Жылу жинаған қор
Жылу жинаған қор
© коллаж: Елдар Қаба
469
оқылды
Президенттің пәрменінен кейін құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басты мақсатыхалыққа қамқорлық көрсету. Алайда осы игілікті іске құрылған қор жұмысының ашықтығын бақылау мүмкін болмаса, ғұмыры ұзаққа бармай ма деген пікірлер де жиі айтыла бастады. Бүгінге дейін қорға қанша қаржы аударылды? Салынған қаражаттың ашықтығы қамтамасыз етіле ме? Өткен аптада «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры­ның төрағасы Болат Жәмішев қор қалай жұмыс іс­тейтінін және жиналған қаржы қандай мақсаттарға жұмсалатынын айтқан болатын. Оның айтуынша, қоғамдық қор қаржысы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталады. Екіншіден, тө­тенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай ре­жимін енгізу кезінде зардап шеккен қазақ­стан­дық­тарға көмек көрсетіледі. Үшіншіден, ха­лық­тың әлеуметтік осал топтары және осал топ ба­ла­ларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қол­жетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесуге сеп­тігін тигізеді. Төртіншіден, мемлекетіміздің ау­мақ­тық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қа­за тапқан құқық қорғау органдары, арнайы орган­дар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отба­сыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қор басшысы жыл сайын қорға шамамен 100 мил­лиард теңге түсетінін тілге тиек етті. Қордың алғашқы шы­ғындары тәртіпсіздіктерде қаза тапқан әскери жә­не полиция қызметкерлерінің отбасыларына тө­ле­нетін төлемдер болады. Ақшаның бір бөлігі ауру ба­ла­ларды емдеуге де жұмсалады. Бұдан бөлек, қор құрылтайшысы болып 4 қо­ғамдық ұйым таңдалған. Олар осыған дейін де мемлекеттік органдармен бірлесіп, ден­саулық сақтау, білім және әлеуметтік са­лада қайырымдылық шарасымен тұрақты айналысып келеді. Қоғамдық ұйымдар Үкі­меттің ұсынысымен таңдалыпты. Оның айтуынша, кез келген қоғамдық ұйым қор қа­­тысушысы бола алады. Басты талап – қайы­рымдылық саласында тәжірибенің болуы. Сондай-ақ ол қор мемлекет қызметін қай­таламауы керек деп отыр. «Біз бюджет ор­нын алмастыратын ұйым болмауымыз қа­жет. Әлеуметтік салаға және басқа да мақ­саттарға арналған барлық бюджет шығыны то­лық көлемде бөлінуге тиіс. Біз қандай да бір жеке бастамаларды алмастырмаймыз. Қайырымдылық қорлары арқылы орынды қар­жыландырылатын бағдарды табу керек бо­лады», – деді Болат Жәмішев. Оның сө­зіне қарағанда, қор елімізде қызмет атқарып жүрген қайырымдылық ұйымдары арқылы жұмыс істейді. Ал азаматтар көмек алу үшін өтініш берушілерден тиісті құжаттарды жи­нап, тексеретін қайырымдылық ұйым­да­ры­на жүгінуі керек. Қазір 140 қайы­рым­дылық ұй­ы­мы өтініштерді қабылдайтын, дерек­тер­дің қайталануына, жоғалуына, тиісті жауап ұсын­бастан негізсіз бас тартуға жол бер­мей­тін электронды портал арқылы халықпен өзара әрекеттеседі. Осындай жүйе арқылы қоғамдық қор жұмысы да жариялы түрде жү­зеге асуы қажет. Қор басшысы қазір қор­дың жұмысын ұйымдастыру бойынша әлі де жұмыстар істеліп жатқанын жеткізе ке­ліп, қайырымдылық жасаушылар мен электронды түрде көмекке жүгінгендермен өзара байланыс орнататынын айтты. Бұл үшін арнайы сайт та іске қосылмақ. Ал қорды қаржыландыру жеке көздер­ден, халықаралық қайырымдылық ұйым­дары­ның қаражатынан, лотерея қызметі опе­раторының, мөлшерлемені есепке алу ор­та­лығының және басқа да монополис­тер­дің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тара­­пынан тұрақты аударымдарынан, қайы­рым­дылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік сек­­торға арналған қаражаттан жүзеге асыры­латын болады.

Қорға қанша қаржы аударылды?

Соңғы мәлімет бойынша, қоғамдық қорға 16 167 қазақстандықтан 29.3 млрд тең­ге түсті. Оның ішінде 75 заңды тұлғадан және ірі кәсіпкерлерден 19.2 млрд теңге ау­дарылған.Бұ­дан бөлек қаражатты қарапайым қазақ­стан­дықтар да аударған. Кеше Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс­тер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов қорға аударым жасаған биз­нес субъектілеріне жеңілдік берілетінін айт­ты. Ал қордың қаражатынан көмек ал­ған­­­дардың табысы қайтарымсыз алынған мүлік ретінде қаралады.

Қамқоршылық кеңесін қайта қарау керек

Қорға құйылып жатқан осы қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауы тиіс «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңес құрамына белгілі мемлекет және қоғам қай­раткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, ме­це­наттар мен еліміздің беделді оннан аса ада­мы кірген болатын. Олардың міндетіне қор­дың негізгі қызметі мен міндеттерін анық­тау, бюджетті бекіту, басқа да бақылау жә­не ұйымдастырушылық қызметтерді жү­зеге асыру кіреді. [caption id="attachment_180422" align="alignleft" width="1200"]инфографика © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Алайда қоғам арасында кеңес мүшелігіне кір­гендерге қатысты сан алуан пікір ай­тылған болатын. Экономист Айдар Әлібаевтың айтуын­ша, қор жұ­мы­сын бақылау қалай болатыны туралы ай­қын жүйе жоқ. Ал қордың Қамқоршылық кеңе­сіне кіргендерге қоғам сенімсіздік та­ны­тып жатыр. «Мүшелікке кіргендерге адам­­дардың сенетіндей себебі жоқ. Мы­салы, Аружан Саин, бұрынғы Ішкі істер ми­нистріне халық қалай сенеді? Тіпті, қо­ғам осы уақытқа дейін қаржы жүйесін талай жыл басқарып, немен айналысқаны түсі­нік­сіз адамның басшылыққа келуіне күмән­мен қарайды. Қорға түсетін қаржыны кім ба­қылауында ұстайды? Халық өзі сайла­маған адамдарға сенімсіздікпен қарауының өзі қордың қаншалықты бақылауда ұста­ла­тынын байқатады», – дейді Айдар Әлібаев. Әйткенмен қор басшысы кеңес мүше­леріне қатысты сауалға жауап беріп: «Олар­ды кім сайлады, неге халық талқысына сал­­­­мады деген секілді әңгімелер бар. Қор Мем­лекет басшысының бастамасымен құрыл­ды. Әрине, қорға қаржы аударған қо­ғам­дық ұйым немесе жеке тұлға оның қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Жи­нал­ған қаражаттың тиімді жұмсалуына қа­ты­сы Үкіметке де әлеуметтік жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан кеңес мүшелерін Үкімет бекітіп, бізге ұсынды. Өз басыма келсем, қор төрағасы ретінде қамқоршылық кеңес құрамында мен де бармын. Маған қор жұмысын ұйымдастыру, жүргізу міндеті жүткелген», – деді Болат Жәмішев. Қор басшысы Болат Жәмішев қор қар­жысын бақылау ашық болатынын да ай­тады. Оның сөзінше «Қазақстан халқына» қорының сайтында жиналған және жұм­салған қаржыға қатысты деректер ашық көр­сетіледі. Ал қорға түскен қаржы 7 отан­дық банкте болады. Яғни, қайырымдылық жа­саған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. «Қор ашыла сала алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түсті. Одан кейін kaspi.kz және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болған­дықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды. Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және ша­ғын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз», – дейді Болат Жәмішев.

Жариялылық қажет

Сенатор Нұрлан Бекназаров қор елдегі әлеуметтік мәселені шешіп тастамайтынын айтады. Бірақ қор қаржысы уақыт күттірмей тез шешім қабылдайтын қиын сәтте қажетке жаратылуы тиіс. Қаржының тиімді жұм­салуы үшін ашықтық қажет. «Талап арыздың қаралу механизмін жүйелеу керек. Әрбір бөлінген қаражат БАҚ арқылы жариялы түрде көрсетілгені жөн. Көмекке мұқтаж адам­дарды да анықтау ашық түрде жүргізілуі ке­рек. Ол үшін қордың аймақтардағы се­нім­ді өкілдері тағайындалып, солар арқы­лы кө­мек алып отырған адамдардың көмекке мұқ­таж екенін ашық түрде тексеріп отыр­ға­ны көкейге қонымды», – дейді депутат. Кеше отандық ірі бизнес өкілдерімен кез­десу өткізген Президент бүкіл қоғамдық ты­ныс-тіршілікті түбегейлі трансфор­ма­ция­лау міндеті тұрғанын атап кетті. Сондық­тан таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн екенін жет­кізді. Мемлекет басшысының айтуынша, азғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге Мем­лекет басшысы «Қазақстан халқына» қоры формализмнен алшақ болу керектігін, оның жұмысы ұзаққа созылатын бюрокра­тиялық процедурасыз болуы тиіс екенін қа­дап айтты. Бұған дейін елімізде бірнеше қайырым­дылық қорлары құрылды. Алайда қайырым­дылық атын жамылған қорлардың қаржысы жеке қалталарға өтіп кеткенін де білеміз. Сон­дықтан қайырымдылық қорлары мен ұйым­дарының жұмысын қадағалап, ашық­тығын қамтамасыз ететін арнайы мекеме керек те шығар.