Шығыста 69 тәртіп сақшысы жараланды
Шығыста 69 тәртіп сақшысы жараланды
329
оқылды
4-5 қаңтардағы  тәртіпсіздік кезінде Шығыс Қазақстанда 69 полицей мен Ұлттық ұлан сарбазы зардап шеккен.  Бұл туралы облыстық Полиция депар­таменті мәлім етті. «Бұзақылар 11 полиция көлігін жойып жіберген, тағы осын­­ша көлік бүлінген. Облыста 5-9 қаңтар аралығында 1 000-ға жуық адам қа­мауға алынып, 66 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Комен­дант­тық сағат кезінде ереже бұзған 7 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында аталған қолбасшылыққа қарасты 19 әскери әртүрлі дәрежеде жарақат алған. «Оның 8-і – Өскемен гарнизонының, 11-і – Семей гарнизонының сарбаздары. Қазір жарақат алған жауынгерлер тиісті ем қабыл­дауда, жағдайлары тұрақты. Кеше Жалпы­ұлттық аза тұту күніне орай Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшы­лығына қарасты барлық әскери бөлімдерде жауынгерлік міндетін атқару барысында қаза болған Ұлт­тық ұланның екі сарбазы Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты еске алу митингісі өтті», – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшы­лығының баспасөз жетекшісі Бағдат Амангелді. Қазір Шығыс Қазақстанда жағдай біршама тұрақтанған. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Облыс әкімі Даниал Ахметов аймақтағы жағдай әлі де қатаң ба­қылауда екенін жеткізді. «Бүгінде комен­данттық сағатты сақтай отырып, барлық кәсіп­орын­дар, дүкендер, дәріханалар мен медициналық мекемелер штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалақыны, зей­нетақыны, әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша да жағдай тұрақ­ты. Облыстағы екінші деңгейлі банктер төлем жүйесін толықтай іске қосуда», – деп жазды өңір басшысы Facebook парақ­ша­сында. Өңірде 6-7 қаңтар күндері интернеттің жоқтығына байланысты банкоматтардан ақша алу қиындаған еді. Қазір Өскеменде 301, Семейде 159 банкомат жұмыс істеп тұр.  10 қаңтардан бастап аймақтың өзге 17 қала-аудандарында банкоматтар іске қо­сылады. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, облыс орталығында жағдай тұрақты, азаматтардың өмірі мен мүлігіне ешқандай қауіп жоқ. «Тәртіпсіздік себептерін зерттеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту бойынша құқық қорғау органдары іс-шараларды жалғастыруда.  Лаңкестердің жолын кесіп, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтағаны және зиянкестік жасаудың алдын алғандары үшін құқық қорғау органдары мен қарулы күш қызмет­керлеріне қала халқының атынан алғыс айтамын. Олардың жедел қимы­лының нәтижесінде еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Өскемен қаласында қылмыстық әрекеттердің кесірінен келген шығын әлдеқайда аз болғанын атап айтқым келеді. Қалалық әкімшілік тарапынан шаһардың тұрақты тыныс-тіршілігін сақтау шаралары қабылданды. Барлық коммуналдық кәсіп­орындар қалыпты жұмыс істеуде, жылу, су және электр­мен қамтамасыз ету қалыпты жағ­дайда қызмет көрсетіп отыр. Қоғамдық көлік қатынасы, көшелерді қардан тазарту, қоқыс жинау және тазалық жұмыстары кедергісіз жүзеге асырылуда», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы