Креативті индустрия: оны да ескі сүрлеуге салдық
Креативті индустрия: оны да ескі сүрлеуге салдық
1,285
оқылды
Бүгінде дүниежүзіндегі бірқатар ел креативті индустрияны пандемия салдарынан тұралаған экономиканы қайта қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырады. Сондықтан да болса керек, 2021 жылды БҰҰ Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялады. Өз кезегінде Президент пәр­ме­німен Қазақстанда да индуст­рия­ның дәл осы түрінің мүм­кін­­дігін молынан пайдалану мәсе­ле­сіне соңғы жылдары баса назар ау­дарылып-ақ жатыр. Жа­қында Үкі­мет Креативті экономиканы да­мытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын  бе­кітті. Әйтсе де, бұл саланың мән-маңызын арттыратын кезең қашан туады? Бірер жылдың бедерінде әлем экономикасында креативті ин­дуст­рияның даму қарқыны өндіріс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқ­ты салалармен салыстырғанда әл­деқайда жоғарылай түскен. Тіп­ті, төрткүл дүниедегі тіршілікке тұ­сау салған пандемия да креативті ин­дустрияның дамуына кедергі бола алмады. Әлем әрі-сәрі күй кеш­­кен шақта экономиканың ерек­ше секторындағы өсім 14 пайыз­ды құраған. Қазір  дүниежүзі бойынша мә­дени, шығармашылық «өндірістен» түсетін табыстың көлемі 2 триллион 300 миллиард  АҚШ долларына тең. Шамамен 30 миллионға жуық адам экономиканың креативті сек­торын­да еңбек етті.

Әлемде, әр елде...

Сөз жоқ, индустрияның ерекше түрін табыс көзіне айналдыруда Оңтүстік Корея­ның тәжірибесін көпшілік мойын­дайды. Мұнда 2009 жылы креативті кон­тент агенттігі құрылды. Аталған ведомство­ның мәліметінше, тек 2012-2016 жылдар аралығында корей мәдениетінің экспорты 4,6 миллиард АҚШ долларынан 6,3 мил­лиард АҚШ долларына дейін өскен. Корея­дағы креативті индустрия туралы айтқанда, PSY-дың «Гангхам стайл» трегі, BTS тобы мен күллі адамзаттың назарын ау­дарған корей телехикаялары ойға ора­лады. 2012 жылы кезекті трегімен жұлдызы жанған PSY-дың танымал бейнебаянын жарты жылдың ішінде 1 миллиард желі қолданушысы көрген. Әнші осы уақыт ішінде 3,5 миллион АҚШ доллары көле­мінде пайда тауыпты. Ал атақты оңтүстік­кореялық BTS тобының жылдық табысы 52 миллион АҚШ долларына тең екен. Пандемия кезінің өзінде әнші жігіттердің онлайн концертін 756 мың адам ақылы негізде тамашалапты. Forbes журналы кейі­нірек билет құны 26-35 доллар аралы­ғында бағаланған бұл концерттен BTS то­бының есебіне 20 миллион АҚШ долла­ры көлемінде кіріс кіруі мүмкін деген бол­жам жасады. Көпшілік көрерменнің көзайымына айналған корей фильмдерін де ел эконо­микасына елеулі үлес қосатын «өнімдер­дің» қатарына жатқызуға болады. Мәселен, 2016 жылы прокатқа шыққан «Пусанға жүретін пойыз» фильмі 8,5 миллион АҚШ долларына түсірілсе, оның табысы шы­ғынынан 11 есе көп болған. Ал 2019 жылы жарық көрген «Паразиттер» фильмі шығыннан 25 есе көп табыс тапқан. Кинодан табыс табудан түрік аға­йындар да алдына жан салмай келеді. Бірер жыл бұрын Түркияның мәдениет министрлігі таңды-таңға ұрып, жалғаса беретін сериалдардан ел бюджетіне жыл сайын 350 миллион АҚШ доллары көле­мінде табыс түсетінін мәлімдеді. Ресми Анкара бұл табысты кино түсірілген ны­сан­дарды туристердің көзайымына айнал­дыру арқылы да ұлғайтуға мүдделі. Мұндай тәжірибе әлем елдеріне таңсық емес. Мә­селен, әлемге әйгілі «Сақиналар әміршісі» (Властелин Колец) фильмі түсірілген соң Жаңа Зеландияға қарай ағылатын туристер саны 40 пайызға артқан. Соңғы жылдары үлкен экранға Джеймс Бонд, Гарри Поттер сынды кейіпкерлерді алып шыққан Ұлыбританияда да креативті индустрияның дамуы таңдай қақтырады. Ал АҚШ-тың креативті негізінен экспорт стратегиясы шетелдік тұтынушыларға бағдарлануымен ерекшеленеді. Жалпы, әлемдік тәжірибеде көптеген ел индустрияның дәл осы түрін дамытуда арнайы бағдарламаға иек артады. Атап айтқанда, Норвегияда шығармашылық экономиканы қаржыландырудың өзіндік жүйесі қалыптасқан. Ал Финляндияда креативті индустрия секторында кәсіп­керлікті дамытудың стратегиясы жасалған. Сол секілді даттар мәдениет пен өнер бағытында білім беруді басты назарында ұстайды. Сингапур арнаулы стратегия арқылы Азиядағы жаңа мәдени хабқа айналуды көздесе, Тайвань өз бағдар­ламасымен бейнеойындар нарығында Қытаймен бәсекеге түсу үшін цифрлық технологияларды дамытуға ден қояды. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері шығармашылық пен тың идеяны табыс көзіне айналдыруға шындап кіріскеніне біраз уақыт болды. Олардың кейбірінің озық тәжірибесін бізге де үлгі етуге болады. Басқаны былай қойғанда, төрткүл дүние үніне құлақ түрген Димаш Құдай­бергеннің өзін қазақстандық креа­тив­ті индустрияның амбассадорына ай­нал­дыра алсақ, қанеки!

Қайтсек креативті халық атанамыз?

Аты таңсық болғанымен, креативті эко­номиканың заты қазақ қоғамына таныс. Кинотеатрларда көрсетіліп жата­тын отандық фильм авторларынан бастап, күнделікті әр қазақтың тойын басқарып жүрген асабаңыз да индустрияның дәл осы түрінің өкіліне жатады. Дегенмен елімізде ақыл-ой еңбегімен табыс табатындардың қызметін үйлестірудің арнаулы жүйесі бол­мағандықтан, ел экономикасындағы креативті индустрияның даму қарқыны жайында нақты деректер келтіру қиын. Ұлттық экономика министрлігінің эконо­микалық зерттеулер институтының мәлі­метінше, 2020 жылы Қазақстандағы жал­пы ішкі өнімнің 2,8 пайызы креативті индустрияға тиесілі болған. Ал әлем елде­рінің креативті даму деңгейіне баға беретін Ғаламдық инновация индексінің (Global Innovation Index) өткен жылғы рейтингінде Қазақстан 77-орынға жайғасыпты. Халық­аралық сарапшылар еліміздегі креативті қызметтің жекелеген түрлерінің даму қар­қынын төмен бағалаған. Халықаралық бәсекеге сай келіп, эко­номиканы әртараптандырудағы креативті индустрияның мол мүмкіндігін пайда­лануға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баса назар аударып келеді. Өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар министрлікке креативті экономиканы дамытудың тетігін қарастыруды тапсырғаны есімізде. Мем­лекет басшысы биылғы Жолдауында да креативті индустрияны қолға алуды Үкі­мет мүшелерінің есіне қайта салып, сарап­шыларымен бірлесіп, жыл соңына дейін салаға серпін берудің нақты іс-шарасын ұсынуды міндеттеді. Бұл шаралар аясында елімізде креативті индустрияны қолдау қорын ашу мүмкіндігін қарастыру жайы да сөз болған. Дегенмен осы уақыт аралығында Пре­зи­денттің Жолдауларынан туған мін­дет­терді жүзеге асыруға білек сыбана кіріс­кендерді көре алмадық. Биыл сәуір айында Үкімет кеңсесіндегі жауапты қызметін тастап, елдегі креативті эко­номиканы қолға алған Данат Жумин Президент тап­сырмасын бұған дейін Мәдениет және спорт пен Ұлттық эко­номика министр­лік­тері біріне-бірі ысы­рып келгенін айтқан. Дегенмен жұмысын ә дегеннен креативті эко­но­микаға қырын қарағандарды сын тезіне алудан бастаған Данат Жуминнің креативті экономиканы дамытудың жо­балық кеңсесі жетекшісі ретінде қазіргі бітірген бар шаруасы Үкімет қаулысымен Креативті эконо­миканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту ғана болып тұр. Алайда бұл тұжырым­да­маның қа­был­дануымен елімізде креативті индус­трия дамудың даңғылына түсіп кете қой­майтыны белгілі. Сондықтан Данат Жумин жетекшілік ететін кеңсе үшін креа­тивті индустрияны дамыту мәсе­лелерін шешумен бірге қазақстандық шығарма­шылық қауымды шетелдік аренада таныту, сол арқылы олардың табыс табуын қамта­масыз ету де басты мәселеге айналғалы тұр. Креативті индустрияны дамыту мә­селе­сінде өзгелерге үлгі болғысы келген Алматы қаласында биыл ақпан айында Креативті индустриялар басқармасы құрылған. Алайда атауының өзі құлақ­ты елең еткізген мекеме жұмысынан айтар­лықтай тың шешім мен ерекше идеяны байқай алмадық. Керісінше, басқарма баршаға таныс сүрлеуге түскен онлайн платформаның контентін толық­тыру, бірнеше миллион теңгелік форумдар өткізу, танымал блогерлерді шақырып, имидждік материалдарға миллиондап қаржы бөлу сынды ескі әдістерден ары аса алмаған. Осылайша, ел экономикасындағы креа­тивті индустрияның үлесін арттыру­дағы алғашқы қадамымыз жобалық кеңсе мен әкімдікке қарасты басқарманы құру­дан ары аспады. Ал олардың жұмысын жандандырып, шығармашылық еңбекпен табыс табуға ниеттілерді қолдау шара­ларына лайықты көңіл бөлінбей келеді. Сарапшылар да креативті индустрияны дамытуды ақыл-ой еңбегімен айналыса­тындарды жан-жақты қолдау керек деген пікірде. Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледж оқытушысы, суретші Бейбіт Әсемқұл мемлекет шарапатын шын лайықтылардың сезінуі креативті индус­трияны табысты ететінін айтады. – Мемлекет шығармашылық жұмысты экономиканы дамытудың бір тетігі ретінде қарастырып, оған қолдау жасаса, оның өтеуі нәтижелі боларына сенемін. Өзім Нұр-Сұлтан қаласында арт-зертхана үлгі­сінде қызмет ұсынып, жастардың шығар­машылық қуатын таныта алатын орын ашқым келеді. Осы идеямды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау күтемін. Негізінен, креативті индустрия өкіл­дерін қолдау көрсетуде мейлінше ашық­тықты қамтамасыз етіп, озық идея автор­ларына ғана мүмкіндік берілуі керек деп ойлаймын. Сонда ғана шығармашылық әлеуеті бар өзге таланттардың сеніміне ие болуға болады, – дейді Бейбіт Әсемқұл. Креативті индустрияны бизнестің бір түрі деп қарасақ, оған қаржы құйып, қа­жыр-қайратты жұмсалғанда ғана қайта­рымы ойдағыдай болатыны түсінікті. Әйтсе де, танымал продюсер Есен Елеукен креативті индустрияда табысты болу жеке адамның қарым-қабілетімен байланысты екенін айтады. – Дәл қазір дамыған елдермен шығар­машылық әлеуетімізбен ғана иық теңестіре аламыз. Бізде сатира, әзіл саласында өздерін ТМД кеңістігінде мойындатып жүрген әзілкештер бар. Жақсы жобаларды қолға алып, ізденісте жүрген сықақшылар да жеткілікті. Әйтсе де, олардың өз «өнім­дерін» табыс көзіне айналдыруына марке­тингтік, менеджменттік қырлары жетіспей жатыр. Негізінен, креативті индустрияның «тауары» – ақыл-ойдың жемісі. Ал мұнда ең құнды нәрсе идея екенін ұмытпауымыз керек. Сол себептен елімізде креативті ин­­дустрияны дамытуды идеялар кеңесі сияқ­ты бір дүниені құрумен бастаған жөн, – дейді Есен Елеукен.