Футзалдан Грузия құрамасы Еуропа чемпионатының плей-офф раундына шықты.
Босния және Герцеговина командасымен кездескен грузиндер бірінші таймда гол өткізіп алғанына қарамастан, үзілістен кейін қарсылас қақпасына екі гол cоғып, сол есепті ұстап қалды. Нәтижесінде Қап тауының өкілдері D тобында 6 ұпайға ие болды. Енді Грузия футзалшылары кем дегенде екінші орынмен топтан шығады. Бұл топта Босния және Герцеговина құрамасынан бөлек Әзербайжан мен Испания құрамалары бар.
Осыған дейін кәрі құрлық додасының плей-оффына алғашқы екі матчта жеңіске жеткен Ресей құрамасы да жолдама алған еді. Рикардо Кака баптайтын Қазақстан футзалшыларының да турнирдің келесі айналымына шығуға мүмкіндігі жоғары. Ол үшін 28 қаңтарда жерлестеріміз Италиямен кем дегенде тең түсуі тиіс.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы В тобында Словениямен (4:4) тең түсіп, Финляндия ойыншыларын (6:2) айқын басымдықпен жеңген болатын.