Кешенді қолдау көрсетіледі
Кешенді қолдау көрсетіледі
404
оқылды
Қазақстан өңірлерінің басым көпшілігін қамтыған жаппай тәртіпсіздіктер мен бей­берекетсіздіктен кейін ел есін жиып, еңсесін тіктеп келеді. Зардап шеккен елді мекендерде жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Республика көлемінде экономиканы жандандыруға, әлеуметті қолдауға, кәсіпкерлердің шығынын өтеуге бағытталған алғашқы, шұғыл қадамдар жасалды.

Бизнеске қолдау көрсетіледі

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының мәліметінше, 10 қаң­тардағы жағдай бойынша тек бір Алматы қаласының өзінде бизнес нысандарына келтірілген шығын­ның жалпы сомасы 92,2 млрд тең­геден асты. Жалпы, Қазақстан бо­йынша шығын 93,7 миллиард тең­геге бағаланып отыр. Бұл, әри­не алдын ала есептер, тиісінше ал­да тек өсе бермек. Кейбір дерек бойынша, елде 140-тан астам сауда ойын-сауық орталығы, сауда үйі және басқа ірі бизнес нысаны тоналған, өртелген. Ұлттық палата қауырт желіні аш­қан болатын, оның байланыс орталығына әзірге 2 774 қоңырау түсті, соның ішінде 1 406-сы тонау­шылық-мародерлік шағым, 39-ы – форс-мажорға қатысты мәселе, 2-еуі – блок-бекеттер туралы, 3-еуі – зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау қоры бойынша. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар 1 324 телефон шалған. «Кәсіпкерлер Ұлттық пала­та­ның жедел желісіне ғимараттардың бүлініп, дүкендердің тоналғаны, қорғаныш терезелерінің, есіктер­дің қирағаны туралы хабарлап жа­тыр. Бизнесмендердің сейфтері мен мүлкі тегіс ұрланған. Кәсіп­кер­лер­дің айтуынша, қалада жағ­дай ба­қылауға алынғанға дейін ұрлық бірнеше дүркін, үсті-үстіне қайта­ланған. Алматыда 7 қару дү­кені то­налған. Көлік дистрибью­тер­ле­рінің бірі 5 жаңа көлігінің ұр­лан­ғанын және кеңсенің өр­тел­генін жеткізді», – дейді «Ата­мекен». Сауда желілері қатты зардап шекті. Тонаушылар дүкендерден барлық затты – алкоголь өнімде­рін, темекі, ақша, алтын, киім жә­не аяқкиімді, техника, ұялы те­ле­фондарды, азық-түлік өнім­де­рін түк қоймай алып кеткен, сөре­лерді тып-типыл еткен. Кә­сіп­кер­лер қалған тауардың жарам­сыз етілгенін мәлімдеді: оларға күйік пен ыс сіңген, сырты бүлін­ген, бұзылған. Ұлттық палата кәсіпкерлерге шығынды барынша фото және видеоға түсіріп алу және өз бетін­ше алдын ала шығын актісін жасау керегін ескертеді. Сонда алдағы уақытта бизнесмен мемлекеттен не арнайы қордан көмек алу үшін шығынын дәлелдей алады. Әйт­песе, біраз бизнесмен мемлекеттен көмек күтпей-ақ өз бетінше ісін қал­пына келтіруге кіріскен. «Ата­мекеннің» өңірлік палаталарының қызметкерлері зардап шеккен нысандарды аралап, шығынын тіркеп жатыр. Алматы кәсіпкерлер палатасы­ның өңірлік кеңесі қазақ жерінің қойнауынан қазынасын көсіп-қазып алып жатқан инвестор­ларды, ірі кәсіпорындарды тәр­тіп­сіздік кезінде күйреген шағын және орта бизнес нысандарын қалпына кел­тіруге қаржылай көмек көрсетіп, әріптестерін қолдауға шақырды. Бұл кіші кәсіпкерлерге өз ісін жылдам жандандыруға мүмкіндік берер еді. Мемлекеттің бизнеске қандай көмек көрсететінін, кешенді ша­раларын Мемлекет басшысы жариялайды деп күтілуде.

Халыққа қандай демеу бар?

Ел Президенті жағдайды тұрақ­тандыруға бағытталған бірінші кезекті шаралар ауқымын белгі­леді. Атап айтқанда, бензин, ди­зель, сұйытылған газ бағаларын, коммуналдық тарифтерді көте­руге 6 айлық мораторий енгізілді. Әлеу­меттік маңызды азық-түлік тауар­ларының бағасын жарты жыл бойы мемлекет реттейді. Несиесін төлей алмай, борыш батпағына әбден батқан азамат­тар­дың өмірін жеңілдету үшін Үкімет пен Парламентке «Жеке тұлғалар­дың банкроттығы туралы» заңды әзірлеуге кірісу туралы тапсырма берілді. Халықтың аз қамтылған топтары үшін қайталама нарықтан баспананы жалға алу құнын суб­сидиялау түрінде жаңа көмек пай­да болады. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» атты жаңа қоғамдық қор құрылады: оған мемлекеттік және жеке көздерден қаржы құйылады. Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметінше, коммунал­дық қызмет тарифтері 2022 жылғы 1 шілдеге дейін көтерілмейді. «Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау мақсатында рет­телетін коммуналдық қызмет­терге – сумен жабдықтау, су тарту, жылумен жабдықтау, газбен жаб­дықтау және электрмен жабдықтау тарифтерін көтеруге мораторий енгізілуде. Бұл мораторий 2022 жыл­ғы 1 шілдеге дейін әрекет етеді», – деді ведомство. Елде жарияланған төтенше жағдай аясында барлық банк қыз­метін тоқтатқаны белгілі. Элек­тронды түрде есептесуге жаппай көшкен қазақстандықтар қар­жыдан тарығып, біраз қысылып қалды. Қазір Халық банкі, Kaspi ұялы қосымшалары іске қосылды. Кешеден бері азаматтардың жалақысы, зейнетақысы және жәрдемақысы бойынша теңгемен ақша аудару жанданды. Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл халық пен бизнес өкілдеріне ұлттық ва­лютамен өзара есеп айырысуға толық мүмкіндік береді. Кеше қазақстандық қор бир­жа­сында (KASE) мемлекеттік ба­ғалы қағаздар нарығының қыз­меті де қалпына келтірілді. Ха­лық­­ара­лық төлемдер мен аударым жү­йесі де қайта іске қосылады. Алайда банктердің ақша айыр­бастау бөлімшелері әзірге ашыл­майды. Қызметкерлер мен кли­ент­­терінің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мақсатында айырбастау бе­кет­терінің ашылуы кейінге шегеріледі. Сонымен қатар 10 қаңтардан бастап елдегі ірі қалалар мен шал­ғай аудандарда Halyk Bank-тің 297 бөлімшесі ашылған. Жұмыс кес­тесі орналасқан аймаққа байла­ныс­ты, яғни таңғы сағат 09.00-ден 17.00-ге немесе 18.00-ге дейін со­зылады. Бірақ Алматы қаласында, Алматы облысында, Талдықор­ған­да және Жаңаөзенде банктер жабық. Қазір аға ұрпақ зейнетақы­ларын алуға жүгірді. Алайда банк­тердің көбі жабық, қарт адамдар банкомат тілін таба алмайды. Сондықтан 10 қаңтардан бастап ақшаны «Қаз­пош­тадан» алуға болады. Бұл ту­ралы «Қазпошта» АҚ хабарлап отыр. Мамандар қаңтардың 10-нан бастап елдегі барлық бөлімше ашыл­ғанын айтты. Бастысы, елді мекенде интернет жұмыс істесе болды. «Банкоматтарға ақша салу жұ­мысы басталып кетті. Яғни, «Қаз­пошта» бөлімшелері мен банко­мат­тарынан ақшаны шешіп алуға болады. Сонымен бірге Қазақстан бойынша магистралды теміржол­дар мен автожолдар бағыттарының іске қосылуына байланысты ком­пания 10 қаңтарда пошталық қыз­метіне қайта кірісті», – деді «Ха­бар24»-ке түсініктемесінде «Қаз­пошта» АҚ департаментінің ди­рек­торы Алина Жанқұлова. Мұның сыртында бүгіннен хат-хабарды қабылдап, жөнелту, өңдеу ісі де қайта қалпына келеді. Кеше, аптаның алғашқы кү­нін­де азаматтар депозиттерінде жат­қан ақшасын шешіп алу үшін банктерге хабарласа бастады. Алай­да банктер негізінен 19 қаң­тарға, ТЖ біткенше салымдарды беруден бас тартуда. Қазақстанда бағаның шарық­тауына тосқауыл қойылып жатыр. Осы мақсатта Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігінің мә­лімдеуінше, азаматтар әлеуметтік маңызы бар өнімдер, азық-түлік, газ, бензин, дизель отыны, такси мен агрегаторлар қызметі бағасын көтеру деректерін жедел желіге хабарлай алады. Елімізде тамақ тапшылығын болдырмау үшін азық-түлік базар­ларының ашылуына рұқсат етіліп, олардың жаңа жұмыс кестесі белгіленді. Осылайша, Қазақстан бірте-бірте бұрынғы бейбіт өмірге ора­лып жатыр.