Қорғансыз қорғандар...
Қорғансыз қорғандар...
817
оқылды
Бұл не деген бітпейтін то­нау?! Тәйт деп тоқтау салар, жүгенсіздікті тыяр жан та­был­май ма? То­нау дегенде еліміздің аса бай мәдени құн­­дылығы сана­латын қо­рым­­дардың – та­рихи ескерт­кіштердің ай­дың-күннің ама­нында көз ал­дымызда тоқ­таусыз, бей­берекет тоналып жатқанын айтып отырмыз. «Алтын көрсе, періште жол­дан таяр» дейді. Періштеден сада­ға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұм­ды­ғын қостағалы айтқаны» дейді ұлы Абай өзінің жиырма тоғызын­шы қара сөзінде. Періште туралы, алтын туралы бекерге сөз қозғап отыр­ған жоқпыз. Өйткені қор­ған­сыз қалған қорымдарды то­нау­дың түп төркіні тікелей алтын­ға қатысты екенін ішіңіз сезіп отыр­ған болар? Иә, бәрінің кө­кейін тескені – алтын. Алтын бұйымдар.

Қорған тонау да кезең-кезеңге бөлінеді

Еліміздің археологтері мен тарихшыларының сөзінен түй­геніміз, ерте замандағы қорым тонаушыларды қызық­тыр­ғаны, әлі де қызықтырып жүргені – негізінен қола дәуі­рінің соңын­дағы, сақ дәуірі, көне түркі дәуірі ке­зеңінің ескерт­кіштері. Бір қы­­зы­ғы, қызығы емес-ау, өкі­ніштісі қорымдардың тоналуын бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Әуелгі кезең – қорымдардың өз заманында, нақтырақ айтсақ бір халықтың орнына бір халық келген кезде тоналуы дер едік. «Кезінде сақ тайпалары пат­шаларын «алтынмен аптап, кү­міс­пен күптеп» жерлейтінін сақ­тармен бірге өмір сүрген, кейін іле-шала тарихи аренада болған ғұндар, үйсіндер, қаң­лылар, көне түркілер барлығы жақсы білген» деп еді бір сұх­батында Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан «Алтын адам» тапқан белгілі археолог Әбдеш Төлеубаев. Бұл кезеңді түсіндіруге ғалымның осы сөзі жеткілікті секілді. Екінші кезең – қорымдардың аяусыз тоналғаны, аруақтардың қорланғаны десек те болады – І Петр заманы. Әрқайсысында 300-400 адамнан болған 30-40 жасақтың қазақ-қырғыз даласын түгел шарлап, ат аяғы жеткен жер­­дегі қорымдарды түк қалдыр­май тонап, табылған алтын бұйым­дарды, құнды жәдігерлерді патшаға жеткізгені белгілі. Ре­сей­дің Санкт-Петербург қаласын­да­ғы Эрмитаждағы «І Петрдің кол­лекциясы» деген залдағы 2 мил­лион жәдігердің Шығыс Қазақ­стан­нан барғаны бұған дейін ай­тылып, жазылды. Ал Эрмитаждың жертөлесінде қаншама құпияны бүгіп, сары майдай сақталып жат­қандары қаншама?! Үшінші кезеңді ХХ ғасырдағы С.Сорокин, С.Черников секілді ресейлік археологтердің қазақ да­ласындағы қорғандарды тауып, ашып, зерттеуімен байланыс­тыру­ға болады. Тонаушылардың төртінші кезеңі қазіргі уақыт. Яғни, сізбен, бізбен бірге бір елдің суын ішіп, ауасын жұтып жүрген – алтынды көріп, жолдан тайған, тамырлы та­ри­хыңды тәрк, мәйекті мәде­ниетіңді мансұқ еткен, қазынаға құныққан замандастарымызды осы төртінші кезең тонаушылары­ның қатарына қосуға болады.

Бір-ақ түнде тонап кетті

Жақында «Зайсан ауданында­ғы еліміздегі үшінші Алтын адам табылған Шілікті жазығындағы қорғандар тоналып жатыр» деп дабыл қақты жергілікті тұрғын­дар. «Зайсан ауданы – археоло­гия­лық қазбаға бай өңір. Өкініш­тісі, Ал­тын адам шыққан Шілікті өңірін­дегі обалар еш қараусыз жат­қалы қашан?! Міне, елдегі аумалы-төк­пелі шақта ұлттық құн­дылық­тар мен мәдени мұраға ай­налған оба­лар еш зерттеу көр­мей тоналып жатыр. 2021 жылдың күз айында бір топ археолог пен облыс әкі­мі келіп, 2022 жыл­ға археоло­гия­лық қазба жұмыс­тарын жос­пар­­лаған обаға жа­қында қарақ­шылар түсіп, қазып, обаны қайта көміп кетіпті. Обадағы патша не патшайым жатқызылатын табыт ағашы да шашылып, бетіне шы­ғып қалған. Обаның топырағы да қопарылып жатыр. Былтыр қара күзде тағы бір оба тап осылай қа­зылып кет­кен екен. Мынау –то­налған екін­ші оба. Енді үшінші оба да осылай қазылуы мүмкін» деп жанайқайын өзінің Facebook парақшасы ар­қылы жеткізіпті жергілікті қоғам белсендісі, журналист Еркебұлан Зағыпаров. Біз мәселенің мән-жайын, анық-қанығын білмек ниетпен «Берел» мемлекеттік тарихи-мә­дени қорық-музейі директоры­ның міндетін атқарушы Алмас Сарбасовқа телефон арқылы хабарластық. Өйткені 2017 жылы «Берел» музейінің жанынан Шілікті бөлімі ашылған болатын. «Шіліктіге Катонқарағайдан ар­найы келіп, жергілікті полиция, прокуратура өкілдерімен, ауыл әкі­мімен бірге жағдайды өз көзім­мен көрдім. Тонаушылар ертерек­те тоналған бір үлкен қорғанды түнде қазып, қайтадан жауып кет­кен екен. Әлеуметтік желіде жа­зылғандай, бұл қорған биыл қазба жұмыстары жоспарланған қорған емес, өз алдына бөлек қо­рым. Енді бір жағынан тонауға ұшы­раған деп нақты айту да қиын, алайда «тонаушылар тари­хи мұра нысанын бүлдірді» деп айта аламыз. Біздің топшы­лауы­мызша, қорғанды бүлдірген аза­маттар бұған арнайы дайындал­ған, жердің астын зерттейтін қым­бат құрылғылары да болған секілді. Әйтпесе, бір түнде қазып, оны қайта жабу оңай шаруа емес қой. Жай адамдар бұлай істей алмайды. Жергілікті халық «бұған ауылға соңғы жылдары көшіп келген адамдардың қатысы болуы мүмкін. Бұрын мұндай жағдай болмайтын» деп отыр. Енді мұны құқық қорғау қызметкерлері анық­тайды. Біз өз тарапымыздан Зайсан аудандық полиция бө­ліміне арыз тапсырдық. Аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Іздестіру жұмыстарын жүргізеді», – деді Алмас Сарбасов. Оның айтуынша, Шілікті жазығында 100-ден астам қорған болса, соның 38-і «Берел» му­зейіне қарайды. «Тасбастау ауы­лындағы бір үйді жалға алып, ша­ғын музей ашқанбыз. Ішіне Шіліктіден шыққан жәдігерлер қойылған. Оның арасында түп­нұсқа жәдігерлер де бар. Зайсан ау­данының мектептерінің оқу­шы­лары музейге келеді. Өз ойым, болашақта Шіліктіде Берел­дегідей жеке музей салынғаны дұрыс деп ойлаймын», – дейді ол. Дегенмен археолог Әбдеш Төлеу­баевтың есебінше, мұнда сақ-үйсін дәуірінің 200-ден асатын ескерткіші бар, соның 50-ге жуы­ғы ақсүйектер мен патшалардың қорымы көрінеді. Демек, мемле­кеттік мекемелердің өзі Шілік­ті­дегі қорғандар мен обаларды толық есепке алмағанға ұқсайды. Немесе археологтің айтқаны қате. Бірақ бұл басқа әңгіме.

Шіліктіде музей ашылады деп еді...

Музей демекші, Шіліктіде музей салу мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп жүргенімен, ше­шімін таппай келеді. Жергілікті зиялы қауым өкілдері мұнда музей салу жөнінде ең әуелі сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің, кейін облыс әкімі Даниал Ахметовтің бірнеше рет айтқанын айтады. Был­тыр сол уақытта «Берел» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директоры болған, қазір облыстық Мәдениет басқарма­сының басшысы қызметін ат­қа­ратын Нұрболат Ахметжанов Шіліктіде сапар орталығы салы­натынын сөз еткен еді. «Еліміздің барлық жетекші музей қорық­та­ры­ның аумағында визит орта­лық­тардың құрылысы, музейфикация жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Түркістан облысындағы «Оты­рар» және Алматы облысын­дағы «Таңбалы» визит орталықта­ры­ның құрылысы аяқталды. Биыл «Ұлытау», «Гаухар ана», «Ор­­дабасы» және «Сауран» му­зей-қорықтарының визит орта­лықтары құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге 2021 жылдан бастап «Есік», «Берел», «Шіліктіні» іске қосуды көздеп отырмыз» деген болатын бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2021 жылы ОКҚ алаңында өткен есеп беру кездесуінде.

ТҮЙІН:

Біз «Шіліктіде музей салына ма, әлде сапар орталығы бой кө­тере ме?» деген сұрақты Шығыс Қа­зақстан облыстық Мәдениет басқармасының өкіліне қойдық. Басқарманың бөлім басшысы «Бұл мәселені тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің директоры Талғат Сүлейменов біледі» деп жөн сілтеп еді, Талғат Сүлейменов «Мұны «Берел» музейінен сұ­раңыз­дар. Шілікті бізге қарамай­ды» деді. Ал «Берел» музейі өкілінің жауабын жоғарыда бердік. Қыс­қасы, Шіліктінің жағдайы «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп тұрған се­кілді. Сонымен, Шіліктіге музейді кім салар? Әзірге бұл сұраққа жауап табылмай тұр...

Шығыс Қазақстан облысы