті. Бұл тұрғындар ауылда бір ғана станса болса да, бірнеше ұялы бай­ланысқа қол жеткізеді деген сөз. Дегенмен «Sharing - 250+(плюс)» – көп қаражатты қажет ететін күрделі жоба. Ұялы байланыс операторлары мұны «әлеу­меттік жоба» деп атайды, себебі салынған инвестицияның қайтарымына жоқ дегенде 30 жыл мерзім қажет. Бүгінде игілікті бө­ліскен жоба аясында ел аумағында 583 база­лық станса салынды. Нәтижесінде, кеңжо­лақ­ты интернетпен қамтылған аймақтарда тұратын қазақ­стан­дықтар саны жалпы ха­лық санының 84%-ынан 99,3%-ына дейін өсті. Осылайша, ел картасында 4G байланыс стандарты қамтымайтын «ақтаңдақ» аймақ­тар азайды. Бұл да болса, ірі байланыс опе­ра­торының қол жеткізген негізгі жетіс­тік­терінің бірі деп ауыз толтырып айтуға болады.

Өз мерзімінде қабылданған шешім

Ұлттық оператордың өз уақытында жүр­гізген жұмыстары – интернетке сұраныс еселей әрі күрт артқан пандемия мен лок­даун кезеңінде дер кезіндегі таптырмас шешім болды деп сеніммен айтуға болады. Өйткені интернет – коммуналдық игілік­тердің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Сондықтан да телекоммуникация байла­нысы үй құрылысы басталған беттен-ақ жо­басында бірге қарастырылуы тиіс ин­же­нерлік инфрақұрылымға жатқызылды. Бұл –уақыт талабы. Енді құрылыс компа­ниялары болашақ бой көтеретін нысанына телеком операторды таңдап, келісімшартын бекітіп, интернетті бірден қостыру жағын пысық­тайтын болды. «Бұл бастама – телекоммуникациялық интеграцияның адам өміріне тереңдей еніп келе жатқанының айғағы. Цифрлар сөйлер болса, жыл басынан бері 500-ге жуық көп­қа­батты тұрғын үйді жүйрік интернетпен қам­тылғанын айтар еді. Жаңадан салынған үйлер GPON технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылуда. Жаңа үйлерді жүйрік интернетпен бірге тап­сыру дәстүрінде оңтүстік өңір көш бастап тұр. 10 ай ішінде мұнда 100-ден астам көп­қа­батты тұрғын үй осы тәсілмен тап­сы­рыл­ған, ал бұл дегеніміз – 10 мыңдаған адам­­ның жаңа пәтерінде ғаламдық желіге еш кедергісіз кіруіне жағдай жасалды деген сөз», – дейді «Қа­зақтелеком» АҚ Бөлшек бизнес диви­зио­нының бас директоры Игорь Погребицкий. Gigabit PON технологиясы – «Қазақ­те­лекомның» талшықты-оптикалық байланыс магистраліне қосылудың қазіргі ең тиімді, әрі жоғары сұранысқа ие нұсқасы. Өзге­лер­ден артықшылығы – ол тұтынушы мен ма­гис­тралды желіні өзара байланыстыратын әр­бір пәтер үшін арнайы арна құруды көз­дей­ді. «Бір жаңа пәтер – бір дана GPON» де­ген ұран­мен жүріп жатқан бұл жұмыстар­дың ар­­қасында осы технологияны қолдана оты­рып, желіге қосылған әрбір абонент жыл­дам­­дығы қашанда тұрақты интернетке ие болмақ.

Тіркелген сымсыз интернет (FWA)

Цифрлық технологияға қалалық або­нент­тер GPON технологиясы арқылы қол жеткізсе, дәл сондай жүйрік интернет бай­ланысына қала маңындағы елді мекендер FWA технологиясының негізінде қосыла алмақ. Карантин үйге қамаған шақта Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде жатқан Қосшы қаласының халқы сапасыз интернетке сан рет шағымданып, телекоммуникация байланысын сынға алған болатын. Оған сол кезде тіпті профильді министрлік басшысы Бағдат Мусин де араласқан болатын. Бұл күрмеулі мәселе заманауи FWA желісінің арқасында шешілді. Енді жыл соңына дейін Қосшы тұрғындары жаңа технологияның игілігіне қол жеткізетін болады. Тіркелген сымсыз интернет (Fixed Wireless Access, FWA) деп аталатын бұл тех­нология – сапалы интернет байланысы жоқ және сым желілерін заманауи «оптикаға» ауыстыру тиімсіз саналатын қалалар мен қала маңындағы жеке сектор үшін өте қо­лай­лы. FWA арқылы жоғары жылдам­дық­ты ин­тернетке радиобайланыс арқылы қо­сы­луға болады. Мұндай тәсілдің тиімділігі – ауқымды және қымбат құрылыс жұмыс­та­рын жүргізу міндетті емес. Казтелеком «Бүгінде «Қазақтелеком» Қосшы қала­сын­да бірнеше базалық станса орнатып үл­герді. Ал жыл соңына дейін «Лесная по­ляна» шағынауданы мен Тайтөбе ауылдық округін қоса алғанда, қаланың негізгі бө­лігіне интернет таратылуын кеңейтуді көз­деп отыр. FWA технологиясы – сымсыз ин­тернет қызметтерін пайдалануға мүмкін­дік береді, сонымен бірге оның трафигі жоғары, ал жылдамдығы кепілдендірілген. Бұл технология тек интернетке ғана емес, сонымен қатар басқа да телекоммуника­ция қызметтеріне қосылуға мүмкіндік бе­реді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Бөлшек биз­нес дивизионының бас директоры Игорь Погребицкий. Бүгінде FWA технологиясы бойынша желілерді іске қосу жұмыстары Алматы мен Шымкент мегаполистерінің маңында да жүр­­гізілуде екен. Келесі жылы FWA желісі Ақ­мола облысының Қоянды, Қараөткел, Қа­ражар және Талапкер елді мекендерінде қолға алынбақ. Нұр-Сұлтан қаласында осын­­дай желілер келесі жылы Оңтүстік-шы­ғыста, Ильинка мен Көкталда іске асырылады.

5G – «ақылды қала» атрибуты

Көптен бері қоғамдық пікірге арқау бол­ған 5G байланыс желісі шындыққа айналар күн де жақын. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Astana Hub халықаралық IT-стартаптар тех­но­паркінің аумағында сынақтан өткізіліп жатқан бесінші буын стансаның Шымкентте құры­лысы жүріп жатса, Түркістанда ол жұ­мы­сын бастап та кетті. Пилоттық жобаға Түр­­кістан қаласының таңдалып алынған се­бебі – өңірдің туристік потенциалын алға же­телеуде соңғы технологиялардың рөлі зор болмақ. «5G базалық стансасы қаланы басқаруда жаңа сценарийлерді енгізуге, көлік инфра­құрылымын цифрландыруға және «Ақылды қала» жобасын іске асыруға мүмкіндік бе­реді. 5G технологиялары 4G технологиясына қарағанда өткізгіштік қабілеті жоғары, сиг­налдың кешігуіне жол бермейді және бата­р­ея қуаттылығын сақтайды. Сонымен қатар 5G технологиясы Big data негізінде қызметі толықтай автоматтандырылған, басқару­шы­лық шешімдер қабылдауға, талдауға және «ақылды қала» элементтерін енгізуге жағдай жасайды», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов. Соңғы он жылда елімізде SmartCity, яғни «ақылды қала» жобасы кеңінен жанда­нып келе жатыр. Қазақстандағы алғашқы мұндай ірі жобаның бірі – 14 000 тұрғыны бар Ақкөл қаласында қолға алынған Smart Aqkol жо­басы. Сәтті жүзеге асырылған жо­баның ар­қа­сында ақылды технологиялар электр энер­гиясын 40 пайызға дейін үнем­деуге кө­мек­тесті. Осыдан бастап ірі қала­ларды «ақыл­­дандыру» процесі тұрақты қолға алынды. «Мәселен, бүгінде Ақтау, Арыс, Түр­кістан қалаларының жұмысын ұйымдастыру интеллектуалды технологиялардың арқа­сында жаңа деңгейге шықты деуге болады. Соның ішінде Smart Turkistan жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі жүргізілуде. Ірі байланыс операторы IoT (Internet of Things) желілеріне қосу арқылы суды тұтыну деректерін қашықтан басқаратын құрыл­ғылармен қаланың муниципалдық және коммуналдық нысандарын жабдықтай бастады. Одан бөлек, қауіпсіздікті қадаға­лайтын, деректерді қашықтан жинау мүм­кіндігі бар 20-дан астам құрылғы орнатыл­ған. Мысалы, олар – құдық қақпақтарының ашылуын немесе құдықты су басу жағдай­ларын дереу баяндайтын датчиктер, жалпы үйлердегі суды есептегіштер, сондай-ақ топырақтың ылғалдылығын өлшейтін датчиктер және саябақ аймақтарын суаруға кететін судың негізгі шығынын есептегіш құралдар. Қазір датчиктер арқылы жиналған суды тұтыну туралы барлық мәлі­меттер нақты уақыт режимінде «Жасыл Түр­кістан» және «Түркістан-Су» коммунал­дық кәсіп­орындарына беріліп отыр. Бұл деректер су көлемін тұтынудың деңгейін талдауға көмек береді», – дейді «Қазақ­телеком» АҚ Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов. Сондай-ақ биыл Түркістан облысында кезекті бұлттық бейнебақылау жобасын жүзеге асырған бір компания облыстағы 349 мектепті жергілікті полиция қызметінің Жедел басқару орталығына қосты. Жыл соңына дейін осы тәсілмен облыстағы барлық 919 мектепті біріктіру жоспарланып отыр. Мұндай тың қадам білім ордаларын­дағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, бүкіл оқу үдерісін бақылауға, білім беру мекемелерінің аумағын қадағалауға және бөгде тұлғалардың мектеп аумағына кіруіне жол бермеуге көмектеседі.

Big data – «бұлтты» технология

Күнделікті тіршілігіміздің виртуалды егізі – Big data, жаңа өмір салтына айналып бара жатқаны жасырын емес. Өзіміз күнде пайдаланатын ақпараттар кеңістігі күн өткен сайын кеңейіп барады. Ал 5G байланыс стандарты толық қуатына көшкен кезде бұл ақпараттар көлемі 100 есе арта түспек. Орасан үлкен көлемдегі деректерді сақтайтын «бұлтты» шешімдер мен дата орталықтар қазірдің өзінде бірінші кезектегі қажеттілікке айналып отыр. Қазақтелеком. «Мобильді болу және деректерді вир­туалды ресурстарда сақтау трендке айналды. Бұған дәлел 2021 жылдың екінші тоқсанында бұлттық инфрақұрылым қызметтеріне жұм­салған шығындар дүниежүзінде 36%-ға өсіп, 47 млрд долларды құрады. Canalys-тің соңғы деректеріне сәйкес, «бұлттық» инфра­­құрылым қызметтеріне жұмсалған шығын­дар 2020 жылдың екінші тоқсанымен са­лыс­тырар болсақ, 12 миллиард долларға өскен. Күн өткен сайын «бұлтқа» сұраныс тұрақты өсуде. Бұл сақтау мен өңдеуді қажет ететін де­ректер көлемінің өсуіне тікелей байла­ныс­ты. Big data, яғни үлкен деректерді сақ­тау және өңдеу табысты кәсіп түріне айнал­ғ­ан, тіпті оны ХХІ ғасырдың мұнайы деп те бекер атамаса керек», – дейді «Қазақ­те­ле­ком» АҚ Ақпараттық технологиялар жөнін­дегі бас директоры Марат Әбділдәбеков. Қазір елімізде әрбір үшінші ірі компания өз мәліметтер базасын «бұлтты» технология­да сақтап, қауіпсіздігін арттыру үшін дата орталықтарындағы бағаналарды жалға ала­ды. Осындай қызмет ұсынатын «Қа­зақ­телеком» компаниясының бүгінде елі­міздің әр өңірінде орналасқан 26 дата ор­талығы бар. Онда шетелдік танымал ресурс­тар Google, YouТube, Facebook, Яндекс секілді ірі контент жасаушылардың сер­вер­лері сақталған. Осының арқасында аталған танымал платформаларда деректер алмасу анағұрлым тез жүзеге асып отыр. Әрі мұндай технология мұндағы қатынастарды еліміздің заңнамасына сәйкес реттеуге икемдеу үшін зор мүмкіндіктер береді. Ал осындай Big data-лардың арқасында Қазақстан әлемдік телекоммуникация кеңістігіне тығыз интеграциялана түспек.

Трансформацияның қозғаушы күші

Тәуелсіздік белестерін зерделей келе көзіміз жеткені, «Қазақтелеком» компания­сының телекоммуникациялық оператор деңгейінен де зор миссияны атқарып отыр­ға­ны. Реттеушілік функцияға ие ұйым цифр­­лан­дыру трансформациясының орта­лы­ғына, әрі қозғаушы күшіне айналып отыр. Түрлі жаңашыл саланың басын бірік­тіріп, ортақ игілікке айналдыра алып отыр­ған «Қа­зақтелеком» енді телемедицинаны дамытып, медиа нарықтағы контент қалып­тастырушы рөлін де сыннан өткізуде. Биыл наурыз айында сервис каталогіне қосылған «ТВ+» жобасы абонентке эфир уақытын басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Қысқа ғана уақытта жаңа жобаны қолданушылар саны 200 мыңнан асты. Аталған тұғырнама ар­қылы тікелей эфирде өтіп жатқан бағдар­ла­маны тоқтатып қоюға, қайта айналдырып қа­рауға немесе көшіріп алуға және теле­ди­дар­дан телефонға ауысып тамашалауға болады. Оған қоса, тәуліктің кез келген мезгілін­де жоғары білікті дәрігерден үйде отырып-ақ кеңес алуға мүмкіндігіңіз бар. «Айме­дикус» қосымшасын бүгінде 50 мыңнан астам тұтынушы жүктеп алған екен. Бұл қосымша, әсіресе қыстың көзі қырауда қар астында қалған шалғайдағы ауылдардың тұрғындары үшін үлкен көмек. Бүкіл ауылға қарайтын бір ғана фельдшердің кеңесімен шектелмей, еліміздегі ғана емес, Мәскеу, Санкт-Петер­бор секілді ірі қалалардағы 17 жылдық тәжірибесі бар мамандардан бейне немесе аудио байланыс арқылы, қажет болса са­раптама қорытындыларын жүктеп, диагноз қоюға, сонымен қатар қойылған диагноз бойынша қосымша кеңес алуға мүмкіндік бар. Ендеше 30 жылдық тарихында аналогтік байланыстан «бұлтты» технологияларға дейін қарыштай дами алған «Қазақтелеком» ұлттық телекоммуникация операторының абыройлы белесі жаңа цифрлық дәуірде де одан әрі биіктей береріне сөзсіз сенім мол!