Министр «омикрон» белгілерін атады
Министр «омикрон» белгілерін атады
251
оқылды
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда «омикрон» штамы қарқынды таралуда және бүгінде Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел «қызыл аймақта». Соңғы айда коронавируспен ауыру 19,6 есе өсті. ДСМ басшысы «омикрон» коронавирусымен ауыру жеңіл және асимптоматикалық түрде жүретінін және шамамен 2 күн­дік қысқа инкубациялық кезеңге ие екенін хабарлады. «Аурудың алғашқы белгілері ­– қызу, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, буындардың ауыруы. Ауруханаға жатқызылғандардың үлесі – анықталған жағдайдың 19,5%-ын құрайды, стационарға аурудың орташа және ауыр дәрежесі бар пациенттер түседі. Оларда температураның 3 күн­нен астам жоғарылауы, инток­сикация­ның айқын белгілері, ентігу байқалады, сондай-ақ қауіп тобына жататын науқастар бар. Бұл ретте ауыр және өте ауыр науқастардың үлесі ауру­ханаға жатқызылғандардың 5%-ын құрайды, олар реанимация бөлімшесінде жатыр», – деді министр. Елде 3 054 мобильді бригада, резервте 1 622 бригада жұмыс істейді. КВИ науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері тартылған. Шұғыл медициналық көмекті 1 486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте – 150. КВИ медицина­лық көмек көрсетуге барлығы 40 мыңға жуық медицина қызмет­кері жұмылуда: оның ішінде 7 239 – дәрігер. 4 556 медқызмет­керден тұратын резерв бар, оның ішінде 1 217-сі – дәрігер. Ажар Ғиният қазақстандық­тарды тезірек вакцина алуға ша­қырды. Сондай-ақ «омикрон» және «тұмаудың» ұқсас­тығын ескере отырып, азаматтарды дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге үндеді: «ЖРВИ белгілері пайда бол­ған кезде үйде болуды, дәрігердің үйіне немесе мобильді бригадаға қоңырау шалуды сұраймын. «Омикрон» нұсқасы өте жұқпа­лы, тез таралатынын, бірақ уа­қы­тылы емделсе, емхана дең­гейінде оңай емделетінін ес­теріңізге саламын. Әрине, ек­пенің алғашқы курсын алу керек, ал 6 ай бұрын вакцина ал­ған­дар қайта екпе алуы қажет»,– деп түйді Денсаулық сақтау министрі.