«Субсидия дауы»: миллиард кімге бұйырды?
«Субсидия дауы»: миллиард кімге бұйырды?
524
оқылды
Биылдың ең ірі жанжалы ауыл шаруашылығы субсидиясымен байланысты болды. Дау дүмпуі Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысы Сапархан Омаровты орынтағы­нан аударып тастады. Субсидия түрінде бюджеттен бөлінген жүздеген миллиард қаражатты ұрлаудың шын ауқымы енді ғана айқындалып отыр. Ұрлық схемасын теріс пиғыл, қара басы үшін пайдаланған фермерлердің саны 3 мыңға жуықтады. Дегенмен фермерлердің және биік лауазымды тұлғалардың көбі жазаланбауы мүмкін.

Жемқорлардың қолындағы «алтын сырға»

Жалпы, субсидияны жымқы­рудың схемалары сан алуан болған. Мысалы, фермерлер өзара ымы­раласып, асылтұқымды сиырлар­дың бір табынын бірнеше табын орнына пайдаланған: жоғарыдан комиссия келе қалса, олардың сырғаларын ауыстырып, бір шаруа қожалығынан екіншісіне айдай­тын болған. Ал «босаған» табын­дарды түн ішінде КамАЗ-ға тиеп, еліміздің өзге өңірлеріне немесе көрші Өзбекстанға тірі күйінде сатып отырған. Бұл қылмыстарға құзырлы меморгандардағы жауап­ты тұлғалар көз жұма қараған, кей жерде тіпті соны жүзеге асыруға қол ұшын берген. Негізі, төрт түліктің әрбірінің құлағындағы сырғасы малдың өзіндік паспортына айналуы тиіс еді. Оны енгізгенде АШМ бұл тетік әрбір малдың туғаннан бастап сойылғанға немесе өз ажалымен өлгенге дейінгі өмірін қадағалауға мүмкіндік береді деп дәріптеді. Өмірде олай болмады. Білікті ве­теринар, «Шығыс Қазақстан об­лы­сы ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бәкімбаевтың түсінді­руінше, бұл салада былық көп. Бі­ріншіден, сырғалар өте кеш ке­леді. Салдарынан, жаңа туған төлдер 7-8 айлық болғанға дейін есепке алынбайды, сырға келгенде 3 айлық ретінде тіркеле салады. «Малдың, әсіресе сиыр­лардың сырғалары өте сапасыз, ағашқа сүйкенсе не аяз қысса, сы­нып, түсіп қалады. Жылына мал сыр­ғасының 25-30%-ына дейін жоға­лады. Малдардан қан алынып, егу жұмыстары жүргізілгенде сыр­ға­сы жоқ малдарға жаңа сырға салынады. Сол себепті ол малдар жаңа мал ретінде қайта есепке қойылады. Бұл Ауыл шаруашы­лығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасындағы (АШМБ) бейберекетсіздікке әкеп соқ­тырады. АШМБ базасындағы ­мал­дың саны нақты санынан бір­неше есе артып кетеді. Мал ие­лерінің басым көпшілігі жоғалған сырға туралы хабарламайды, оның дуб­ликатына өтініш бермейді. Өйт­кені бұл оларға тиімді емес. Әрі сыр­ға дубликатын дайындап, жет­кізу проблема», – дейді Е.Бәкімбаев. Субсидияның талан-тараж болуына тосқауыл қою үшін өзге шаралар сыртында, мал сырғала­рының уақытында, қажетті мөл­шерде келуін қамтамасыз етуге және олардың сапасына айрықша көңіл бөлу қажет. Қалай болғанда да, еліміздегі төрт түлік саны азайып жатыр. Мысалы, Ұлттық статистикалық бюро дере­гін­ше, кейінгі бір-ақ ай ішінде сиыр саны 255 мың басқа күрт ке­міді. 2021 жылғы желтоқ­сандағы жағдай бойынша барлық санат­тағы шаруашылықтарда 8 млн 112,8 мың ірі қара мал ғана қалған. Салыстыру үшін айтсақ, бір ай бұ­рын, қараша айында Қазақстанда 8 млн 368,3 мың Зеңгі баба түлігі болған. Жылқы саны қарашадағы 3 млн 331,1 мыңнан 3 млн 256,1 мыңға дейін, түйе саны 242,5 мыңнан 239,8 мыңға дейін, қой саны 19,5 млн-нан 18,8 миллионға дейін, ешкі саны 2 млн 446 мыңнан 2 млн 353 мыңға дейін азайып кетті. Осының өзі фермерлердің қолдағы малын жаппай сойып сатып, құтылып жатқанын аң­ғартса керек. 2021 жылғы қаңтар-қарашада шаруашылықтарда төрт түліктің барлық түрін сою көлемі 1 миллион 830,4 мың тоннаға жеткен. Бұл өзіндік рекорд болған былтырғы жылғы көрсеткіштен де 5,7% көп.

Ел қаражаты бақылаусыз шашылуда

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, тек соңғы 5 жылда ауыл шаруашы­лығын субсидиялауға ел бюд­же­тінен 2 триллион теңге жұмсалған. Осы бесжылдықта шенеуніктер мен ауыл шаруашылығы өнді­ру­шілері үстінен қозғалған қылмыс­тық істердің көбі дәл осы демеу­шілік қаржымен байланысты. Тұ­тастай алғанда, ауыл шаруа­шы­лығы саласында 960 қылмыс тір­келген, оның жартысынан аста­мы (54%) субсидия жымқыруға қатысты. Субсидия туралы қылмыстық істер аясында күдікке іліккен фер­мерлердің саны 3 мыңға жуықтады. Антикор дерегінше, субсидияны жаппай ұрлауға қатысты тергеліп жатқан істерге тартылған фермер­лердің бәрі бірдей жауапкершілікке тартылмайды. Себебі олардың көбі субсидиялаудың жетілмеген, кемшілікке толы әрі айқын емес жүйесінің құрбаны болған. «Әрине, басқа жағдайда осы мыңдаған фермердің бәрін қыл­мыстық топтардың сыбайластары деп танып, лауазымды тұлғалар­мен бірге қылмыстық жазалауға болар еді. Бірақ біздің басты мақ­саты­мыз – АӨК саласындағы сы­байлас жемқорлық тәуекелдерін тауып, жою. Өйткені осы бүкіл схе­маларға жүргізілген терең тал­дау аграршылардың көпшілігі қылмыстық айла-шарғылардың құрбанына айналғанын көрсетіп отыр», – дейді сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызметтің басшысы. Антикор жүргізген талдау бюд­жет миллиардтарының бақылаусыз жұмсалғанын анықтады, қаптаған жемқорлық схемасы, субсидия­ларды ұрлаудың түрлі тәсілі әшке­реленді. Енді олардың ары қарай қолданылуын тоқтату шаралары қабылдануда. Кейбір дерек бойын­ша, біраз биік лауазымды тұлға – АШМ шенеуніктері, әкімқаралар, тіпті депутаттар тексеріліп жатыр, олардың шетелге шығуына тос­қауыл қойылған. Мәселен, 5 жыл ішінде ет өнді­рісін дамытуға 465 миллиард теңге бөлінген. Осынша қаражат ішкі нарықты, ел сұранысын отандық ет өнімдерімен толық қамтуға же­туі тиіс еді. Алайда кейінгі жылда­ры елде ет тапшылығы жиі туын­дап жүр, базардағы өнім бағасы бар­ған сайын қымбаттап жатыр. Елі­міздің ет импортына тәуелділігі артты. «Бұл салада ел қаржысын алаяқ­тар мен коррупционерлер талан-таражға салады. Осы мақ­сатта ақпараттық жүйедегі де­ректер базасының, қағидалардың көптеген олқылығы пайдала­ныл­ған. Ауыл шаруашылығы жануар­ларын бірдейлендіру жүйесінде (ИСЖ) малдың жасы, жынысы түзетіледі, есептік мәліметтері қол­дан жасалады және қосарланады. Осының бәрі өмірде жоқ малды субсидиялау, бекітілген критерий­лерді айналып өту, бір малға екі рет субсидия алу үшін жасалып келген», – деді Марат Ахметжанов. Мысалы, Жамбыл облысында облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы жұбайымен мәмілелесіп, құжат жүзінде ғана сатып алынған 1 мыңнан астам асылтұқымды қой мен сиырға субсидия алған. Өйткені қағидалар да, жүйе де осыған мүмкіндік береді. Ал Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» кеден бекеті арқылы бір түн ішінде Өзбекстанға 9 авто­көлікке тиелген 277 бас ірі қара мал өткен, бұл мал Ақтөбе облы­сынан сатылған. 10 айлық осы бұ­қалардың (олардың экс­портына тыйым салынған) жасы базада кәрі, 24 айлық деп көрсе­тілген. Оның қан сынамалары бруцеллез ауруына тексерілмеген, 21 күнге карантинге қойылмаған және сатылды деп базадан шы­ғарылмаған. Бұл мал із-түзсіз жоғалуы үшін жасалады.

Саланы бюджет сүйреп келеді

Ақпараттық жүйелердегі жөн­сіздіктер мен кемшіліктер билік­тегілерге аграршылармен тізе қосып, субсидияларды ұрлауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау аясында қаражаттардың түскені туралы инсайдерлік ақпаратты сатуға мүмкіндік берген. Соның кесірінен ақпараттық жүйеде субсидиялар тарату бастала салысымен бірнеше минут ішінде оны алдын ала құлағдар болғандар үлестіріп әкетіп, өзге фермерлерге тиын да тимейтін болған. Олар ұзақ уақыт кезекке тұрып, демеу­қаржыны босқа күтуге мәжбүр. Әрине, ең қомақты субсидия­лар «инвестициялық» деп аталады: ол арқылы мемлекет саладағы құ­рылыстың бр бөлігін, құрал-жаб­дық пен техниканы сатып алу шы­­ғындарын бюджеттен өтеп, қол­дау көрсетеді.  Айталық, тек жа­­йы­лымдарды суландыруға 5 жыл ішінде 21 миллиард теңгеден астам қаражат төленді. Жемқорлар оны да заңсыз баю көзіне айнал­дыр­ды: схеманың мәнісі сол, об­лыс­тық Ауыл шаруашылығы бас­қармала­рының лауазымды тұлға­лары өзіне бағынышты жалған жеке кәсіпкер­ліктер (ИП) арқылы су сорғыларын қуаттандыру үшін Қытайдан ең арзан, мүлдем сапа­сыз күн панел­дерін сатып алады да, соған мил­лиондаған субсидия төлейді. Кей­бір жағдайда күн панелдері мүлдем орнатылмаған, алайда жалған актілер бойынша ақша алынған. Қазақстанда құдық қазу үшін де демеуқаржы беріледі. Бірақ ол да көбіне қолы мен теріс пи­ғылды шенеуніктердің қалта­сына түсіп келген: қазылмаған құдықтар үшін акті толтырылады, ақпарат­тық жүйеде субсидия алуға фер­мерлердің цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш беріледі. Антикор тінту кезінде күдіктілердің бірінен 500-ге жуық бөтен адамның ЭЦҚ-сын тәркілепті. Жемқорлар ЭЦҚ көмегімен субсидияларды мүлдем хабарсыз фермерлердің есепшот­тары арқылы айдап, жылыстатқан. Осыған ұқсас  қылмыстар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, ШҚО, Қос­танай, Маңғыстау облыста­рын­да әшкереленіп, тергелуде. Сал­дарынан жүздеген мың гектар жайылым қағаз жүзінде ғана су­лан­дырылған. Шындығында, қа­зақ даласы шөлге айналып барады. Осындай былықтар бірінің үстіне бірі жамалып, саладағы проблемаларды арылу аса қиын «Авгийдің ат қорасына» айналды­рып жіберді. Биылғы маусым айын­да қызу тексерістер мен тер­геулерге кіріскен құзырлы орган­дарға жыл­дар бойы ит тұмсығы батпас нуға айналған түйткілдердің күрмелген түйінін тарқатып, мұ­қият зерде­леуге мәжбүр. Қылмыс­тық істерді зерттеудің ұзаққа со­зылуы да осыдан болса керек. Де­генмен сарапшылардың айтуын­ша, ештеңе кедергі болмаса, осы­ның бәріне жауапты тұлғалар анық­талып, келесі жылы биік ла­уазымды тұл­ғалар жазаға тартылуы тиіс. Осы ауанда Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің тым-тырыс отырғаны қайран қалдырады. Таяуда «Бірінші кредиттік бюро» Qoldau-мен бірлесіп, «Аграрлық сектор» атты аналитикалық дайд­жестін жариялады. Мұны АШМ жасауы керек еді. Құжатта ауыл ша­руашылығындағы мемлекеттің рөлі тым үлкен екені, агросек­тор­дың 65%-ын мемлекет өз құры­лым­дары арқылы бюджеттен қар­жыландырып отырғаны айтылған. Бұл – жемқорлық өркен жаятын өріс. Дайджесте аграршылардың қарызының жалпы көлеміндегі мемлекеттің үлесі 90%-ға дейін жетуі мүмкін делінген. Банктер, керісінше саланы несиелендіруді азайтып жатыр. Ауыл шаруашылы­ғының әрбір кәсіпкері орта есеп­пен 2-ден астам өтелмеген заемға ие (2020 жылы 1 ғана болған). Бас­ты кредитор – мемлекет қаты­суындағы ұйымдар. Ендеше фер­мерлер салаға жауапты шенділердің ашса алақанында, жұмса жұдыры­ғында. Мұндай қыспақ жағдайда нарықтың еркін дамуы туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Сарапшылардың байламынша, келесі жылы Үкіметке таңдау жа­сауға тура келеді: не субсидиялаудан бірте-бірте бас тарту, не саланы ары қарай бюджет көмегімен ілгері сүйрей беру. Бірінші жолға түссе, ауыл шаруашылығы өндірушілері бағаны күрт көтермек. Бірақ баға онсыз да басқа шауып, төске өрлеп барады.