Шыңқуат Байжанов: Жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны көп
Шыңқуат Байжанов: Жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны көп
1,044
оқылды
Елімізде «Қаңтар трагедиясына» қатысы барларды анықтау мақсатында ауқымды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бүлікке байланысты күдікке ілінгендердің саны 8 мыңға жуық. Дегенмен көпшілік арасында жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болғандар жайында көп айтылады. Тергеушілердің де қолға түскендерді сұрақ-жауап алу кезінде ұрып-соғатыны жиі айтылып жүр. Алматыдағы оқиға кезінде құрықталып, тергеліп жатқан азаматтарға ара түсіп жүрген адвокат Шыңқуат Байжановпен осы мәселелер төңірегінде сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Шыңқуат Шегемұлы, ара-тұра әлеу­мет­тік желідегі парақшаңызда «Қаңтар тра­гедиясы» кезінде істі болғандарды тер­геудің барысы туралы мәліметтер салып тұра­сыз. Оларға қандай айыптар тағылған? Жал­пы, тергеу қалай жүріп жатыр? – Дәл қазір менің қорғауымда 5 азамат бар. Олардың екеуі Алматы қаласындағы тер­геу изоляторында (СИ-18), ал қалған үшеуі Жамбыл облысындағы тергеу изоля­торын­да қамалған. Өйткені соңғы 3 азамат Алматыдан Отарға жеткен тұста ұсталған. Енді оларға тағылған айыптарға келетін бол­сақ. Менің қорғауымдағы жігіттердің бі­рін Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бө­­­лігіне сай кінәлі деп таныған. Нақ­ты­лап айтқанда, ол жаппай тәртіпсіздікке қа­тысу, билік өкілдерінің заңды талап­тары­на бағынбау, күш көрсету деген күдік­пен ұсталған. Ал екінші азамат митингтен кейін таксимен үйіне келген. Кейін әлгі азамат мінген автокөлікті тексеру кезінде қару-жарақ дүкендерінің бірінен ұрланған қару табылған. Жолаушы бола тұра, менің қор­ғауымдағы азамат та Қылмыстық ко­декстің 291-бабы 3 және 4-бөлігі бойынша кі­нәлі деп танылды. Осылайша, ол такси­мен жолаушы ретінде үйіне жеткені үшін жүр­гізушінің сыбайласы ретінде істі бол­ды. Жамбыл облысында қолға түскен жі­гіт­тердің де жағдайы осыған ұқсас. Отар жақ­­та менің қорғауымдағы 3 жігіт мінген ав­токөлікті тоқтатып, тексерген. Мұнда да автокөліктен Алматыдағы бүлік кезінде ұрланған заттар табылған. Бұл жігіттер әлгі заттарға қатысы бар-жоғын анықтау мүм­кін болмай тұр. Қазір олардың үшеуі де Жам­был облысындағы уақытша ұстау изоля­торына қамалған. Алматыдағы тер­геу изоляторында отырған 2 жігіт өз кінә­сін мойындаған. – Соңғы жазбаңызда оларға тексеру ке­зінде күш қолданғанын айттыңыз. Бұл ақпарат қаншалықты рас? – Әлгі жігіттердің айтуы бойынша, тер­геу кезінде ұрып-соғу, күш көрсету бол­ған. Бір жігітке тіпті күштеп «Қасымда араб­тар болды. Шетелдіктер көп болды» де­ген түсініктеме бергізіпті. Ал оның өзі ма­­ған бар болғаны Полиция депар­та­мен­тіне шабуыл жасау сәтін бейнежазбаға тү­сіріп тұрғанын айтты. Кейін бұған «тер­рористерді тасыдың» деп жала жапқан. Екін­ші жігіт те зорлық-зомбылыққа шы­да­май, «қару-жарақ ұрлауға қатыстым» деп түсініктеме беруге мәжбүр болған. Әри­не, олардың бұл уәждерінің қанша­лық­ты шындыққа жанасатынын сотқа дейін­гі тергеп-тексеру жұмыстары кезінде, сот­та нақтыланатын болады. Кездесуде әл­гі жігіттерге «істемеген істеріңді мойын­дарыңа алмаңдар» десем, олар «ұрады ғой» деп жыларман болады. – Байқауымызша, бұл істе нақақтан-на­қақ істі болғандар көп сияқты. Сіз де полиция азаматтарды басқар­ма­лары­на, бөлімдеріне күштеп әкеп жатқанын ха­барладыңыз. Демек, көпшілік арасында ай­тылып жүргендей жазықсыздан-жазық­сыз темір торға тоғытылғандар шынында көп болып тұр ғой. – «Қаңтар трагедиясына» байланысты Пре­зиденттің өзі бейбіт митингке шық­қан­дар жауапкершілікке тартылмайтынын айт­ты. Бас прокуратураға арнайы тап­сыр­ма да берді. Ендігі кезекте осы азамат­тар­дың бүлікке қатысы бар-жоғын жіті тек­серу керек. Бұларды ұрып-соғып, қорқыту дұрыс емес. Бұл тұрғыда олардың құқық­тары арнайы халықаралық конвенциямен қор­ғалатынын ескеру қажет. Конвенция заңы­на сай азаматтарды ұрып-соғып алған жауап­тың ешқандай заңды күші болмай­ты­ны да айтылған. Адвокат ретінде осы мә­селемен мұқият айналысып жатырмыз. Осы жайттарды өзімнің қорғауымдағы аза­маттардың мысалымен ғана айтып отырмын. Бірақ өзім тергеу изоляторында бол­ған кезде көрген жағдайлар жүрегімді ауырт­ты. Тергеліп жатқандардың көбі жа­раланған. Арасында жарасы жанына бат­қа­нынан әзер тұрғандары да бар. Тіпті, бі­реуін зембілге (носилка) салып алып кел­ді. Екі аяғына оқ тиген. Аяқтарын бинт­пен таңып тастаған. Негізінен жаралы адам­дар ауруханада жатып ем алуы керек қой. Күдікті болса, оларды ауруханада кү­зетпен ұстауы қажет. Оның орнына оларды түр­меге қамап тастады. Ал ондағы жағдай бел­гілі. Тергеу изоляторында бір сағат отыр­ғанымда әртүрлі дене жарақатын ал­ған 20 азаматты алып келді. Бұған дейін де Алматыдағы тергеу изоляторы аузы-мұрнынан шығып жа­та­тын. Енді бір демде 2-3 мың адамды әкеп тық­қан соң орын жетіспей жатыр. Көзімше екі жігітті ұстап әкелгендерді «орын жоқ» деп қайтарып жіберді. Менің қорғауымдағы 3 жігітті Жамбыл облысынан Алматы қа­ласына жеткізіп, істерімен танысып, ақ-қа­расын ажыратуға да тергеу изоля­торын­дағы орынның тапшылығы себеп болып тұр. Оған қоса, тергеу изоляторына жедел уә­кілдердің емін-еркін кіру фактісі де бай­қа­лады. Алайда тергеушіден басқа қыз­мет­керлердің түрмеге баруына тыйым са­лын­ған. – Бас прокуратура, Ішкі істер ми­нистр­лігі тергеу кезінде жәбір көргендерге арнайы телефон желісін құрды. Тіпті, өңірлердегі ке­зекші прокурорлардың телефон нөміріне дейін жариялады. Сіздің ойыңызша бұл шара тиімді ме? – Тиімді болатыны белгілі. Мен де өз тара­­пымнан азаматтарды прокуратура ор­гандарына арыздануға шақырамын. Ресми органдарды былай қойғанда, адам құқығы жөніндегі халықаралық ұйымдарға арыз­дану да артық болмайды. Әр істе адам тағ­­­­дыры тұрғанын ұмытпайық! – Ұсталғандарды бірнеше санатқа жік­теу­ге болады. Оның ішінде бейбіт тұрғын да, ұры-қары да, содыр да жүр. Енді олар­дың бүлікке, жаппай тәртіпсіздікке қа­ты­сын дәлелдеу қажет. Жалпы, осылар­дың ақ-қарасын ажыратуға жалғыз поли­ция­ның қауқары жете ме? – Президент айтқандай, Алматыдағы бү­лікке 20 мың адам қатысты. Бірақ олар­дың бәрі бірдей террорист емес қой. Көп болса, 400-500 бүлікші лаң салды. Олардың арнайы дайындықтан өткені көрініп тұр. Ме­ніңше, нағыз ұйымдастырушылар, тәр­тіп бұзғандар әлдеқашан елден кетіп қал­ды. Ал қолға түскендердің көбі бейбіт ми­тингке шыққандар. Оққа ұшып, ажал құш­қандар да, жараланғандар да – осы бей­біт шерушілер. Әрине, ұсталғандарды са­натына қарай жіктеп, қылмысқа қа­тысын дәлелдеу керек. Бірақ бәрін қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартпай, кей­бірін Әкімшілік кодекспен де жазалауға бо­лады. Сөз жоқ, қолға түскендердің ара­­­­сында жаптым жала, жақтым күйенің құр­баны болғандар көп. Менің қорғауым­дағы үш жігітті алып қараңыз. Бар болғаны ұрланған заттар табылған машинаға мін­ге­ні үшін жазаланайын деп тұр. Әлгі зат­тарға олардың қатысы болмауы да мүмкін. Он­ы дәлелдеу қажет. Әрине, бұл істе жалғыз полицияның қау­қары жетпейді. Мұнда адвокаттар, сот­тар мен прокуратура қызметкерлерін де жұмылдыру керек. Қоғам болып атсалысу да артық болмайды. – Әңгімеңізге рақмет!