Жол мұраты жету емес пе?
Жол мұраты жету емес пе?
419
оқылды
Қарағанды облысында қыс мезгілінде жиі жол жа­былады. Боран болса да, жауын жауса да – осы. Ес­керту жасалып жатқаны. Ауа райының қолайсызды­ғы­нан жол апаттары да кейінгі кезде көбейіп кетті. Оған мысал, бір мезетте 8 көліктің соқтығысуы. Мұ­ның көбі жаңа салынған магистральде болғаны да рас.

8 көлік соқтығысты

«Жол мұраты – жету» деп қазақ тегін айтпаған. Алайда көлік тізгіндеген адамға қыстыгүні бір жерден екінші мекенге жету қиямет қайымға айналғандай. Арқаның бораны мен аязы, кейінгі кездегі жауын жол жабы­луына әсер етуде. Осындайда «жолға жауаптылар қайда қа­райды?» деген сұрақ туындайды. Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен демалыста Қарағанды-Теміртау тасжолында ауа райының қолайсыздығына байланысты 8 көлік соқтығысқан. Зардап шеккендер жоқ, дегенмен автобустар көктайғақ пен қатты жел салдарынан жол шетіне аударылып қалған. «Оқиға сал­дарынан зардап шеккендер жоқ. Қарағанды-Теміртау автожолында сегіз көлік соғылды. Автобустар көктайғақ пен қатты жел салда­рынан жол шетіне аударылып қалған. Абай қаласы мен Еркін кенті арасында бір жағдай тір­келді. Автобус жол шетіне шығып, содан кейін бір жағына құлаған. Барлық факт тіркелген. Олар бойынша тиісті сараптама та­ғайындалды, нәтижесі бойын­ша процессуалдық шешім қабыл­данады» делінген Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлама­сында.

Ақылы жолда тағы шектеу

Әрине, ауа райы қолайсыз­дығына байланысты жол жа­бы­лады. Бірақ неге екені белгісіз, ақылы жолдарда да осы шектеу. Жолдарды ақылы ету мақсатында 2015 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пай­даланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пай­далану туралы» заң қабылдан­ған болатын. Кейін ақылы жолдан түсетін қаржы қайда жұмсалады деген сұраққа 2020 жылдың қыркүйек айында «QazAvtoJol ҰҚ» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирек­циясы филиалының дирек­торы Марат Сүлейменов: – Қаражат ақылы жолдарды ұстауға кетеді. Жол – жыл бойы демалыссыз жұмыс істейді. Ақы­лы жолдарға төленетін ақша қыс­та ақылы жолды тазартуға, қар жинайтын құрылымдарды ор­натуға, қосымша қарауға және күзетуге жұмсалады. Көктемде су тасқынына байланысты жұмыс­тарға, су өткізгіштерді тазарту жұмыстарына жұмсалады. Жаз мезгілінде жол белгілерін қолдану, жол белгілерін ауыстыру, қоқыс­тарды жинау, демалыс орындарын тазарту және басқа жұмыстарға жұмсалады, – деген болатын «Instagram әлеуметтік желісіндегі @kazautozhol парақшасының тікелей эфирінде.

Гагаринға бара алмай қалдық

Қарағандыдан 40 шақырым жерде Гагарин атындағы ауыл бар. Сол мекеннің тұрғыны Әлібек деген азамат Қарағандыдан әзер жеткенін айтты. – Қарағандыдан шыққаннан кейін Теміртауға соқтым. Ол жақтағы жұмысымды аяқтап, ауыл­ға қайтуым керек болды. Сол күні жол жабылды. Бір күн бойы көлігімді қаңтарып, қала­дағы қонақүйде жатуыма тура келді. Ол жол ақылы, неге жауын болса, жол жабылады, соған таңым бар. Миллиардтаған теңге қор­жындарына түсіп жатыр емес пе? Ақылы болғаннан кейін құм ба, тұз ба сеуіп, көктайғақты еріту керек қой. Ал боранда мүлде жол жабылады. Өйткені қар тазалап жүрген техника аз. Арнайы жол тазалаушылар бар емес пе? – дейді Әлібек. Бұл сөзге басқа да жол жүр­гізушілер де қосыла кетті. Мы­салы, индрайвермен такси қыз­метін атқарып жүрген Мадияр деген азамат Қарағандыдан  ас­танаға дейін төрт адам алғанын, жол жабық болғаннан кейін артқа қайтқанын, сол күні жолаушы­лардың ақшасын қайтып бер­генін, соның кесірінен шығынға батқанын айтады.

P.S.

Ақылы автомобиль жолын салу – автомагистраль, көпір және туннельдердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қаржы­ландырып, пайдаланудың сапасын жоғарылатуды қамтамасыз етудің тиімді  тәсілі екені рас. Сонымен қатар ақылы жол еліміздің қа­зынасынан жолды күтіп ұстауға бөлінетін шығынды азайтады. Дегенмен ақша жинауды ғана білетіндердің, қыс боран мен көк­тайғақта  жолды жабумен шек­те­летініне қалай ғана қынжыл­май­сың?!

Қарағанды облысы