4 миллион теңге айыппұл арқалады
4 миллион теңге айыппұл арқалады
460
оқылды
Былтыр 21 желтоқсанда Өскемендегі Титан магний комбинаты (ТМК) аумағында түсініксіз қызғылт түтін ауаға тарап, жұртшылықты алаңдатқан еді. «ТМК-да цехта жарылыс болды, бетпердесіз далаға шықпаңыздар, терезені ашпаңыздар» деген аудио жазбалар WhatsApp желісі арқылы тұрғындар арасында кең тараған болатын. «Бүгін сағат 12.00-де департаментке шағым түсті, 12.15-те мамандарымыз оқиға орнына барып, жер қабатына өлшеу жүргізді. Хлор шекті мөлшерден 4 есе артып кеткені анықталды. Қазір біз жоспардан тыс тексеру жүргізуді ұсынып отырмыз. Тұрғындарға терезені жабық ұстауларын сұраймыз» деген еді сол кезде облыстық Экология департаментінің мамандары. Иә, сол кезде Экология департаментінен басқа бірде-бір ресми орган аталған жағдайға түсініктеме бермеген еді. Ал Титан магний комбинаты әуелде мүлде үнсіз қалып, кешке қарай кәсіпорынның еңбекті қорғау, қоршаған орта және төтенше жағдай бөлімінің басшысы Ринат Әміров: «Комбинат аумағында ешқандай апат болған жоқ. Біз штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз» деп қысқа ғана жауап берген еді. Дұрысы, қандай да бір апаттың болғанын жоққа шығарған болатын. Алайда өндіріс орнының басшылығы қанша жерден мойындағысы келмесе де, соңынан қызғылт түтіннің осы кәсіпорынға қарас­ты цехтардың бірінен ауаға тарағаны расталды. Айтпақшы, кәсіп­орын түсініксіз түтін ауаға тараған күні тексеруге келген комиссия мүшелерін ғимарат аумағына кіргізбей қойған екен. «21 желтоқсанда ТМК аумағында қызғылт түтін шыққанда өндірістік қауіпсіздік және төтенше жағдай саласы мамандарымен бірлесе жұмыс жүргіздік. Бірақ ол күні кәсіпорынға кіре алмадық, сағат 17.00-ден кейін онда жұмысшылар болмады. Мұндай жағдай бізде жиі кездеседі. Мұны білмейтін жұртшылық бізді сөгіп жатады. Сондықтан алдағы уақытта жоғарыда аталған сала мамандарынан арнайы комиссия құрылса, комиссия мүшелері төтенше жағдай кезінде кедергісіз жұмыс істесе жөн болар еді», – дейді облыстық Экология департаментінің директоры Данияр Әлиев. Өскемендік эколог, қоғам белсендісі Дәулет Асанов өндіріс орнының комиссия мүшелерін нысанға кіргізбеуі дұрыс емес екенін, мұның күмән туғызатынын айтады. «Кәсіпкерлік туралы» кодексте «тексеріс кәсіпорынның регламенті бойынша жұмыс уақытында өткізіледі» деп жазылған. Былай қарасаңыз, зауыт тәулік бойы жұмыс істейді. Кәсіпорын «басшылық қызметкерлер сағат 5-ке дейін жұмыс істейді» деп сылтауратып кіргізбей қойған секілді. Құдай сақтасын, егер түнде зауытта жарылыс болса, «біз сағат 6-ға дейін ғана істейміз» деп кіргізбей қоя ма комиссияны? ТМК қулық жасап, дәл апат кезінде ешкімді ішке кіргізбей қойды. Егер комиссия мүшелері сол кезде ғимаратқа кірсе басқаша қорытынды берілер ме еді?! Өйткені өз көздерімен көрер еді ғой. Ал ТМК-ға комиссия ертеңінде барды. Кәсіпорын түнде бәрін ретке келтіріп қоюы әбден мүмкін. Комиссия барған кезде цех іші түк болмағандай музейдей жайнап тұрған шығар. Экология департаментінің жү­гіріп жүргені түсінікті. Облыстық Таби­ғатты қорғау прокуратурасы қайда? Қал­жыр өзенінде жағдай болғанда да олар үнсіз қалып еді» деген ол «қызғылт түтін жоспарлы профилактикалық жұ­мыстардың нәтижесінде пайда болды» деген сөзге сенбейтінін жеткізді. Бірнеше күн бұрын Экология депар­таментінің өкілдері осы жағдайға байланысты жүргізілген жоспардан тыс тек­серудің қорытындысын жария етті. «Қыз­ғылт түтін титан тетрахлориді мен ванадий пентаоксидін өндіретін №2 цехтан шыққан. Өлшеу нәтижелері бойынша 21 желтоқсанда сағат 14.15-те Егоров және Шаяхметов көшелерінің бойынан 200 метр қашықтықта хлордың ауаға таралуы шекті нормасынан асып кету фактісі анықталды. Сөйтіп, Экология департаментіне түскен өтініш негізінде 2021 жылғы 21 желтоқсаннан 2022 жылғы 5 қаңтарына дейінгі кезеңге жоспардан тыс тексеру енгізілді. Департамент қызметкерлері өтініште апаттық жағдай болуы мүмкін деген мәліметтер көрсетілгенін ескере отырып, оны ШҚО Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне жолдады. Олардың 2021 жылғы 29 желтоқсандағы жауабына сәйкес, «ТМК» АҚ қатысты апаттық фактілерінің болма­ғанына және кәсіпорын тарапынан ешқандай ақпараттың болмауына байланысты тексеру іс-шаралары жүр­гізілген жоқ. Мемлекеттік экологиялық тексеру нәтижелері бойынша 2021 жылғы 21 желтоқсанда «ТМК» АҚ техно­логиялық жабдықтың 4 фурмасын қы­сым­мен тазалау бойынша жоспарлы про­филактикалық жұмыстар жүргізгені анықталды. Алайда бұл мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытын­дысы берілген жобалық шешімдерде көрсетілмеген», – дейді Шығыс Қазақ­стан облысының бас мемлекеттік эко­логия­лық инспекторы Рауан Тұраров. Экология департаменті мамандары­ның айтуынша, кәсіпорынға бір емес, үш айыппұл салынған. «Ең әуелі өндіріс орны мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 510 мың теңге айыппұл салынды. Екінші, әлеуметтік желіге тараған материалда қызғылт түсті газ ауа қоспасының артық мөлшері байқалған. Негізі, ауаға шығар алдында тазалаудан, яғни сүзгіден өтуі керек болған. Бірақ өтпеген. Бұл Экологиялық кодекстің 207-бабындағы талаптарды бұзу болып саналады. Тазарту қағида­ларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабы бойынша 1 миллион 750 мың теңге айыппұл белгіленді», – дейді об­лыс­тық Экология департаменті басшы­сының орынбасары. 2 миллион 371 мың теңге көлеміндегі үшінші айыппұл 2021 жылғы 22 желтоқ­сандағы кәсіпорынның негізгі мұржа­сының №2 цехының №5 газ тазалау құрылғысына қойылған өлшеу нәтижесі бойынша салыныпты. Өлшеу нәтижесі көміртегі оксидінің 8,9, хлорсутегінің 2,1 есеге асып кеткенін көрсетіпті.

Шығыс Қазақстан облысы