Павлодар жұрты қаңтардың суығында дірдектеп отыр
Павлодар жұрты қаңтардың суығында дірдектеп отыр
294
оқылды

Қарапайым халыққа қаңтардың суығы қатты тиіп жатыр. Павлодардағы мыңға жуық тұрғын үйлері салынғалы қажет мөлшерде жылу берілмей келе жатқанын айтады. Соның кесірінен кемсеңдеген қарт, еңбектеген бала дірдектеп отыр. Тұрғындардың мәселесін айтып бармаған жері, есігін қақпаған кабинеті қалмапты. Бірақ, нәтиже жоқ, дейді. Дегенмен, бақылаушы орган жылуға жауапты "Павлодар энерго" компаниясына айыппұл салып, берілмеген жылу үшін қайта есеп жүргізуге міндеттеген, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Сағадат Қаниевтің үйіне көшіп келгеніне 10 жылдан асқан. Айтуынша, қыс түссе, баспанасы мүлдем жылымайды. Сондықтан, қосымша жылыту қондырғыларын қосып, қабат-қабат киініп жүреді. Оның ойынша, жылудың жеткілікті деңгейде берілмеуінің себебі - Павлодардың екі бірдей ықшам ауданының бір ғана жылу магистраліне қосылуы.
"Біз шағым жасадық. Бірақ, нәтиже бүгінгі күнге дейін жоқ, сол қалпы. Әкімдікке де ұжымдың хат жазып шағымдандық. Үш-төрт үйдің түгел тұрғыны қол қойып, әкімдікке жібергенбіз", - деді Павлодар қаласының тұрғыны Сағадат Қаниев.
Усолка шағын аудандағы бұл көп қабатты үй 1992 жылы салынған. Тұрғындар пәтеріміз содан бері қажетті мөлшерде жылымады, дейді. Жылудың мардымсыз берілгенін пәтер иелерінің бірлестігі растап отыр. Пәтер иелері кооперативі төрайымының айтуынша, дәл осы мардымсыз жылуға қатысты тұрғындардан шағым көп түседі. Бірақ өз шамамызбен пәтерлерді түгел жылытып, температураны реттеу қолымыздан келмейді, дейді. Сондықтан, тұрғын үй инспекциясына, табиғи монолополияларды реттеу департаментіне және жылу орталығына да сан рет хат жазған. Бірақ, еш нәтиже жоқ, дейді. Дегенмен, шағымдар бойынша тексеріс жүргізген бақылаушы орган жылуға жауапты мекемеге айыппұл салған.
"Тексеру қорытындысы бойынша жылу таратушы "Павлодар энерго" компаниясының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Оларға тұрғындарды жылумен толық қамтамасыз етпегені үшін 14 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, тұрғындарға берілмеген жылу үшін қайта есептеу жүргізуге міндеттелді", - деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Татьяна Цой.
Жылу жетіспеушілігін болдырмау мақсатында әкімдіктегілер былтыр Достық ықшам ауданы мен Усолка мөлтек ауданындағы үйлерге жаңа жылу магистралі тартылып, барлық мәселе түбегейлі реттеледі деп сендірген. Бірақ, жаңа көп қабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты, түйткілді түйінді әлі күнге шеше алмай отыр.