Еуропарламент қарарын қалай бағалаймыз?
Еуропарламент қарарын қалай бағалаймыз?
658
оқылды
Еуропа парламенті Қазақстандағы «қаңтар трагедиясы» бойынша қарар қабылдады. Құжатта болған жайттар сипатталып, соңында бірнеше кеңес берілген. Тіпті, санкциямен үркітуге тырысқан. Үнемі Ресейді өзге елдердің ішкі ісіне араласасың деп айыптайтын Еуропа депутаттары бұл жолы қазақ елінің өзіндік проблемасына қол соғып отырғандай. Жалпы, бұл құжатқа қандай баға берген жөн? Оған алаңдаған дұрыс па? Шынымен, Еуроодақ санкция жариялап, Кәрі құрлықпен қарым-қатынасымыз күрт бұзыла ма? Жалпы, Еуропарламент қа­рары деген не? Бұл – ұйымның кез кел­­ген мәселеге қатысты ұста­ны­мын білдіретін декларативті, ұсы­ным­дық сипаттағы, заңдық күші жоқ құжат. Бұған дейін Еуропар­ла­мент сан алуан халықаралық мә­селе бойынша қарар қабылда­ған, алайда онда жазылған барлық ақыл-кеңес орындалған жоқ. 2021 жы­лы ақпан айында да Кәрі құр­лық­тың заң шығарушы органы елі­міздегі адам құқықтары бойын­ша қарарды жариялаған, бірақ біз­дің Үкімет оған қатты алаңда­ға­нын байқамадық. «Қаңтар трагедиясына» қатыс­ты ұсынылған қарарға 671 еу­ро­де­пу­тат дауыс берген, құжатты 589-ы қол­даған, 35-і қарсы шыққан, 47-сі қалыс қалған. Елде болған жағ­дайды сипаттап, сынай келе Қа­зақстан билігін адам құқық­тарын сақтауға, сөз бостандығын қам­тамасыз етуге, болған оқиғаны ха­лықаралық деңгейде тергеуге шақырады. Аталған оқиғаны 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясымен салыстырады (massacre сөзін қол­данған – қырғын). Сондай-ақ құжатта келесі кеңес жазылған: «ко­­миссияның Вице-прези­ден­тін/Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілін (VP/HR) және мү­ше мемлекеттерді Қазақстан би­лігіне соңғы оқиғалар бойынша бей­тарап және ашық тергеу жүр­гізу үшін қысым көрсетуге ша­қыра­ды».

Ішкі іске араласқаны ма?

Ал енді бұл құжатты қалай бағалаймыз? Бір елдің немесе елдер тобының басқа мемлекетте болып жатқан оқиғаларға қа­тысты ресми құжат қабылдауы нені біл­діреді? Өзге елдің ішкі ісіне араласу деген термин ойымызға оралады. Неге? Себебі Қазақстан өкілдері Еуропарламентке сайланбаған, яғни Еуропа мемлекеттерінің шенеуніктері Қазақстандағы ішкі про­цес­терге араласа алмайды. Ендеше олар қа­лайша мұндай қадамға барып отыр? Бұдан бөлек, 1965 жылы 21 желтоқсанда және 1981 жылы 9 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассам­блея­сы қабылдаған Декларациялар бойын­ша бір елдің басқа елдің ішкі ісіне тікелей не жанама араласуына тыйым салынады. Дегенмен Еуропарламент БҰҰ-ның атал­ған құжаттарын елемейтін сияқты. Ал енді құжатта жазылған кеңестерге келейік. Адам құқығы, сөз бостандығы, ашық тергеу сынды мәселелерге сөзсіз қо­сылуға болады. Бүгінде біздің қоғамға қажет шаралар. Оған қоса, қазір біраз азаматтар полиция тергеу барысында қызметтік құзыретін асыра пайдаланып, ұрып-соғуға көшкенін айтып жатыр. Осы­ған байланысты Ішкі істер министрлігі де, прокуратуралар да сенім телефондарын жариялады. Яғни, мұндай проблема бар. Алайда комиссияның «Вице-президентін/Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілін (VP/HR) және мүше мемлекеттерді Қазақстан би­лігіне соңғы оқиғалар бойынша бейтарап және ашық тергеу жүргізу үшін қысым көрсетуге шақырады» деген сөздерін қалай түсі­неміз? Бұл Еуроодақтың саяси ық­палын пайдаланып, Қазақстанның ішкі саяси мәселесіне араласу дегенді білдіреді. Бір қызығы, Еуропада заң шығаратын және оның орындалуын бақылайтын депу­таттар халықаралық құқыққа қайшы ке­летін сөздерді ресми құжатқа жазған. Еуропарламент Ал біздің Үкімет бұл қарарды қалай қабылдады? Әрине, келіскен жоқ. Сыртқы істер министрлігі: «....Еуропалық Пар­ла­мент­тің еліміздегі жағдайға қатысты қа­был­даған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халық­аралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз...», – деп мәлімдеді.

Біржақты баға берген бе?

Енді оқиғаға бейтарап тұрғыда қа­райық. Еуропарламент Қазақстан билігінің ескертусіз оқ атуға бұйрық беруін, бүлік­шілерді басуға әскерді қолдануын айып­тайды. Ал қаруланған содырлар тәртіп сақшыларына, қала тұрғындарына шабуыл жасап, оқ атса, онда сарбаздар мен поли­цейлер өзін және қала халқын қорғау үшін не істеу керек еді? Басу айтып, сабасына тү­суін соңына дейін күту керек пе еді? Ал­маты алаңында қару таратқан видеоларды көрдік, кейбір қарулы күштердің оқ-дәрісі сақталған қоймалар тоналған видеолар желіде тарады. Тек Алматыда 6 қару сата­тын дүкенді үптеп кетті. Осынша қаруды иеленген ереуілшілердің бетін басқаша қалай қайтаруға болар еді? Сонда 19 полицейді кім өлтірді? 2 сарбаздың басын кім кесіп алды? Ұлттық Ұланның бірнеше сарбазын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 7 қызметкерінің өмірін кім қиды? Арнайы жасақтың киімін киіп (СОБР), Талдықор­ғандағы түрмеге шабуыл жасап, күзет­ші­лер­ге оқ атып, біреуін өлтірген кім? Ал­матыда көшеде көліктерді тоқтатып, ішін­­­дегі адамдарды шеруге қосылуға күш­­­теп, бас тартқандарына оқ жаудыр­ған­дар ше? Таңқаларлығы, Еуропа парламенті өз қарарында бұл жағдайларды жазбайды. Тек 19 полицейдің өлімін қысқаша факт ретінде түртіп қойған. Қаруланған топты қарумен тоқтатпаса, оның баламалы жолы болды ма? Қазақстан бойынша жүздеген дүкенді тонап, біразына от қойғандар ту­ралы дерек құжатта айтылмайды. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан «Қазақпаратқа» берген сұхбатында Еуропарламент бұл қарарды қабылдауға асықты, олар ресми тергеудің нәтижесін күтуі керек еді дейді. Рас, сан қылмыстың ақ-қарасын ашатын тергеу жұ­мыстары әлі біткен жоқ. Оның нә­ти­же­сін көрмей біреуді ақтау не айыптау қиын. Бірақ Еуропарламент тергеудің ашық жүретініне күмән келтіріп, оны ха­лық­аралық деңгейде өткізуге шақырып отыр. Сондай-ақ Айгүл Құспанның сөзіне сенсек, Еуропарламент депутаты «Қа­зақстан халқына» қорының құрылымын нақтылауды талап етсе, енді бірі Қытаймен жақсы қарым-қатынасымызға алаңдау­шылық білдірген. Жоғарыдағы сөзімізге қайта айналып келеміз. Қазақстан билігі бүліктен зардап шеккендерге көмектесу, спорттық кешендерді салу және басқа да мақсаттар үшін ашылған «Қазақстан хал­қына» қоры туралы ақпаратты алыстағы Еуропаның бір депутатына не үшін беруі тиіс? Қандай халықаралық құжаттың не­гізінде ол депутатқа Қазақстан билігі есеп беруге міндетті? Ешқандай. Яғни, бұл көпе-көрнеу өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласу.

КСРО-ны еске алды

Еуропарламент қарарында тағы бір жайт бар. Оларды ерекше алаңдатқаны Қазақстан билігінің ҰҚШҰ әскерін ша­қыруы болған сыңайлы. Себебі құжатта ұйым аясында келген әскерді Еуропарла­мент депутаттары «КСРО-ның Чехосло­вакия мен Венгрияға басып кіруіне ұқсай­тын ресейлік интервенция» деп бағалайды. Алайда ҰҚШҰ әскерінде тек Ресей емес, жалпы 5 елдің әскері болғаны, олар тек объектілерді қорғағаны, операцияларға қатыспағаны және қазіргі уақытта барлық шетелдік әскер Қазақстан территория­сынан толық шығарылғаны жазылмаған. Бір сөзбен айтқанда, бір жақты баға бері­летін, өзінің алаңдаушылығын фактке балаған тармақтар жетерлік. Жалпы, бүгін Қазақстан өзгерістер кезеңін бастан кешіріп жатыр. Елде тек экономикалық, әлеуметтік қана емес, сон­дай-ақ саяси да реформалар да жүргізіледі деген үміт бар. Сол себепті қоғам түбегейлі бетбұрыстарды күтіп отыр. Осындай уа­қыт­та демократиялық елдердің заң шы­ғару­шы органы саналатын Еуропарламентті сынап, пропагандистік жұмыспен айна­лыс­қымыз жоқ. Дегенмен жағдайға бей­тарап тұрғыда қарасақ, Еуропарламент өз қарарын қабылдау арқылы Қазақстанның ішкі ісіне араласты. Құжатта жазылған кейбір кеңестер Қазақстан билігіне қысым жасауға, елдің ішкі процесіне «қолын са­луға» бағытталған. Сонымен қатар ли­бе­рал­ды кеңестер де жазылғанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Түптеп келгенде, бұл құжат Еуроодақ пен Қазақстан қарым-қатынасына пәлендей кері әсер ете қоймас. Себебі екі елдің энергетикалық байланысы күшті. Ал Еуропа Ресейдің мұнайы мен га­зына тәуелді болып тұрған шақта Еуроодақ бір қарар үшін өзіне көп көлемде мұнай жеткізіп отырған басқа әріптесінен айырылғысы келмейтін шығар.