2021 жыл: сандар сөйлесін...
2021 жыл: сандар сөйлесін...
431
оқылды
Сонымен, сиыр жылы да соңына таяды. Енді санаулы күндерден кейін 2021 жылды шығарып салмақпыз. Қимас көңілмен өткенімізді бір тү­гендесек, ахуалдың нақты бейнесін ци­фрдан артық беретін ештеңе жоқ болар. Ендеше биылғы жыл несімен есте қалды? Сандарды сөйлетіп көрелік!..

Санымыз – 19 миллион

Биыл елімізде 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Ұлттық халық санағы жүрді. Санақ мәліметі бойынша, қазақстандық­тардың жалпы саны 19 169 550 адамды құраған. Жерлестеріміз 48,71% ерлерден, 51,29% әйелдерден тұрады. Қазақстан хал­қының орта жасы 32 жас екені нақтыланды. Еліміздегі қазақтардың үлесі 70,18%-ға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп таныл­ған.

Ұлттық қорда – 55 млрд

Еліміздің әл-ауқатының межесі болып танылған Ұлттық қор биыл 55 млрд АҚШ доллары деңгейінде қалып отыр. Қараша айында оған 657 млрд теңге құйылған екен. Валютаға шаққанда 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын бұл түсімнің 1 мил­лиарды доллар күйінде түскен. Қараша айында бөлінген 310 млрд теңге мақсатты және кепілді трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 617 млн АҚШ доллары сатылған. Коронавирустың жаңа штамы пайда болып, нарықта үлкен тербеліс тудырып тұрғанына қарамастан қордың инвестициялық кірісі жыл ба­сынан бері оң жағдайда қалып отыр. Бүгінде ол 1,4 млрд АҚШ долларын немесе 2,52%-ды құрайды.

18 мың адам қайтыс болды

Коронавирус басталғалы елімізде барлығы 1 070 125 адам ауырған екен. Соның ішінде 18 160 адам қайтыс болған. Соңғы жарты жылда тәж тажалдың араны саябырсып келеді. Қазір күніне тек 400-500 жаңа дерек тіркеліп отыр. Бұл вирус басталғалы екі рет қатты асқынған екен. Екеуі де шілде айларына келіп отыр. Былтыр 2 шілде күні бір күнде 18 757 адам тіркелген болса, биыл 23 шілдеде бір күнде 66 121 адам тіркелген. Ал вакцинация қарқынына келер болсақ, 2021 жылдың соңына дейін елімізде 17 400 137 вакцина дозасы салынған, яки 8 455 436 адам вак­цина алған. Бұл барлық қазақстандықтың 45,3%-ы. Бұл тұста коронавирустан қай­тыс болған науқастар саны былтырғыға қарағанда биыл көп болғанын атай кеткен абзал. Мәселен, қайтыс болған 18 161 адамның 2 291-і биыл 21 наурыз күні жан тапсырған. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш.

25 мың кісі көшіп кетті

Елімізде биыл біржолата шетелге көшіп кеткендер саны 25 мың адамнан асып жығылып отыр. Олардың басым көпшілігі, яғни 87%-ы ТМД елдеріне барып тұрақтаған екен. Ал көшіп келгендер саны 8 мың адамға жуықтайды. Олардың дені (86%) Тәуелсіз мемлекеттер достас­тығынан қоныс аударған. Әйтсе де, бұл халықтың ішкі өсіміне әсер етіп отырған жоқ. Туу көрсеткішінің жоғары болуының арқасында былтырғы жылмен салыстыр­ғанда халқымыздың саны 253,4 мың адамға артқан. Бұл – 1,3%-ға артық деген сөз. Ішкі миграцияға келер болсақ, биыл 0,6% өсім бар. Соның ішінде төрт өңір бойынша оң сальдо: Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және Маңғыстау облысына көшіп келушілер саны көп.

Жылдық инфляция – 8,7%

Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) биылғы жыл­ды 3,7-4% деңгейінде жабуы мүмкін. Мұндай оптимистік сценарий мұнай бағасының өсімімен байланысты болып отыр. 9 айдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 3,4% болған. Ұлттық банктің хабарлауынша, әлемдік және ұлттық экономикалардың осындай тез қал­пына келуі жалғасып жатқан фискал­дық ынталандыру бағ­дар­ла­ма­ла­ры мен жеңіл ақша-кредит та­лаптарының нәти­жесінде мүмкін болған екен. «Сонымен бірге бұл факторлар тұтыну­шылық сұраныстың қалпына келуіне және әлемдегі инфляциялық қысымның ай­тарлықтай өсуіне әсер етті. Жыл басынан бері бағаның өсуі тарихи ең жоғары көрсеткіштерді жаңартып отыр. Әлемнің ірі экономикаларында инфляция 13 жылдық ең жоғары көрсеткіштерге жет­ті. АҚШ-та 5,4%-ға дейін, Еуроодақта – 3,4%-ға дейін өсті» деп түсіндірді ҰБ бас­шысы. Жылдық инфляция 8,7% деңгейіне тұрақтауы мүмкін. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев әлемдік экономикада пандемияға негізделген сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі, шикізат пен азық-түлік тауарларына бағаның жоғары болуы нәтижесінде инфляцияның өсуімен қатар жылжымалы қалпына келуі жалға­сып жатқанын айтады. Регулятордың бағалауы бойынша, сақталып отырған теңгерімсіздік пен үдеп келе жатқан инфля­циялық күтулер себебінен 2022 жылы Қазақстанды қоса алғанда, дамушы елдерде инфляциялық қысым жоғары болып қалады. «Инфляцияға қарсы ден қою шарала­рының кешені шеңберінде жүйелі және алдын алу шараларын қабылдау инфля­цияны тұрақтандыруға және 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге енуге мүмкіндік береді», – дейді Е.Досаев. Естеріңізде болса, 2020 жылы инфляция 7,5%-ды құраған болатын.

Сыртқы қарыз – $166,7 млрд

Сыртқы қарыз өсіп келе жатыр. Бір жылда ол 13,6 млрд долларға көбейген. Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, бүгінде еліміздің шетке берешегі 166,7 млрд долларға жеткен. Ал 2020 жылы көрсеткіш 152 млрд доллар шамасында болған еді. Енді осы борышты мемлекеттерге бөліп қарасақ, Қазақстан Нидерландқа – 44,3 млрд доллар, Британияға – 22,6 млрд, Америка Құрама Штаттарына 13 жарым млрд доллар берешек. Инвестициялық тартымдылығы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. 30 жылда әлемнің 120-дан астам мемлекеті біздің елдің дамуына 330 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Мұның жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне, тағы бір қомақты бөлігі АҚШ-қа тиесілі. Соның ішінде соңғы 10 жылда еліміз 250 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқанын ескерсек, орташа есеппен елімізге 20-25 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады деп айтуға болады.

Армияда 70 мың сарбаз

Қарулы Күштер қатарындағы әскері­міздің саны биыл 70 000 адамды құрады. Олардың жартысына жуығы қысқамерзімді әскери борышын өтеп жүргендер. Қазақ­станның бір мезетте 180-220 мың адамды әскер қатарына шақыруға және ұстап тұ­руға мүмкіндігі бар. Пандемия жағ­дайына байланысты былтырдан бастап әскерилер саны қысқартылған екен. Ал әскери қуаты бойынша әлем елдері рей­тингінде Қазақстан биыл 140 ел арасында 62-орында.

Алаяқтықтың саны артты

Қылмыстық істер саны жыл басынан бері 173 980-ді құрап отыр. Оның ішінде 28 мыңнан астамы теріс қылықтар болса, 145 мыңнан астамы түрлі дәрежедегі қылмыстар. Мәселен, 2 707 іс аса ауыр, 43 695 ауыр қылмыс бар. 174 мыңға жуық қылмыстық істің 150 мыңға жуығы биыл тіркелген екен. Қалғаны былтыр және одан да арғы жылдардан келе жатқан істер екен. Сонымен, кісі өлтіру дерегі – 704, адам зорлау – 706, адам ұрлау – 43, адам сату – 49, азаптау – 160, алаяқтық – 43 912, оның ішінде интернет алаяқтық – 21 355 және тағы басқалар. Жол-көлік апаты өткен жылмен салыстырғанда биыл 11%-ға артқан. Осылайша, жыл басынан бері 10 мыңға жуық ЖКО болған екен. Ең көп оқиға Алматы қаласында тіркелген. Одан кейінгі орында Алматы және Жамбыл облыстары. Ең өкініштісі, 13 мыңнан астам адам зардап шегіп, 1,5 мың адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі, яки мыңнан астамы ер адамдар. Қаза болған адамдар пропорциясы ең көп оқиға тіркелетін өңір­лермен сәйкес келеді. Жол апат­тарының 90%-ында жүргізушілер кінәлі екен.