Павлодарда әкімдікті шабуылдағандар ұсталды
Павлодарда әкімдікті шабуылдағандар ұсталды
415
оқылды
«Қаралы қаңтардағы» тәртіпсіздіктен келген салдарлар мен шығындарды әр өңір өзі есептейді. Павлодар облысында рұқсат етілмеген митингке шыққаны үшін 206 адамның жауапқа тартыл­ғаны анықталды. Павлодар облысы әкім­дігі­нің ғимаратына шабуыл жасалуына орай 3 қылмыстық іс бо­йынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бір адамға қа­тысты күзет­пен ұстау түрін­дегі бұлтартпау шарасы таңдал­ды. Кейіннен қылмыстық істі тергеу Павлодар облысы бо­йын­ша ҰҚК департаментіне табысталды. Бұзақы­лардың қыл­мыстық әрекеттері кесірінен облыс әкімдігіне кел­тіріл­ген залал 2 млн теңгеден асты. Облыста жаппай тәртіп­сіз­діктер кезінде азаматтық тұлға­лар тарапынан да, құқық қор­ғау органдары тарапынан да құрбандар жоқ. Облыс аума­ғын­да дүкендерді тонауға, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлауға, шағын және орта бизнес объектілерін қирату және бүлдіру фактілеріне жол берілген жоқ. Әлгінде айтыл­ған­дай, Әкімшілік кодекстің 488-бабы (Спорттық және спорт­тық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шара­ларды өткізуді ұйымдас­тыру тәртібін бұзу) бо­йынша рұқсат етілмеген митингке қа­тыс­қаны үшін 206 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 180 адам әкім­шілік қамауға алынды, тағы сегіз тұрғынға айып­пұл салынды. Төтенше жағдай кезінде ко­менданттық сағат режимін бұз­ғаны үшін 5-13 қаңтар ара­лығында Әкімшілік кодекстің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 813 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды: оның ішінде 206 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынды, 251 адамға айыппұл салынды, 565 тұрғынға ескерту жасалды. 682 адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілген соң үйлеріне жіберілді. –Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді. Ұсталғандарға білікті қорғаушылар берілді. Азаматтардан жүргізіліп жатқан тергеу және жедел алдын алу іс-шараларына түсіністікпен қарауды, тыныш­тықты сақтауды және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.