Ақталмаған 2 847 азаматтың ісі табылды
Ақталмаған 2 847 азаматтың ісі табылды
275
оқылды
Былтыр Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаевтың бастамасымен «Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комис­сия құрылып, әр облыста өңірлік комиссиялар жұ­мысын бастаған еді. Жа­қында Шығыс Қазақ­стан­дағы өңірлік комиссия 2021 жылы атқарылған жұмыс­тарды баяндап, тың мәлі­мет­терді жария етті. Облыстық Ішкі саясат бас­қармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстанда 26 адамнан тұратын өңірлік комиссия мен 35 адамнан тұратын 10 жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының құрамына ай­мақтағы жоғары оқу орында­ры­ның оқытушылары, тарихшылар, ғалымдар, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері енген. «2021 жылы өңірлік комиссияның төрт отырысы өтті. Бір қуантар­лығы, 10 жұмыс тобының мүше­лері былтыр 260 қордағы (оның 207-сі ашық, 53-і жабық) 13 814 істі (оның 10 862-сі ашық, 2 952-сі жабық) қарады. Мұрағаттардан ақталмаған 2 847 азаматтың ісі (оның 2 191-і ашық, 656-сы жабық қордан) табылып, 493 жаңа оқиға анықталды. 2 847 адамның 2 666-сы оңалту шарттарына жатады, комиссия барлық қажетті құжат­тарды дайындап қойды. 181 адам ақтауға жатпайды (оларға саяси ғана емес, қылмыстық іс қозғал­ған). Ақтауға жататын 2666 адам­ның 1687-сінің құжаты мемле­кеттік комиссияның қарауына жіберілмек. Қалған 979 азаматтың материалдары толықтырылып жа­тыр», – дейді басқарма басшысы. Жоғарыда аталған 2847 істі тарқата айтар болсақ, оның 980-і бай-кулактарға, 494-і Шығыс Қазақстанға жер аударылғандарға, 386-сы әр жылдардағы көтері­ліс­терге, 249-ы Алаш қозғалысына, 140-ы Түркістан легионына, 123-і шетелге ауған қандастарымызға, 116-сы концлагерьлерге, 69-ы ұжымдастыру науқанына, 9-ы Желтоқсанға қатысты. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, әлі де мұқият зерттеп, зерделеуді қажет ететін, «аса құпия» деп белгі соғылған істер аз емес. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Полиция департаменті, прокуратура сияқты органдарда 24 мыңға жуық құпия істер бар. «Осы істермен ғалымдарымызды таныстырсақ деген ниетпен арнайы хат жаздық. Құпия белгісі соғылған құжаттар қаншама құ­пияны жасырып жатқаны анық. Өткен жылы ұйымдастыру жұ­мыс­тарына көп көңіл бөлінді. Биыл комиссия құрамына заңгер­лерді қоспақ ойымыз бар. Өйткені архивтен істері табылған азамат­тарға заңдық, құқықтық тұрғыдан баға берілуі қажет. Яғни, ол аза­маттарды ақтауға бола ма, болмай ма деген мәселенің басын ашып алуымыз керек. Екіншіден, аума­лы-төкпелі кезеңде қаншама қан­дастарымыз Қытай асып кетті. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары еліміздің әкімшілік бөлінуі бас­қаша болды. Шығыс Қазақстан облысы деген болған жоқ. Кейбір мәліметтер Павлодарда, Омбыда, Орынборда жатуы мүмкін. Сон­дықтан сол жақтардың архивтерін қарап, материалдар сұрастыру жоспарымызда бар. Үшіншіден, өңірлік комиссиямен шектелмей аудан-ауылдарда да арнайы комиссия құрып, экспедициялар ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыс­тарға жастарды, волонтерлерді тартпақ ойдамыз. Сол жұмыс­тар­дың нәтижесінде көтеріліс болған жерлерге белгі орнату, мемо­риал­дық кешен ашу секілді шаралар жүзеге асырылуы мүмкін», – дейді Жасұлан Сәрсебаев. 1939-1945 жылдары Германия, Финляндия және өзге де Еуропа мемлекеттерінде әскери тұтқын­да, сондай-ақ «Түркістан ле­гио­нында» болған қазақстандықтарды ақтау, зерттеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан та­рихы және әлеуметтік саяси пән­дер кафедрасының аға оқы­тушысы Амантай Жақсылықов өз жұмыс тобындағы ғалымдар ар­хивте жұмыс істеп, көптеген іс­терді қарағанын айтты. Алайда жұ­мыстың нәтижесін, қанша қор­дың қаралғанын, қанша адам­ның құжаттары табылғанын айта алмайтынын жеткізді. «Жалпы­лама айтуға болады. Істерді қарау барысында жау қолында тұтқында болған азаматтарымыздың елге оралған соң көрмеген қорлығы, шекпеген азабы аз болмағанына көз жеткіздік. Олар әуелі филь­трациялық лагерьлерге түскен. Сол жерде түк қалдырмай тексер­ген, кінәсі болса түрмеге отыр­ғызған. Кейбіреулерін үйлеріне, кейбірін КСРО-дағы ең ауыр жұмыстарға, шахталарға жіберген. Олар қандай дарынды болса да, өз қалауынша жұмыс істемеген. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасына дейін құзырлы органдар оларды ешқайда жібермей назарда ұстаған. Олар елге қайтқаннан кейін бір ауылда тұрған, ешқайда шығармаған. Балалары оқу орын­дарына түскенімен, комсомолға қабылданбаған, басшылық қыз­меттерге жіберілмеген. Тұтқында болған азаматтарға ешқандай награда берілмеген. Бір дерек келтірейін. Мәселен, облыстың бір ауданының тұрғыны филь­трациядан өтіп, үйіне жіберілген. Істе лагерьде қанша жыл отыр­ғанын жазбаған. Алайда 1951 жы­лы қайтадан соттап, басқа бап­пен айыптап, атып тастаған. Та­ғы бір қызықты дерек, «Түркіс­тан легионында» өзге ұлт өкілдері де болыпты. Біздің жерлесіміз, Шығыс Қазақстанның тумасы екен. Жақында облыс әкімінің қатысуымен комиссия отырысы өткен. Отырыста фильтрациядан өткен әскери тұтқындардың ісін құпиясыздандыру керегін айттым. Сонда тек «Түркістан легионы» ға­на қалады. Бұл – үлкен тақы­рып. Жан-жақты зерттеуді қажет ете­ді. Өйткені олардың арасында жай жұмысшылар да, интел­ли­ген­ция өкілдері де болған, баспада жұ­мыс істеген, газет шығарған», – дейді тарихшы.

Шығыс Қазақстан облысы