Ұлттар лигасында ойнаймыз
Ұлттар лигасында ойнаймыз
416
оқылды
Өткен аптада Швей­цария­ның Монтре қала­сын­да «УЕФА» Ұлттар лигасының 2022-2023 жылғы жеребесі тартылды. Құрлықтық тур­нирде құрамамыз С немесе D тобында ойнайды. Оны  Мол­дова құрамасымен бо­ла­тын ойыннан соң білеміз. 2018 жылы бастау алған доп додасына 55 қауымдастықтың ұлттық құрамасы қатысады. Олар өзара төрт лигаға бөлінген. Қазір 55 ұлт­тық құраманың 51-інің қай лигада бақ сынайтыны белгілі болды. Қал­ған 4 команда, соның ішінде Қазақ­стан да өз лигасын наурыз айында өтетін плей-офф кезеңі арқылы анық­тайды. Қарсыласымыз – Молдова құра­масы. Алғашқы ойын 24 наурызда Кишиневте, жауапты ойын 29 наурызда Нұр-Сұлтанда өтеді. Құрама­мыз С дивизионында қалатын болса, 3-топта Словакия, Беларусь, Әзербайжанға қарсылас атанады. Егер D дивизионына түсіп қалса, 1-квартетте Лихтенштейн, Андорра, Латвиямен үзеңгі қағыстырады. 3 айдан кейін құрамамызбен жасыл алаңда жолығатын Молдова өткен маусымда Ұлттар лигасының «С» лигасында ойнаған. Өз тобында олар Қазақстан секілді соңғы орын алды. Молдова Словения, Грекия, Косово құрамаларымен бір топта болды. Нәтижесінде, Словения жеке-дара көш бастап, топтың жеңімпазы атанды. Грекия екінші, Косово 5 ұпаймен үшінші орынды иемденді. Молдова тек 1 ұпай еншіледі. Ұлттар лигасы басталған тұста олар өз алаңында Косовоны қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Міне, осыдан кейін Молдова не гол сал­ған жоқ, не ұпай еншілемеді. 6 ойында қақпасына 11 гол өткізіп алды. Тиісінше, Қазақстан құрамасы да өз тобында соңғы орынға ие болды. Михал Билектің тұсында құ­рама­мыздың қарсыластары Албания, Беларусь және Литва командалары болды. Бірінші ойында сырт алаңда Литваны жеңген Қазақстан жарысты көңілді нотада бастаған. Бірақ кейіннен өз алаңында сүреңсіз кездесулер өткізіп, жағдайын нашарлатып алды. Жарыс соңында Қазақстан құрамасы соңғы орынға тұрақтап, өтпелі матчқа қатысатын жағдайға жетті. Жалпы, бұған дейін Қазақстан мен Молдова 5 мәрте кездескен. Олардың бәрі де жолдастық кездесулер. 2008 жылы бірінші ойында Молдова минималды есеппен же­ңіс­ке жетті. Одан кейін 2010 жылы кездесіп, ол ойын да 1:0 есебімен Молдованың пайдасына шешілді. 2013 жылы Қазақстан құрамасы Молдованы екі доп айырмасымен (3:1) жеңді. 2015 жылғы жолдастық кездесуде 1:1 есібімен тең түстік. 2019 жылы да қос құрама кім мықты­ны анықтай алмады. Ендігі ресми кездесуде қос ойын қорытындысы бойынша қандай есеп тіркелері көп­шілік үшін жұмбақ. Маңызды кездесу туралы футбол мамандарының пікірі де әрқилы. Беларусь құрамасының бас бапкері Георгий Кондратьев екі ұжымның мүмкіндігін бірдей бағалады. – Наурызда Қазақстанмен өт­пелі матч ойнайтын Молдова осал қарсылас емес. Естеріңізде болса, біз олармен екі рет 0:0 есебімен тең түс­­кенбіз. Қос құраманың деңгейі бір-бірімен шамалас, – дейді жат­тықтырушы маман. Словакия футбол федерациясы­ның президенті Ян Ковачич болса С тобында шалғайдағы Қазақстан­нан гөрі Молдованың ойнағанын қалайды. Ал Молдова құрамасының бас бапкері Сергей Клещенко Қазақ­­стан құрамасымен өтетін екі ойын да оңай болмайтынын жеткізді. – Наурызда Қазақстанмен екі рет шеберлік байқасамыз. Жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өйткені жеңіс С тобында ойнауға мүмкіндік сыйлайды. Ол топқа түссек, мықты қарсыластармен бірге өнер көрсетеміз. Латвия, Лихтенштейн және Андоррасы бар D лигасының 1-тобына келетін бол­сақ, бұл топтағы құрамалардың деңгейі С тобына қарағанда төмен. Ал біз мықтылардың қатарында болғымыз келеді, – дейді Клещенко. Біз өз кезегімізде Қазақстан құ­рамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновпен хабарласып, ел құ­ра­масы­ның тізгінін ұстаған маманнан алдағы кездесуге дайындығы ту­ралы сұрадық. – Қазақстан ұлттық құрама командасы дайындық жұмыстарын келер жылдың басында бастайды. Оның үстіне, қазақстандық футбол клубтарының Түркияда оқу-жаттығу жиындары болады. Біздің бапкерлік штаб та сол жақтағы жолдастық кез­де­су­лерді қарауға барады. Футбол­шы­лардың спорттық формасын, ал­дағы маусымға дайындығын ба­қы­лап, бірқатар ойыншыны құрама сапына шақырамыз. Сол уақытта Молдоваға қарсы тыңғылықты да­йын­дық жұмыстары жүреді. Құра­маға шақырту алған футболшы­лар­дың басын қосып, сол жақтағы ко­мандалардың бірімен жолдастық кездесу ұйымдастыру ойда бар, – дейді Талғат Маруаұлы. Мамандар айтқандай, қос құ­рама расымен деңгейлес болғаннан кейін бір-біріне қарсылас атанып отыр. Екеуі де өз топтарында соңғы орынды иеленді. Оның үстіне, екі мемлекеттің футболдағы ішкі біріншіліктері де қарайлас. Ол жақта да «Шериф», «Милсами», «Зимбру» сияқты жыл сайын чемпиондыққа таласатын командалар бар. Қалған клубтарының жағдайы мәз емес. Бізде де жоғарғы орындарға жыл сайын «Астана», «Қайрат» бастаған екі-үш команда таласады. Биыл «Тобыл» чемпион атанды. «Қайрат» Конференция лигасында бақ сынады. Ал Молдовада «Шериф» командасы Чемпиондар лигасының топ­тық кезеңінде ойнады. Олар ендігі жарыс жолын Еуропа лигасында жалғастырады. Бір сөзбен айтқанда, Молдова футболын Қазақстаннан мықты деу­ге келмейді. Бұрын Александр Епуряну секілді футболшылары Ресей біріншілігінде доп тепсе, қазір Олег Рябчук деген қорғаушысы «Олимпиакос» командасында өнер көр­сетеді. Біз секілді Бақтиер Зайнутдинов бастаған бірен-саран ойыншылары шетел біріншіліктерінде бақ сынап жүр. Ұлттар лигасының топтық кезеңі­нің ойындары 2022 жылдың маусым және қыркүйек айларына, ал турнирдің финалдық кезеңі 2023 жылдың маусымына жоспарланған. Наурыз айында ел футболының жанкүйерлерін Еуропа футбол қауым­дастығының жаңа жобалары­ның бірі Ұлттар лигасы аясында өтетін Қазақстан мен Молдова арасындағы қызықты бәсеке күтіп тұр. Құрама тізгінін қазақстандық маман Талғат Байсуфинов ұстағалы жанкүйер жүрегіне үміт ұшқыны ұялады. Алайда мақтаулы маман әлі үлкен сынақтың тезінен өткен жоқ. Құрама көші ілгерілегенімен, қуа­нуға әлі ерте. Әйтпесе, көз алдымыз­дағы алдамшы нәтижеге малданып, нағыз сын сағатта сан соққан сәтіміз аз емес. С тобына жолдама сыйлайтын нағыз тартысқа толы ойын Қазақ­­стан құрамасы үшін үлкен сынақ болмақ.